Орман көк желегімен көрікті, аң-құсымен әдемі

ал, сол  орманды отқа орап, жан-жануарына мылтық кезегендер қашан бұл озбырлықтан қолын тартады?!.

Орманның пайдасы көп. Айтып жеткізу мүмкін еместей. Ғылым оны талдап тұрып түсіндірген. Бәріміз білеміз. Тіпті, ешкім тәптештеп баяндамай-ақ, орманға барсаң бар қасиетін сезіп-білмес пе едің?! Біріншіден көз жанарың тояды. Жайқалған жасыл желек, тербелген тал-терек жаныңды жай таптырады. Оның үстіне төбеңнен құс сайраса, көзіңе ақ тиін түссе, моп-момақан маралды көре қалсаң, жүрегің дүрсүлдей жөнеліп, қуанбассың ба?!

Көкірегің кербез самалға толып, тынысың кеңіп, жасап бір қалмассың ба? Иығыңнан жүк түскендей, келеңсіз ойлардан арылып, арман-қиялыңа қайтадан қанат бітпес пе еді?! Міне, осындай орманға зиян келтіруге бола ма?

Алайда, сондай жауапкершілігі төмен, айналасына немқұрайлылықпен қарайтындай жандар да жоқ емес, баршылық. Орман ішінде жеңіл-желпі тамақ дайындап болған соң жаққан отын мұқияттап өшірмеу, оңды-солды тартқан темекісінің  қалдығын өшірмей лақтыру… Оның соңы өртке әкеп  тіреп, әлекке салып жатады. Төтенше жағдайлар департаменті, басқа құрылымдар қар суымен, су тасқынымен арпалысып жатқанда, күні кешелер құрғақ шөпке от қойып, өрт қаупін өршітіп жатқан екі адам тұзақталды. Бұл әлі жер ылғал, су кетпеген кездегі жағдай. Күн қызып, ағаш-шөп құрғағанда не болмақ? Қалай ғана адамдар оттың орманға тигізер залалы орасан боларын түсінбейді дерсіз…

Өрттен келер зардап өз алдына, опырып ағаш кесіп, орманды ойсыратар жайттер де көп. Мысалы, өткен жылы облыс аумағында 17 мәрте заңсыз ағаш кесу дерегі тіркелген. Шынында бұл балта сілтегеннің қалтарыста қалмай, қолға түскен бір бөлігі ғой. Көк тіреген қарағай қайыңды қиратып, көлігіне тиеп, із суытып кететін әккілер қаншама? Талай іс сотқа берілген. Орман отағандардан 71,3 текше метр ағаш, соның ішінде қолданған құрал-жабдықтары қоса тәркіленіпті.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы өткен жылы орман заңнамасының орындалуын 133 рет тексерсе, биылғы жыл басынан 4 мәрте тексеріс жүргізіп, 32 заң бұзушылықты анықтаған. Демек, жұртымызға орманның ортақ байлығымыз, орнын толтыруға көптеген жылдар жұмсалар қадірліміз екенін түсіндіру, соны өздері ұғыну жеткіліксіз болғаны ма? Мектептен бастап берілетін патриоттық, экологиялық тәрбиенің, қоғамдағы үгіт-насихат жұмысының мардымсыз болғаны ма? Солай екенін мойындағанымыз жөн-ақ шығар. Экология туралы оқта-текте ғана айтатын болып тұрмыз-ау. Өкінішті. Бұл тәрбие үздіксіз, үнемі жүргізілсе, нәтиже де көрінер еді ғой.

Өскінді қирату, орманды отқа орау бір қиындық болса, орманның аң-құсын аяусыз ату тағы бір өрескелдік. Инспекция мамандары тәртіп бұзып, аң атқан 53 оқиға тіркепті. Қаруды заңсыз иеленіп жүргендер де кезіккен. Мысалы, заңның ондай тармағын бұзған біреу Целиноград ауданында ұсталып, қаруы алыныпты.

Биыл жыл басынан бері браконьерлерге қатысты үш қылмыстық іс қозғалған. Оның біреуі жас бұғыны оққа байлаған. Ол қылмысы үшін 1 837 800 теңге айыпты мойнына ілген. Жалпы, осы жылы жануарлар әлемінің шырқын бұзған 15 заң бұзушылық тіркелген. Қорғалжын ауданының бір тұрғыны 1 елік, 2 қоянды қағаз-құжатсыз, рұқсатсыз атқаны мойындатылып, 4 375 000 теңге айыппұл арқалаған. Зеренді ауданында да бір аңшы  екіленіп, екі бұғыны атып түсіріпті. Ол үш жылға бас бостандығынан айырылған. Бұландылық бір азамат та елік атып, қолға түскен. Оған аудандық  сот бір жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған. Келтірген зияны 1 039 875 теңгеге бағаланып, өндіріліп алынған.

Бүгінгі таңда 4 іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Жануарлар әлеміне  барлығы 26 442 605 теңгенің зияны келтіріліпті. Заң бұзып, жасырынып, рұқсатсыз мылтық кезенген аңқұмарлар ештеңеден тайынбайтындай. Қанша қиналса да қазақ киелі санап, аққу құсты атпаушы еді. Қазақтың сұлулықтың, кіршіксіз, адал махаббаттың символындай сыланған сұлу құсты қадірлеуі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан керемет бір дәстүрі деп марқаюшы ек. Заңсыз аңшылық құрғандардың аққу атып қолға түскенін естіп, көңіліміз құлазыды.

Әрине, инспекция қызметкерлері өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруда. Атқара да береді. Біздің жоқтап, іздеп отырғанымыз олардың жұмыстары емес,  патриоттық, экологиялық тәрбие. Оның кемдігі. Туған жерді, табиғатты аялау, оның орман-тоғайы, аң-құсына қамқор болу баршамыздың міндетіміз емес пе еді?! Демек, бұл – олқы тұсымыз. Әрқайсымыз жаққан отымызды өшіріп, өрт қауіпсіздігін қалтқысыз сақтасақ, өрт қайдан шықпақ? Есесіне, қаншама жасыл желегіміз жалынға шарпылмай, жайқалып аман тұрар еді. Бұғы, елік сияқты сирек жануарлар секемденбей еркін өсіп-өнер еді. Сонда, орманымыздың көлемі көбейіп, оған барған кісі табиғаттың тамашасын көріп, бір жасап қалмас па еді? Орман көк желегімен көрікті, аң-құсымен әдемі емес пе?!.

                                                                 Серік САПАРҰЛЫ,

                                             «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар