Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов және облыстық санитарлық—эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірлік коммункациялар қызметінде өткен брифингте «Коронавирус, жедел ішек инфекциялары, Сібір жарасы, құтыру аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жай-жапсары туралы» хабарлама жасады.
Ақмола облысы бойынша ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушылықтың 67,9 пайызға, соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 66,3 пайызға өскені байқалады. Ал, сальмонеллезбен сырқаттанушылық 1,2 есеге артып, барлығы 14 ауыру оқиғасы (өткен жылғы осы кезеңде 12 жағдай), ротавирустық инфекцияның 58 жағдайы тіркелген. «А» вирусты гепатитімен сырқаттанушылықтың үш есеге, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында бір есеге өсуі байқалады. «В» вирусты гепатит бір есеге өскен.
– Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, Көкшетау қаласында жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушылық артқан. Ағымдағы жылдың үш айында балалар жұқпалы аурулар ауруханасында емделгендердің жалпы саны өткен жылмен салыстырғанда 22 балаға өсіп, 381-ден 392-ге жетті. Сондай-ақ, нозология бойынша 310 адам вирустық гастроэнтериттен, оның ішінде 143-і ротавирустан емделді. 98 бала – Көкшетау қаласынан. Ал, сальмонеллезден 11 науқас, оның екеуі менингит.
Хабарламашы өз мәлімдемесінде жедел ішек инфекциясының алдын алудың 10 ережесіне жан-жақты тоқталды. Нақтырақ айтсақ, бүкіл планета тұрғындарын жедел ішек инфекциясының алдын алу бойынша тиімді медициналық ақпараттандыру үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары тағамнан уланудың алдын алудың он «алтын» ережесін әзірлеген болатын. Ол үшін алдымен, қауіпсіз тағамдарды таңдауымыз керек. Көптеген тағамдар, мысалы, жемістер мен көкөністер шикі күйінде тұтынылады, ал, басқалары өңделмеген түрде жеуге қауіпті. Мысалы, шикі сүтті емес, әрқашан пастерленген сүтті сатып алуымыз керек. Шикі түрде тұтынылатын кейбір тағамдар мұқият жууды қажет етеді, мысалы, салат жапырақтары, тағы басқалар. Тағы бір есте ұстайтын нәрсе, пісірілген тағамды кешіктірмей жеу. Пісірілген тағам бөлме температурасына дейін салқындаған кезде оның ішінде микробтар көбейе бастайды екен. Бұл күйде неғұрлым ұзақ тұрса, тағамнан улану қаупі де соғұрлым жоғары болатынын ұмытпағанымыз жөн. Балаларға арналған тағамды мүлде сақтамаған дұрыс. Тамақтан уланудың сансыз жағдайларына әкелетін жалпы қателік, ол тоңазытқышта көп мөлшерде жылы тағамды сақтау. Шамадан тыс жүктелген тоңазытқыштағы бұл тағам толығымен тез суымайды. Азық-түлік өнімдерінің ортасында жылу тым ұзақ сақталса, микробтар аман қалады және адам денсаулығы үшін қауіпті деңгейге дейін тез көбейеді. Сондықтан, тағамды суытып салған дұрыс. Пісірілген тағамды тоңазытқышта сақтағаннан кейін жақсылап қыздыру керек. Бұл сақтау кезінде азық-түлікте көбейіп кетуі мүмкін микроорганизмдерден қорғаудың ең жақсы шарасы екен. Сондай-ақ, үй жануарлары – иттер мен мысықтар, құстар және тасбақалар көбінесе, қол арқылы тағамға түсуі мүмкін қауіпті микроорганизмдердің тасымалдаушылары екенін ұмытпағанымыз жөн.
Бүгінгі күні өңірімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Облыстың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі жұқпалы ауруларға тұрақты мониторинг жүргізіп отырады. Нақтырақ айтсақ, барлық тіркелген жағдайлар бойынша эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар кешені, сонымен қатар, қоршаған орта факторларының мониторингі, бақылаудағы нысандарға ағымдағы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау жүргізіледі.
Әлем бойынша коронавирустық инфекцияның эпидемиологиялық жағдайы салыстырмалы түрде тұрақтанғаны айтылады. Дегенмен, өткен тәулікте COVID-19-дың 451926 жаңа жағдайы тіркеліп, ауру Еуропа елдерінде өсім 0,1 пайызды құраған немесе 197020 жаңа жағдай тіркелген. Ең көп өсім Италия, Ұлыбритания, Германияда байқалып отыр. ТМД елдерінде күніне 10883 жаңа ауру жағдайы тіркеліп, 0,05 пайызға өскен. Ресейде өсім 0,1 пайыз немесе 10263 жаңа жағдай деген сөз. Ал, Қазақстан Республикасында өткен тәулікте 9 жағдай тіркеліп, өсім 0,001 пайызды құраған.
– Ақмола облысында коронавирустық инфекцияны жұқтыру бойынша жағдай тұрақтанды. Осы жылдың наурыз айына 79 жағдай тіркелсе, сәуір айында COVID-19 індетінің тек 1 ғана жағдайы тіркелді. Соңғы 24 сағатта қауіпті індеттің жаңа жағдайы тіркелген жоқ. Алайда, вакцинация және ревакцинация науқаны жалғасуда. Бірінші компонентпен 356123, екінші компонентпен 342638 адамға вакцинация жасалды, – деді Айнагүл Советқызы өз мәлімдемесінде. Тарқата айтсақ, Pfizer вакцинасымен барлығы 66105 адам екпе алған. Олар 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жүкті және бала емізетін әйелдер. Жалпы, вакцинаға жағымсыз реакциялар туралы хабарланбаған. Ревакцинациядан тек 117394 адам өткен. Сондықтан, хабарламашылар әлі вакцина алмағандардың барлығын дер кезінде қайта вакцинациялау курсынан өтуге шақырады.
2005 жылдан бастап жыл сайын сәуір айының соңғы аптасында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының бастамасымен бүкіл әлемде Дүниежүзілік иммундау апталығы өткізіліп келеді. Оның мақсаты халықты вакцинациямен қамтуды арттыру болып табылады.
Айнагүл Советқызы жедел ішек инфекциялары бойынша эпидемиологиялық жағдайға да жан-жақты тоқталды. Бұл маусымдық инфекцияларға байланысты эпидемиологиялық жағдайдың алдын алу шаралары басталып кетті. Ағымдағы жылдың 7 сәуірі мен 13 сәуірі аралығында (жедел ішек инфекцияларының 8 жағдайы тіркелген. Көкшетау, Степногорск қалалары мен Біржан сал, Сандықтау ауданында осындай бір-бір, Есіл ауданында төрт жағдай тіркелген. 14 жасқа дейінгі балалар арасында жеті ал, ересек тұрғындар арасында бір жағдай орын алып отыр. Өткен аптамен салыстырғанда жедел ішек инфекцияларымен сырқаттанушының 6 жағдайға өскені байқалады. Аурудың негізгі себептері жеке бас гигиенасын сақтамау және орталықтандырылмаған көзден қайнатылмаған суды пайдаланудан болған. «Сібір жарасы» деген күдікпен Түркістан облысының тұрғынынан жедел хабарлама келіп түскен. Аталмыш департаменттің зертханалық зерттеулерінің нәтижесі бойынша диагноз расталған. Сөйтіп, дер кезінде науқас жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылып, онымен байланыста болған 20 жолаушы анықталған. Бұл ауру Көкшетау қаласына поезбен келген тұрғыннан анықталып отырғандықтан, тасымалданған болып саналады.
Ағымдағы жылдың 18 сәуіріндегі жағдай бойынша «Сібір жарасымен» ауырған бұл науқастың жағдайы жақсарып келеді. Дене қызуы түсіп, жара құрғап, науқас пен жұбайы өздерін жақсы сезінуде. Олардан алынған қайталама анализдер теріс нәтиже берген. Олармен байланыста болған адамдардан ауру анықталмай, дін аман екені айтылады. Бұл ретте, біздің облыс аумағында 221 елді мекенде Сібір жарасына арналған тұрақты пункттер бар. Сонымен, Сібір жарасының алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24 қыркүйектегі Қаулысына сәйкес жануарларды союға, олардан алынатын өнімдер мен шикізатты жинап, сақтауға, тасымалдауға және бастапқы өңдеуге қатысатын адамдар профилактикалық екпелер алуы тиіс. Жалпы, адамдар арасында Сібір жарасының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы жануарларын сояр алдындағы тексеруден кейін тек арнайы орындарында ғана союға рұқсат етіледі. Рұқсат етілмеген сауда орындарында ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз жан-жануарлардан ет, жүн, мал және аң терілерін сатып алуға тыйым салынады. Сондай-ақ, жеке тұлғалардан сатып алынған шикі сүтті ішпеуге кеңес береді. Бұл әсіресе, Рамазан айы мен одан кейінгі Айт күндері ұлттық әдет-ғұрып бойынша құрбандық малы сойылатын кезде байқалатыны да айтылды.
Брифинг барысында айтылған тағы бір аурудың түрі – құтыру. Күні кеше ғана Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінен Түркістан облысында 14 жастағы жасөспірімнің ит тістеп алып, бір жылдан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат келіп түсті. Болжам бойынша өлім құтыру ауруының салдарынан орын алған. Өкінішке орай, балаларын ит тістеген бойда медициналық көмекке жүгінбеген ата-ана халықтық емдеу әдістерін қабылдаған. Нәтижесінде, бір жылға жуық уақыттан кейін жасөспірімде құтыру белгілері, қатты мазасыздану, үрей, қорқыныш, дене қызуының көтерілуі, сүйектері мен ит тістеген жердің ауыруы, су ішу кезінде ауа жетіспеушілік сезімі, жалпы әлсіздік байқалған. Сондықтан, департамент басшысы А.Мусина адамдарда құтыру инфекциясының инкубациялық кезеңі 12 күннен 100 күнге дейін екенін мәлімдеді. Ал, 1 жылға дейін созылатыны өте сирек екен. Сондықтан, тіпті тістегеннен кейін жараның орны бірден пайда болмауы мүмкін. Тағы бір айтарымыз, осы жылдың наурыз айында Астананың үш тұрғынын жабайы түлкі қауып алған, қазір олар құтырмаға қарсы екпе алып жатыр.
Құтыру – адамдар мен жануарларға тән жұқпалы ауру. Оның қоздырғышы – ауру малдың сілекейінде болатын адам миын зақымдайтын вирус. Алайда, вирус адамнан адамға берілмейді. Құтырма ауруының алдын алудың негізгі шарасы – дер кезінде медициналық көмекке жүгіну және құтыруға қарсы вакциналардың толық курсын алу. Өтініш бергендердің 268-і екпе қабылдауға жазылып, оның 256-сы екпені алған, соның ішінде 34,6 пайызы иммуноглобулин, 60 пайыздан астамы құтыруға қарсы салдырған. Соңғы 5 жылда Ақмола облысында құтырма ауруының эпидемиологиялық жағдайы тұрақты, адамдар арасында бұл аурумен ауыру жағдайы тіркелмеген.
Басқарма және аумақтық департаменттер жұқпалы аурулардың да, аса қауіпті инфекциялардың да алдын алуда екпенің маңыздылығы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп отырады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.