Светлана Жалмағанбетова

Бүгінгі айтар сөз бен айтар ойдың бәрі де осы бір ғана «Светлана Жалмағанбетова» деген есім мен  тектің аясына сыйып-ақ тұр! Өйткені, ол тұлға! Біз әңгіме еткелі отырған Светлана Жақияқызы Жалмағанбетова  біздің дәуіріміздің және біздің өткен кезеңіміздің абыройы мен тарихы, шежірелі  жылдар жылнамасы мен келер күндердің  жыр дәптері.

***

Әуелгі сөзді әулиелерден бастайын. Дүниеден көшкенімен көз алдыңнан жарқын да жылы жүздері кетпейтін, санадан көңілдері мен ықылас ниеттерінің іздері өшпейтін Бәйкен аға Әшімов, Кенжеғали Сағадиев, Мақтай Сағдиев, Кәкімбек Салықов сынды қазақтың алыптары өз тіршіліктерінде Светлана Жалмағанбетованы  «Света», «Светажан» деп өз қыздарындай еркелете ұстап, еркелете айтатын сәттері қазір сағыныш енді. Өз басым осы бір ағаларымның Светлана Жақияқызын үнемі ерекелете ұстар кездерінің куәсі де болдым. «Әлгі біздің Света қалай, аман ба?» деп жатушы еді жарықтықтармен кездескен сәттерімде.

Ағалары еркелетіп, «Света» деп  дүниеден өтті. Бір ғажабы, сол ағалардың Светлана Жалмағанбетоваға деген әкелік мейірімдері сарқылмай кетті. Осы абзал жандардың Светасы осы бір әрқайсысы дана да дара абыздардың көңіл төрінен қалай орын алды деген ойдың сұрағына да жауап іздедім.Ойлаймын, бәлкім сол Света осы бір ағаларының әрқайсысының тұлғасынан өз әкесінің бейнесін таныған да шығар. Әкеге деген қыз баланың ыстық жүрегінің сарқылмайтын мейірімі мен махаббатын да Светлана Жақияқызы осы ағаларына арнады.Және де жалғыз бұларға ғана емес, Светлана Жақияқызы қазақ елінің кез-келген асылдарының алдында өзін солардың бір перзентіндей ұстады, солардың бір қыздарындай ұстады. Әр адамның алдындағы өзінің кісілік және адами парызын терең сезіне білді. Сол үшін де ол өзінің ақыл-парасатымен қазақ халқының сүйікті де абыройлы қызына айналды.Туған халқының Светлана Жалмағанбетоваға деген сүйсінісі мен сүйіспеншілігі қашан болсын және ешқашан сарқылмайтыны бар!

Ал, енді біздің Қараөткел мен Көкшетау өңірі үшін Светлана Жалмағанбетова осы екі елдің төл перзентіндей болып кетті. Қараөткелде туып, өзінің бар саналы ғұмыры кешегі Целиноград, одан кейінгі Ақмола облыстарымен тығыз байланысты болса, Көкше елінде тынысы ашылып, қанатын кеңге сермеп, алашқа танылған кезеңдерді өткерді.

«Мен Көкшенің қызымын!» дейтін Светлана Жақияқызы, сол Алаштың Светлана Жалмағанбетовасы өзінің Көкшемен биік екендігін сұңғыла көңілімен терең сезініп, сол Көкшетауды енді өзі де асқақтатып, биіктетіп сөйлейтіні бар. Орынды!Әбден орынды!

Және де «менің Көкшем!» деп сөйлеп тұрар Светлана Жақияқызының сол сәтте бал-бұл жанған жүздерінен жалғаны жоқ жан тазалығын аңдар едіңіз.Жалғаны жоқ дегеннен шығады, Светлана Жақияқызы сол жалғаны жоқ мінезімен біреуге жаққан да болар, біреулер оның ашығын айтып, анығын басып айтатын, мәймөңкелеуді білмейтін турашылдығын сөккен де болар. Не десек те, ол өзінің сол жалғаны жоқ жанымен адалдықтың ақ патшайымы болып, ел есінде қалды.

Көкшеліктер, біз Светлана Жалмағанбетованы 1999 жылдан біле бастадық. Өздеріңіз білесіздер, 1997 жылы Көкшетау облысы таратылып, тұтас Көкше өңірі әуелі Солтүстік Қазақстан облысына қарап қалды да, 1999 жылы Көкшетау қаласы Ақмола облысының орталығы мәртебесіне ие болды.Бұл тарихи шешімнің нәтижесінде Қазақстанның жас астанасы сол кездегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласынан Ақмола облысының бар әкімшілік жүйесі Көкшетауға жүктерін түсіре бастады. Көш басында –Кулагин! Маза таппай ол да Ақмоланың көш керуенін жаңа орынға орналастыруға келгенде өзіне тән іскерлік таныта білді. Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагиннің соңынан еріп келген біраз орынбасарларының арасында осы Светлана Жалмағанбетова да бар еді. Және де ол бізге әкім Кулагиннен кейінгі беделі зор, ықпалды бір адам ретінде көрінді.Анығында солай екен.

Көкшенің Баян Жанғалов, Естай Мырзахметов, Чапай Әбутәліпов, Орынбасар Назаров, Қайырлы Құрмановсынды абыз ағаларының батасын алып,осы ел жақсыларының да «Светасы» болып сіңісіп кетті. Және де Көкшенің ел аналары Рауза Бәйкенова, Жібек Бағысова, Райса Тасжанқызы, Қазима Өмірәлина сынды ардақты жандардың тап бір туған сіңілісіндей болыпсыйласты. Сол сыйластық әлі де сол күйінде!

Көкшенің үлкен-кішісі сол Светаның бойынан әлдебір тектілік пен  әлдебір әділдік пен адалдықты тани білді. Және сол сенім қалың елді алдамаған да еді. Ол, яғни, Светлана Жалмағанбетова өзінің міндетін де, өзінің ел алдындағы адами парызын да адал атқарып,сенімге кіршік түсірмеді.Әлі де сол сыйластық пен сол сенімнің ыстық ықыласы суымай келе жатыр.

Ақмолалықтар үшін біз жаңа ортамыз, біз үшін олар жаңа демекші, екі елдің бірігуі алғашында оңай да болмағаны анық. Түрлі көзқарастар мен түрлі пікірлер болды. Екі жыл бойы облыс орталығы мәртебесінен айырылып қалған Көкшетау қаласының жүдеу тарта бастағаны да анық.Ақиқатын айтар болсақ, осы екі елдің халқының бір-бірімен тез арада араласып, ортақ тіл табысып кетулеріне әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова зор ықпал етіп, өлшеусіз еңбек сіңірді. Өңірдің барлық әлеуметтік және идеологиясы мен мәдениеті, білім беру саласы бар, солардың қызметіне жауап беретін әкімнің орынбасары Светлана Жалмағанбетова ақмолалық шенділердің арасында  ылғиына қалың халықтың бел ортасында көп жүрді.

Бар шаруасының қиюы қашып, берекесі кете бастаған облыс орталығы Көкшетаудың барлық әлеуметтік саласын, білім беру мен мәдениет жүйесін қалпына келтірудегі Светлана Жалмағанбетованың жанқиярлық еңбегі әрдайым жоғары бағалауға тұрады. Ең бастысы, осы сала қызметкерлерінің шынайы жанашыры бола білді.Қалың елдің басын қосып, біріктіре білді. Қазір де осы Светлана Жалмағанбетованың іскерлігін, талап қойғыштығын, ұйымдастыру қабілетін,керек жерінде сілкіп те алатын, керек кезінде қорғап, жаны ашып шыр-пыры шығатын қасиетін де іздейтін болдық, тіпті сағынамыз да!Кезінде пендешілікпен байқай алмаған адами зор қасиеттерімен осы күндері  Светлана Жақияқызы көңіл көкжиегінде сәт сайын биіктеп барады. Ол биіктеген сайын өткен сол күндер мен сол кезеңдер де  алыстап барады. Жалмағанбетова сынды жақсы адаммен есте қалған күндер енді сағыныш!

Бағы жанып, Светлана Жалмағанбетова 2003 жылы Парламенттің Сенатына депутат болып сайланды. Бес жылдық депутаттық қызметінен кейін 2008 жылы  сенаторлыққа қайра сайланып, елдің зор сеніміне ие болды. Ал, 2011 жылы мен де сенаторлыққа сайланып, Парламентке кіргенімде Светлана Жалмағанбетова алдымнан шықты.Екеуміз де Ақмола облысының депутаттарымыз. Көкшетауда жүргенімізде қызмет бабында бірі-бірімізбен кей мәселеде пікір таластырып, керіспесек те, келісе алмай қалатын сәттеріміз болып жүрген-ді.  Сол үшін де осы Парламент қабырғасында бір-бірімізден кешірім сұрасып, көңілдегі кірбіңдерімізді шайып тастап, тазарып шыға келдік.Сол тазарған әппақ көңілімізбен осы күнге шейін сыйласып келе жатқанымызға шүкіршілік қыламыз!

Байқаймын, Сенатта да Светлана Жалмағанбетованың беделі мен абыройы асып тұр екен. Білімділігінде сөз жоқ! Сенатта талқыланып жататын кез-келген мәселеге келгенде Светлана Жақияқызы тартынып қалмайтын. Ойын ашық айтатын, жасқанбайтын, Жалмағанбетова қоятын сұрақтардан Сенат мінбесінде тұрғандардың талайы тосылып қалатын. Сенатор Жалмағанбетованың ойы да, сөзі де, қояр сауалы да, Үкіметке жолдайтын депутаттық сауалдары да қарапайым халықтың мүддесімен тығыз ұштасып жататын. Ол өз халқының сөзін сөйлейтін. Батыл айтатын, ойланып айтатын, әбден ақылға салып, зерделеп айтатын!

Әлі есімде, әйелдердің зейнетке шығу жасын ұлғайту жөніндегі заң жобасына әуелден қарсы болған және де қарсы дауыс берген де Светлана Жалмағанбетова болатын! Осы заң жобасын талқылау барысында айтқан ойлы сөздері Қазақстанға тарап жатты. Содан да болар, сенатор Жалмағанбетованы қолдаған Қазақстанның түпкір-түпкірінен қол жинаған әйелдердің хаттары да көп келіп жатты. Қазақстанның әйелдері оны өздерінің сөзін сөйлейтін шынайы жанашыры есебінде таныды. Жалғыз әйелдер ғана емес, кез-келген қарапайым халық өздерінің сөзін батыл сөйлейтін сенатор Жалмағанбетова деп білді. Ақиқатында солай еді!

Светлана Жалмағанбетова! Халқының сенімі мен сый құрметінің және де шынайы ақылшысы мен жанашырлықтың символына айналған есім бұл!

Светлана Жалмағанбетова! Ақмола мен Көкшетау өңірінің халқы үшін қашан болсын төрде орны бар құрметті бір қыздарының есімі бұл!

Светлана Жалмағанбетова! Бүгінгі және келер ұрпақ үшін адалдықтың, әділдіктің және туған еліміз бен туған халқымыз үшін жан аямай қызмет жасай білудің тамаша өнегесі мен үлгісі бар, ғибратты ғұмырлы және мәңгі жасауға әбден лайықты  есім бұл!

Өмір көші ұзап барады. Сол ұзап бара жатқан көштің алдыңғы сапында кетіп бара жатқан жаныма жақын жандарды іздеймін де, өмірдің жауыны мен дауылы да, ыстығы мен суығы да тоздырмаған қалпы бойын тік ұстап, адами адал ойын таза ұстап, сол баяғы кісілік те кішілік келбетінен айнымай келе жатқан Светлана Жақияқызы Жалмағанбетованың тұлғасы көз алдыма келіп тұрып алады. Әлі де кездескен сайын «сен менің бауырымсың» деп бірге туған әпкемдей құшағына алатын Светлана Жақияқызының мейірімін сағынамын! Ақын Кәкімбек Салықовтың «кездесу мен қоштасудың арасын, жалғастырып тұрады екен сағыныш» деген жыр жолдарын іштей қайталап,жаным жүдеп, жігерім жасып қалған сәтте де іздеймін, сағынамын! Өйткені, осы бір адамның, яғни, Светлана Жақияқызының тұла бойында жақсылық пен адалдықтың керемет бір таусылмайтын күннің көзіндей қуаты бар!

Сол қуат көзі ұзақ… ұзақ уақыт бойы сөнбесе екен деп әрдайым тілеп жүремін!..

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

 жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар