Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елінің Еркіні еді... - АРҚА АЖАРЫ

Елінің Еркіні еді…

Осындай тақырыпта Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және филармония әншілерінің қатысуымен «ҚазКСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», танымал әнші Еркін Біржановтың 80 жылдығына арналған еске алу кеші болып өтті.

Кеште Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысыАйгүл Сәбитова сөз сөйлеп, Біржановтар әулетіне алғысын білдіріп, Еркін Омарұлының жанжары Қайынжамал апаға ықылас гүлін табыс етті. Сонымен қатар, ақын-сазгер, кешегі Ақан сері мен Біржан сал, Үкілі Ыбырайлардың ізін жалғаған, Иран сал Тасқара, ел ағасы, белгілі өлкетанушы Мұрат қажы Ыдырысов, мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев сөз сөйлеп, жылы лебіздерін білдірді.

– Бүгін біз керемет кештің куәсі болдық. Шынын айтқанда, мына сахнада Еркін ағамыздың өзі ән салып тұрғандай бір әсерде болдық, барлығы да көз алдымыздан өтті. Еркін ағамыздың орындауындағы әндерді бүгінгі жас ұрпақ орындап, өз дарын-қабілеттеріне тәнті етті. Бүгінгі орындалған әндерден адамның мөлдір көңілі,адамның мөлдір сезімі, өмірдің жақсылығы, заманның кеңдігі, адамның тазалығы, адами абзал қасиеттердің  барлығы ән болып жүректерді тербеді. Артында әні қалған, үні қалған, ұлағатты ұрпағы қалған, артында қалың елі қалған Еркін Біржанов сіздер мен біздер үшін мәңгі жасайды.Құдайға шүкір, Көкшетаудың аспаны, Көкшетаудың даласы, Көкшетаудың көлі, аққуы үнсіз қалған емес, әнсіз қалған емес!– дей келіп, Жабал Ерғалиевосы айшықты ойын әрі жалғастырды.

Еске алу кешін әнші әрі өнертанушы Сәрсенбай Хасенов жүргізіп отырды. Концерт барысында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншілері, «Мәдениет қайраткері» төсбелгісінің иегерлері Гүлжан Ахметова, Жанат Есов, республикалық байқаулардың лауреаттары Шыңғыс Сәрсенбай, Аякөз Қалмағанбетова, Серікболсын Бекмолдин, Фархат Сағымбай, Мирзат Молдаханов  Еркін Біржановтың репертуарындағы әсем әндерді әуелете шырқады. Жиналған жұртшылық ән болып төгілген әрбір нотадан, әншілердің дауыс иірімдерінен, орындау мәнерінен, сағынышқа айналған сүйікті әншінің бейнесін көргендей болды. «Орнында бар, оңалар» демекші, осы кеште Еркін Біржановтың ұлдары Сәкен мен Дәурен Біржановтар, немерелері Әрсен, Хасан, Айару мен Адиналар өздерінің өскелең өнерлерін ортаға салды.

Саусағынан саз сорғалаған, дәулескер күйші Сәкен Біржанов оркестрдің сүйемелдеуімен «Айсұлу» операсынан Серке кавантинасын, Дәурен Біржанов прима-домбыра аспабында «Бозторғай» шығармасын нақышына келтіре орындап, көрермен қошаметіне бөленді. Қимастыққа толы сағыныш сезімінің бебеулеп жатқан күйлермен астасып, бірде күңіріне боздап, енді бірде жүрек қылын шертер мөлдір музыкамен өрнектеліп, тыңдарманның өн бойын сөз жеткізгісіз жылылыққа бөледі. Күй болып төгілген сағыныш, әкеге деген ынтызар көңіл, жылдар өтсе де суымайтын балалық іңкәр сезім тыңдарманын толқытты. Еркін Омарұлының Сәкен мен Дәурен есімді ұлдары әке ізін лайықты жалғап жүрген асылдың сынығы, өнерде өзіндік орны бар өнерпаздар. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген осы болар, сірә.

Егіз қызғалдақ Айару мен Адина да ата жолын қуып, өнер саласында дарын-қабілеттерін шыңдауда. Флейта аспабын меңгерген Әрсен болса, бүгінде ел қошаметіне бөленіп жүрген жас дарын. Бұл кеште Біржановтар әулетінің  кішкентай Хасан есімді жауқазыны да өнерден құралақан емес екендігін танытып, фортепиано аспабында ойнап, көрермен көзайымына айналды.

Бар ғұмырын өнермен өрнектеп, Көкшені әнге бөлеген Еркін Біржановтай өнерпазын еліешқашан ұмытпайды. Бұл еске алу кеші осының айқын бір дәлелі болды!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар