Мемлекеттік қызмет әрбір қазақстандық үшін ашық-Берген Беспалинов

Елімізде мемлекеттік аппараттың әлдеқайда бейімделгіш, ұтқырлы және бәсекеге қабілетті моделін құруға бағытталған ауқымды шаралар тұрақты негізде қабылдануда. Бұл өзгерістер – қазіргі заман талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу жүйесін одан әрі дамытып, артық бөгеттерді жоюға және қызмет бойынша көтерілуге зор назар аударылу керектігін, жалпы мемлекеттік қызмет әрбір қазақстандық үшін ашық болу керектігін айтты.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет, нақтырақ айтқанда ондағы іске асырылып жатқан кадр саясаты біршама жоғары деңгейге көтеріліп, жаңартылды. Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидатына негізделген мансаптық моделі сәтті іске асырылып келеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өзінің біліктілігі, құзыреті, қабілеттері, жетістіктері және өз лауазымдық міндеттерін адал орындауы есебінен мансаптық ілгерілеу мүмкіндігіне ие. Атап айтқанда, жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдарда өткізілген ішкі конкурстардың қорытындылары бойынша 22 мемлекеттік қызметші тағайындалса, олардың 68,18%-ы жоғары тұрған лауазымдарға тағайындалды. Бұл адал еңбекті әділ бағалау жұмысының дұрыс арнаға бағытталғанын көрсетеді.

Тәлімгерлік пен тағылымдама сияқты институттар өздерінің нәтижелілігін көрсетуде. 52 мемлекеттік қызметшіге сынақ мерзімі тағайындалып, 54 мемлекеттік қызметші тәлімгерлікпен қамтылды. 34 мемлекеттік қызметші тағылымдамадан өтті.

Облысымыздың мемлекеттік органдарында үш мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етуде. Олардың сапалық құрамы жылдан жылға артып келеді, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің 89,19% жоғары кәсіби білімге, соның ішінде 15,1% екі немесе одан артық жоғары білімге ие, олардың қатарында ғылым кандидаттары, «Болашақ» бағдарламасының, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектері, жоғары білімнен кейінгі және шетелдік білімге ие тұлғалар бар.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде мемлекеттік қызметке түсу және оны өткеру, мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша азаматтардың өтініштерін жедел әрі сапалы қарауға ерекше назар аударылады.

Облыстың мемлекеттік органдарының мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы бойынша жұмысы өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары бағаға ие. Қоғамдық мониторинг көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың жоғары қанағаттану деңгейін көрсетті.

Өз қызметінде Департамент халықпен өзара тығыз байланыста жұмыс істейді. Тұрақты негізде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, оның шеңберінде өткен жылы 11,5 мыңнан астам адамды қамтумен 212 іс-шара ұйымдастырылды. Онлайн форматта азаматтарды қабылдау жүргізіліп, көтерілген мәселелер шұғыл қаралады. Ақпараттық-түсіндіру жұмысында бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде және интернет-ресурстардағы ресми парақшалар қолданылады. Жергілікті Kokshe TV телеарнасында телевизиялық бағдарламалар, сюжеттер, тікелей эфирлер шығып отырады.

Білікті кадрларды даярлау мемлекеттік басқару саласы үшін әрдайым өзекті міндет болып қала береді. Заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызметшілер үнемі қайта даярлаудан, біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жастардың дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Біз адамдардың энергиясына, таланты мен еңбекқорлығына арқа сүйейміз. Әрбір азаматтың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін барынша қолайлы жағдай жасаймыз. Тек осылай ғана біз халқымыздың жасампаздық әлеуетін арттыра аламыз».

Бүгінде Президент жұмысшы және шығармашыл жастардың барлық бастамаларын қолдайды. Тек нақты мақсаттар қойып, қажырлы еңбек ету қажет. Осыған орай жастар арасында мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаттарын насихаттау мәселелерінде әріптестікті нығайту, сондай-ақ бастамашыл, талантты жастарды анықтау және мемлекеттік қызметке тарту мақсатында Департамент пен Жастар-ресурстық орталығы арасында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды. Меморандум шеңберінде тараптар жастар үшін бірлескен іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін адамдар үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Жастарға бағдарланған жобалардың тағы біреуі – Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі. Бұл мектеп дарынды жастарды мемлекеттік қызметке тартуға, сондай-ақ мемлекеттік органдарда жұмыс істеу дағдыларына ие болуға мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Айта кету керек, 2018 жылдан бері жалғасып келе жатқан бұл мектепті бүгінгі күнге дейін 299 студент сәтті аяқтады. Олардың арасында Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің, Гуманитарлық – техникалық академияның студенттері бар. Жалпы осы бағытта аталған жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтастық орнатылған.

Атап айтқанда Департаменттің, жоғары оқу орындарының және мемлекеттік органдардың арасында үшжақты меморандумға қол қойылып, соның аясында соңғы курс студенттерінің мемлекеттік органдарда кәсіптік тәжірибеден өтуі ұйымдастырылуда. Осы үйлесімді жұмыстың арқасында студенттер мемлекеттік қызметтің құндылықтары мен қағидаттарын түсініп, кәсіби құзыреттер қалыптастырады және біліктіліктерін арттырады.

Мемлекеттік қызметтің ең үлкен кемшілігі – қағазбастылық, жауапкершіліктен жалтару, жайбасарлық. Бұл факторлар мемлекет қолға алған бастамалардың жүзеге асуына тұсау. Қаражат мемлекеттік мекемелердің кабинетін аралап, жетер жеріне жетем дегенше сан түрлі өткелден өтеді. Осыған байланысты жуырда Мемлекет басшысы «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» жарлыққа қол қойды. Жарлықта жүйелі және қолданбалы шаралар кешені қарастырылған. Бұл шаралардың жүзеге асырылуы мемлекеттік аппаратта шешімдердің қабылдануын жылдамдатады, мемлекеттік органдардағы бірінші басшылардың дербестігі мен жеке жауапкершілігін арттырады, құжат айналымы мен есеп берушілікті қысқартады.

Атап айтқанда, жүктелген міндеттерді жылдам жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдарға нормативтік құқықтық актілерді өздерінің функцияларын заңнамалық деңгейде нақтылап жатпай-ақ қабылдауға құқық беріледі.

Заманауи Қазақстанның мемлекеттік аппараты қоғамның сұраныстарын тиімді қанағаттандырып, әрбір азаматтың өмірін жақсартуға ықпал етуге талпынады. Бұл үшін мемлекеттік қызметшілер жоғары моральдық қасиеттерге, басқарушылық талантқа ие болуы, ыждаһатты және сындарлы болуы, халыққа адал қызмет етуге, өздеріне міндеттемелер мен жауапкершіліктерді алуға дайын болуы тиіс. Осы орайда өзіміздің жұмысымызды одан әрі жалғастырып, жоғары нәтижелерге қол жеткізуді көздейміз.

Берген Беспалинов,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар