Жігері ақ алмастай жарқылдаған…

Қабілет, талант дегенді табиғат әркімге-ақ беруі мүмкін. Алайда, оны екінің бірі қадірлеп, ұстанып, жетілдіріп кете алмайды. Ол үшін адамға кесек мінез, еңбекқорлық, жасымайтын, мойымайтын жігер керек! Сол, жүзі қайтпас ақ алмастай жарқылдаған жігерінің арқасында өзінің ғана ісін алға бастырып қоймай, талайлардың талабын ұштап жүргендердің бірі  – мүмкіндігі шектеулілер санатындағы Рамазан Сапарұлы. Оның осынау белсенді қалпына қарап, қажыр-қайратына тәнті боласың.

Ілкіде… қол арбаға күні қарап қалғанда қамыққаны рас. Ондай жағдайға душар болғанда кімнің болсын опынатыны, күйінетіні кәміл. Аспаныңды бұлт торлап, көңіліңді кір басады. Рамазан да ол кезеңнің қиындығын басынан өткерді. Бірақ, түнерген, күңгірт күндері де тығырыққа тірелген ой-әлемінің түкпірінде туабітті жігері ғана жасымағандай екен. Қолына жазушы Естай Мырзахметовтің «Медеті» іліккен. Авторы қазақ әдебиетінде оқырманнан ең көп хат алғандырдың бірі. Тегін емес.  Роман талай тағдыр қиындығына тап болып, тарыққандарды өмір өзенге қайта әкеліп, өрге жүздірген. Кітап бұған да қатты әсер етті. Басқа түскенге бағына қоймай, тереңде бұлқынып жатқан бұла жігер бұрқ етіп оянды. Рамазан қайта түледі. Бұл бұдан 17 жыл бұрынғы оқиға.

Содан бері Рамазан арбаға таңылдым деп, жабырқаған емес. Қоғамның белсенді бір мүшесі. Өзіне ақыл, жәрдем сұрап келушілер, қоңырау шалып, хабарласушылар көп. Сонда не істейді дейсіздер ғой. Тігін машиналарын жөндейді.

Сырт қарағанда байқалмайтын шығар, шындығында, үлкен тігін цехтары, шеберханалар өз алдына, үйінде тігін машинкасын ұстап, пайдаланушылар көп. Өйткені, дүкенде, базарда сатылар киім сапасы әртүрлі. Көбі көп кимей-ақ тігісінен сөгіліп, тігістері ыдырап жатады. Күнделікті тұрмыста тігіп, қалпына келтіруді қажет ететін сәттер көп болады. Әлденені бүгу, қайыру, жиектеу деген сияқты. Сондайда, үйіңде іс тігетін машинка тұрса, жақсы емес пе? Сәл нәрсе үшін уақытыңды ұтқызып, ақы төлеп шығынданып, әлдеқайда жүгіріп жүрмейсің. Бірқатар үйде көнеден қалған, ескіден келе жатқан тігін машинкалары бар. Маркалары әртүрлі, әр елде жасалған. Ондайда маманданған адам болмаса, оларды екінің бірі жөндей алмайды.

Міне, Рамазан осы жұмысты қолға алды. Тігіншілік өнерді үйренемін дегендерге бұл өнердің қыр-сырын тегін үйретеді. Оның үстіне ғаламторда тігіншіліктің тереңіне бойлатар бейнетаспалар толып жүр. Шетінен қарап, кәсібіңді жетілдіре бер.

Кәсіпкерліктің кемесіне отырған Рамазан бүгінгі таңда үш бірдей жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бірінші бағыты, мүгедектерге арналған қол арбаларды жөндеу. Бұл – өте қажет болып отырған мәселе. Қол арбаның істен шығуына себеп көп. Көбіне, амалсыздан ойқы-шұйқы жерлермен жүруге тура келеді. Сондайдың салдарынан арбаның доңғалақтары майысып, қиқалақтап қалады. Өлшем-талапқа сай келмейтін пандустарға күштеп шығудың қырсығынан арбаның арқалығы, тіреніш-сүйеніштері де майысады. Онсыз да, үнемі қолданыста болған соң ол арба тозбай, сынбай тұра ма? Ал, облыс көлемінде оларды жөндейтін бірде-бір шеберхана жоқ. Тіпті, бүкіл елде осындай екі шеберхана ғана бар көрінеді. Жақында сонау шеттегі Жарқайың ауданынан арба жөндеуге екі өтініш түсіпті. Тағы бір мұқтаж азамат Степногорскіден хабарласыпты.

Екінші бағыты, түрлі қиындықтарға тап келген адамдарға көмек беретін психологиялық кабинет. Ондайды өз басынан өткерген Рамазан Сапарұлы ол кабинеттің қажеттігін, жұмыс істеу тиімділігін терең түсінеді. «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» демекші, психологиялық күйзеліске ұшыраған адамды ауыр ойдан арылту тек үлкен маманның қолынан келмек. Оның арнайы жұмысының арқасында ғана нәтижеге қол жеткізуге болады. Жүрдім-бардым, көңіл жұбату үшін айтылған әңгімемен апатқа душар болып, күйзеліп, жабырқаған жанды өмір жолына қайта оралту оп-оңай шаруа емес.

Үшінші бағыты, мүгедек адамдарға компьютер үйрету. Бүгінгі заманда компьютер тілін жетек меңгерген адам бүкіл жер-дүниемен байланыс орната алады. Жұмыс жасап, кәсіп ашып, еңбекақы таба алады. Сондай-ақ, керек дүниесіне тапсырыс беріп, төлемдерін төлеп, білгісі келген ақпаратты біліп, қарағысы келген киносы мен концертін көріп отырады. Бұл мүгедек адам үшін үлкен қамқорлық емес пе? Ол өзін қайнаған өмірдің қақ ортасынан табылғандай сезінеді ғой.

Мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын білмей, көрмей отырған жоқ. Сондықтан да, әртүрлі жолдармен көмек көрсетуде. Мысалы, Рамазан Сапарұлы 2019 жылы 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болды. Қолы жеткен осы қаражатқа тігін машиналарын жөндеуге қажетті құрал-жабдықтар, қайшы қайрайтын арнайы қайрақ сатып алды. 2020 жылы жедел жөндеу шеберханасы орнатылған автокөлікті иеленді. Тасы өрге домалаған жігіттің маңайына жұмыс іздегендер, қолдауды қажет еткендер, кәсіп ашқысы, іс үйренгісі келгендер топтаса бастады. Қасында жүріп, тәрбие алғысы келген қолқанаттар табылды.

Қазір Рамазан Макинка қаласындағы диірменде қаптың аузын тігетін құрылғы орнатумен айналысып жатыр. Зерендіге барып, тігін цехын жолға қоюға көмектесіп қайтты. Ол атқарып жатқан барлық шаруаны тізбелеп шығудың қажет еместігі белгілі. Ең бастысы, азамат іс үстінде, қоғамға пайдасын тиізіп, өз кәсібін дөңгелетіп жүр. Белсенді, не нәрсені қолына алса да қыбын тауып, жөнге салатын Рамазан Сапарұлы өткен жылы облыстық мүгедектер қоғамына басшы болып тағайындалды. Оның бұл жұмысты да жауапкершілікпен атқарарына, талайға көмегі тиіп, қысылғанға қолғабыс береріне еш шүбә жоқ.

Адамды алға жетелер үлкен мақсат десек, жігері ақ алмастай жарқыраған жігіт әлі талай биікті бағындырар. Өмірге құштардың мүмкіндігі неге шектеулі болсын!..

                                                             Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,

                                                   «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар