Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021 жылдың желтоқсан айында Ерейментау аудандық полициясы бөліміне 45 жастағы жергілікті тұрғын жүгінді. Сол кезде ер адам 2-8 желтоқсан аралығында еркін жайылымда жүрген 14 бас жылқысы жоғалғанын айтқан болатын. Мал иесіне келтірілген шығын көлемі 7,5 миллион теңгеге бағаланды.
«Аудандық полиция қызметкерлері төрт айдан астам уақыт бойы жедел-іздестіру шарасын жүргізді. Сәуірдің 12-де жоғалған жылқылардың өлексесі Қызылсор көлінен табылды. Аталмыш көл жартылай тұщы, жартылай тұзды, сол себепті су бетіндегі мұз қалың болып қата қоймайды. Жұқа мұздың үстіне шыққан бір үйір жылқының батып кеткені анықталды. Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – деді ведомстводан.