Елеусіз қалсаң өмірде…

Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театры түріктің атақты жазушысы Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» деп аталатын драмасын сахналады. Қоюшы режиссері Аян Әлімбаев, қоюшы суретшісі Майра Топанбаева, биін қойған Ғазиза Әлімбаева.

Жақсысы да, жаманы да, көргендісі де, көргенсізі де бар, асығып-аптыққан мынау аласапыран өмірде не болып, не қоймай жатыр дейсің, шіркін?! Бүгін асығы алшысынан түсіп, ел-жұрттың ардақтысы болып, алшаң басып жүрген жанның бір сәт басынан бағы тайып, шеттеп, елеусіз болып қалуы да мүмкін-ау!..Бір уақ қолы жүріп, жолы болып, танымалдығы тасып, дәурені асып тұрса, енді бір уақ берекесі кетіп, мүсәпір, мұқтаж жанға айналуы да ғажап емес. Тіпті кейде, «жығылғанға жұдырық» демекші, тосын оқиғалар кезігіп, қайғыңның қоюлана түсетіні де болады. Тек, қашан болсын, адалдықтан айнымауың, адамгершіліктен аттамауың жөн. Сонда тағдыр сынағынан сүрінбей өтіп, алдыңнан саңылау көрініп, жаңа өмірің басталмақ. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда адам баласына қолыңнан келгенше жақсылық жасай бергеннен артық ештеңе жоқ-ау, жалғанда.Міне, «Елеусіз қалған есіл ер» драмасының айтар ойы – осы. Қойылым жай драма емес, терең толғанысты, шиеленісті, психологиялық драма жүгін арқалап тұрғандай.

Жазушы сахнада адамдар мінезі, ой-өрістері, пиғыл-ниеттерінің әртүрлілігі арқылы тартыс, дау-дамай туғызудың асқан шебері. Доктор (актер Төлеубек Көңбай), оның жас әйелі (актриса Ғалия Қорабаева), ассистент (Самат Шаймерденов) арасында туындап, бел алған конфликт әбден ширығып, шарықтау шегіне жеткендей болады. Алайда, осы тұста күтпеген жерден адам шошырлық «жаңалықтар» бірінен соң бірі орын алады. Доктордың жас әйелінің жас ассистентпен әуейі болуы өз алдына, енді, оның қызы әйелі бар адамға ғашық болып, кездесе бастайды. Қырсық шалғанда одан аяғы ауыр болып қалады. Бірақ, өзі опасыздықтан опырылып жүрген даңқты хирургке бұл соққы да аз екен…Өз қызы өзіне аборт жасауға мәжбүрлейді. Масқара!.. Керек десеңіз, ол қасірет те аз екен. Соқырдың жанарын жарқыратқан әйгілі профессор ота жасау үстінде өз қызын өлтіріп алады. Жүрегі әлсіз екен, бейбақтың… Қылмысы мойнына қойылып, түрмеге түседі. Көзінің қарашығындай қызына жамандық ойлаған жоқ қой, өз қайғысы өзінің иығында. Бірақ, заңның аты заң.

…Оқиғаның осылай өрбу себебі бұған дейінгі кейіпкерлердің жүйке жұқартқан, жүрекке салмақ түсірген диалогтардан белгілі болған. Неге профессор өз әйелінің шәкіртімен кездесіп, көңіл қосып жүргенін сезсе де шу шығармады? Өйткені, оның бүкіл ел білетін аты бар, әне-міне, мемлекеттік сыйлық алғалы жүрген жайы, қоғамда орны бар. Сондай, абырой-атақ биігіне шығып, енді еңбегім жанады дегенде жаман атын шығарып, абыройын төккісі келмейді. Енді қайтсін, пенде емес пе? Сол себепті көзіне шөп салған келіншегінің қылығын көтеруге мәжбүр. Бұл – оның осалдығы. Алайда, бар қиналысы ішінде. Ол жәйтті білсе де, білмегенсиді. Қызына ондайдан хабарсыз адам ретінде көрінеді. Бірақ, бұл жағдай қызының намысына тиеді. Әке мен баланың арасында аса ширыққан, ауыр әңгіме болады. Сөйтіп жүріп…сөйтіп жүріп, қыз өзі әйелі төсекте сал болып жатқан адамға ғашық болып… Махаббат! Оған қандай дау айтарсың?!

Осындай  шытырман оқиғаның жетегінде отырып, 1 сағат 40 минуттың қалай өткенін білмей де қаласың. Бұл – тек мәтіннің ғана мықтылығы емес, актерлердің шеберлігі, режиссердің ұтқырлығы, қойылымға қатысқан басқа да мамандардың еңбегі.

Тәжірибелі кино және театр актері Төлеубек Көңбай ғылымға берілген, қақ-соқты білмейтін талантты профессор кейпін керемет сомдады. Оның ішкі ой-қайшылықтарын тек бет-жүзінің ғана емес, бүтін болмысымен бере алды. Ол актер ізденісі мен шеберлігінің шексіз болатындығын соңынан ерген жас актерлерге дәлелдегендей. Тығырыққа тірелген адамның жан күйзелісін шебер танытты.Ғалия Қорабаева да өз биігінен түскен жоқ. Ойы – сиқыр, қылығы – қыңыр, сылқым келіншектің образын әдемі сомдады.

Қызметші рөліндегі Санжар Ақмағамбетов, түрме бастығы рөліндегі Зүлкәпіл Батихан, спортшы рөліндегі Кәсіп Елеусіздің ізденістері көрермен қошаметінсіз қалған жоқ. Ассистент – Самат Шаймерденов, фототілші – Асланбек Шайсұлтанов, ана – Мақпал Сүлейменованың кейіпкерлері сенімді шықты. Демек, актерге қойылар талаптың бәрі өз орнында, міндеттерін мүлтіксіз орындап шықты деуге әбден болады.

Мәселе, кімді атап, кімді атамағанда емес, ұжымдық жұмыстың жемісті еңбегін көрдік. Сахнада күрделі жиһаз, тағы басқа бұйым, зат аз болса да, өмір-өзеннің ағысы, болып жатқан оқиғалар легі көрінеді. Бұған актерлердің жетік игерген қимыл-қозғалысы, пластикасы үлкен көмек болды, игі әсер етті деп ойлаймыз. Жалпы, біздің театр актерлерінің бұл мәселеде үлкен жетістігі, ізденістері, төккен терлері бар деп атап өтуіміз жөн. Өйткені, тек осы ғана емес, басқа да қойылымдарда мимика, қозғалыс, пластика арқылы актерлер көп ойды жеткізе алады. Бір ауыз сөзсіз сырт кейпімен-ақ, ішкі тебіреністі сездіру шын шеберліктің жемісі емес пе?

…Сонымен, тағдыр тәлкегіне ұшырап, екінші алған әйелінен ажырасып, қызынан айырылып, істі болып, талай жылы тар қапаста өткен, ешкім танып-біліп, құрметтей қоймас халге жеткен профессордың ендігі жағдайы не болмақ? Әлде, ылғи жолы болмай, қырсық айналдырып, ескерусіз қалған адамдар жиналатын кафеге барар ма?..Сондағы, өштерін ішімдіктен алғандармен бірге күңірене күйзеліп, мұңын әркімге шағып отырар ма? Жоқ, абырой болғанда жақсылығы алдынан шығады. Бұрын су қараңғы соқыр баланы кезекке тұрмас үшін үйіне алып келіп, ота жасап, көзін ашпап па еді? Соның анасы «Бізге жүріңіз, сіздің біліміңіз, тәжірибеңіз халыққа керек» деп, ерекше құрметтеп, оны шақырып, алып кетеді. Бар жиған-тергенін, зәулім үйін өзін жерге қаратқан жас әйеліне тастап, ол адал ниетті ананың өтінішін орындауға, көпшілікке қызмет істеуге бел буады. Абай айтқандай, қайғы-қасіретін адал еңбегімен жеңбек.

Міне, жергілікті театр осындай бір терең тағылымды, толғанысты қойылым ұсынып, қуантты. Премьера құтты болсын!

                                                               Серік САПАРҰЛЫ,

                                           «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік Ескенов.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар