Қиыншылықты бірден-бір тежей алатын күш – өзімізде өндірілетін өнімдер

Жасыратыны жоқ, Ресей мен Украинаның арасындағы қақтығыс, алдыңғы елге салынған санкциялар салдары бүгін болмаса ертең бізге де салқынын тигізбек. Батыстың да, шығыстың да бірқатар елдері қазірдің өзінде қиындыққа душар болып, дабыл қағуда. Тіпті, күркіреген көрші Ресейдің өзінде жағдай  ауырлап, баға күрт көтеріліп, ел еңсесі түсуде.

Бізде ше? Бізде болғанда біздің облыста. Базар нарқының біраз көтеріліп, әсіресе, онсыз да алары асып-тасып жатпаған зейнеткерлердің көңілдеріне кірбің түсе бастаған. Қалталы адам бағаның арзан-қымбатына қарамайды. Таңдағанын алады. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар қайтпек? Оларға қымбатшылық қалай әсер етуде? Қандай қамқорлық жасалуда? Соны білмекке «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамына бардық. Біздің күмәнімізді сәл де болса сол мекеменің осы мәселемен айналысатын жауапты қызметкері Алма Жүсіпова сейілтті.

Қымбатшылық лебі есіп тұрғанмен, арзандау тағам түрлерін алғысы келген тұрғындарға сауда жасайтын әлеуметтік дүкендердегі баға көтерілмеген. Осыған дейін қалай болса, сол қалпында тұр. Атап айтсақ, «Ақсай нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнімі 550 грамдық наның құны  100 теңге. «Гормолзаводтың» майлылығы 2,5 пайызды құрайтын сүті 250 теңгеден, айраны 311 теңгеден, сары майы 2480 теңгеден, ірімшігі 1156 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, ол дүкендер сөрелеріндегі тауықтың сан еті 939,  бірінші сұрыпты ұнның 1 келесі 148 теңгеден, күріш 250 , қарақұмық 445, қант 340, сұйық майдың 1 литрі 750  теңгеден, пияздың 1 келісі 160, сәбіз бен картоп 220 теңгеден ұсынылуда екен. Тек, өзгелерге қолайсыздық туғызып, сөредегі тауарды қап-қабымен тасымалдауға жол бермеу мақсатымен осы күндері қант кісі басына 2 келіден босатылуда. А.Жүсіпованың айтуынша, аталған тауарлардың бәрінің де бүгін-ертең таусылар жағдайы жоқ. Жұрт азық-түлікті бұрынғы қалпымен, қажетіне қарай алып тұрса, қор жыл аяғына дейін жетпек. Демек, соған дейін осы баға сақталмақ. Бұл өте жақсы емес пе? Көкшеліктерге әлгі тауарларды қап-қабымен тасып, алаңдайтын ештеңе жоқ. Облыстық әкімдіктің тапсырмасымен бұл салаға жауапты қызметкерлер, мамандар мен кәсіпкерлер азық-түліктің осындай қорын жасақтаған.

Жалпы, елімізде бүгінгі таңда азық-түлік қауіпсіздігін қаматамасыз ету ең маңызды мәселенің бірі десек, Ақмола облысының алдына қойылған міндеттердің бірі елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуін қалыптастыру. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға жіті көңіл бөлінеді. Осы бағытта жалпы құны 260 миллиард теңгені құрайтын 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Ол жобалар жүзеге асқан күнде 2,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Осыншама адам адал еңбек етіп, алаңсыз нәпақасын таппақ.

Ал, осы күндері елорданы қолжетімді және сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етумен 130 кәсіпорын үздіксіз айналысуда. Оның 68-і ет пен  ет өнімдерін, сүт және сүт өнімдерін, 6 құс еті мен жұмыртқаны, 54-і ұн, картоп, көкөніс, өсімдік майы сияқты өнімдерді өндіреді. Ақмола облысы ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдері Нұр-Сұлтан қаласының 5 базары, 29 сауда үйінде, 10 сауда орталықтарында сатылады екен. 2021 жылы астана тұрғындарына 115 мың тонна сүт және сүт өнімдері, 29,3 мың тонна ет және ет өнімдері, 259,7 миллион дана жұмыртқа, 104,5 мың тонна картоп, 30,7 мың тонна көкөніс сатылыпты.

Биылғы жыл басынан бері 11,3 мың тонна сүт және сүт өнімдері, 5,4 мың тонна ет және ет өнімдері, 36,8 миллион дана жұмыртқа, 8,7 мың тонна картоп, 2,5 мың тонна көкөніс өткізілген. Осындай, жылма-жыл жасалатын көлемді сауданы, оның бағасын сараптар болсаңыз, көктем сайын көкөніс пен картоптың бағасының күрт өсіп кетуін байқайсыз. Қаратопырақты өңірде картопқа тапшылық жоқ екені белгілі. Ендеше, неге ол қымбат болмақ? Сөйтсек, оның негізгі себебі, көкөніс сақтайтын қоймалардың жетімсіздігі екен. Дұрыс сақталып, көктемге сапалы қалыпта жетпеуінің мәнісі сол. Көп өнім азға айналған соң қымбаттамай қайтпек? Аз нәрсе әманда қымбат.

Шынында да картоп жетпейді емес. Айтпақшы, мынадай бір қызық дерек бар. Ұлттық тағам институты бір адамның бір жылда 100 келі картоп тұтынатынын айтады. Ендеше, облыста тұратын 738 мың адамға қанша өнім керектігі болжаулы. Жалпы халықтың 430 мыңы ауыл тұрғындары. Әрине, ауыл адамдары бау-бақшасын өзі егіп, керегін жерден өндіріп алады. Қалған қала тұрғындары 300 мыңның үстінде. Түгендей келсеңіз, отыз мың тонна картоп жетіп-ақ қалады. Өндірілетін картоп көлемін алсақ, 52 мың тоннаға таяу. Сонда ол қалайша жетпейді. Басқа да себептері жоқ емес, бар-ау. Соған ауыл шаруашылығы басқармасы, басқа тиісті орындар жіті үңілулері қажет-ақ.

Енді бір айта кетер жәйт, әлгі қордан  ауыл тұрғындарының да тұрақты талғажау алуы. Неге? Ауыл-үйдің маңайына бақша салып, картоп егушілер де азайып кеткен. Күрек ұстап, арамшөп жұлып, еңкейгілері келмейді. Одан дағы шертіп жүріп шелектеп, не қабымен сатып алғанды жөн көреді. Тек картоп емес, ауыл тұрғындары қала базарынан жұмыртқа, қаймақ пен ірімшік те сатып алады. Бұрын қала адамдары сүт, қаймақты ауылдан барып алушы еді-ау!.. Қазір неге олай болды? Малсақ қазақ малдан безді ме, әлде, еңбектен қашып отыр ма? Жоқ. Бұл еңбектің дұрыс ұйымдастырылмауынан, ауыл адамының еңбегінің дұрыс бағаланбауынан пайда болған үрдіс сияқты. Бұрын малды адам күйлі, қолы ұзын, қанжығасы майлы, қалтасы қалың адам санатында болатын. Сондықтан, қиындығына көніп, мал ұстайтын. Қазір ше? Біріншіден, мал азығы қымбат. Екіншіден, күнделікті тиын-тебен түсіріп тұратын сүт жинаушы, сатып алушы  жоқ. Сойылған мал терісінің, жүнінің далаға лақтырылып жатқаны анау… Ол да тиын-тебен еді. Мал сұрыпталып, асылдандырылмаған соң, оның еті аз, сүті мардымсыз. Ғалымдардың есебінше, қара малдың төлі 18 айдың ішінде төрт центнерге жетуі керек. Одан көп бағар болсаңыз, мал азығы шығын. Шаруаның қолдағы малын тез қоңдандырарлық сапалы жем-шөбі жоқ. Сондықтан, діттеген мерзімде межеден шыға алмайды. Демек, шаруаның қолындағы төлді сатып алып, мүмкіндігі мол бордақылау алаңдары күтімімен айналысар болса, екі жаққа да тиімді болар еді. Кеңес заманында сондай РСХО-лар болды ғой.

Тасымалға шығыны аз, сапасы жоғары азық-түліктің  молдығы үшін ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар қолға алынған. Олар 2021-2025 жылдар аралығында жүзеге аспақ. Өткен жылды алсақ, жалпы құны 18,3 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Ал, биыл жалпы құны 15, 9 миллиард теңгені құрайтын 16 жоба игерілмекші. Көтерген мәселемізге оралсақ, Есіл ауданында «Органико» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1 мың тонна көкөніс сақтай алатын қойма салды. Бұл іске 300 миллион теңге жұмсалған. Енді сол аудан және оған жақын аудандар сонда сақталған көкөністің игілігін көрмек. Сол сияқты, Зеренді ауданы да қойма салуды қолға алып,  400 миллион теңгелік жобаны жүзеге асырды. Мұнда 5 мың тонна көкөніс сақтауға мүмкіндік бар. Осындай жұмыстар жалғасын тапса, өңір тұрғындары көкөністен көктемде де таршылық көрмек емес. Тек бағасы қандай болады?

Атбасар ауданында «Шуйское 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестінде 600 басқа арналған сүт фермасы салынды. Егіндікөл ауданындағы «Аскоп» серіктестігі де осындай шаруаны қолға алыпты. Жақсы ауданындағы «Виктор» шаруа қожалығы 100 бас сиырға шақталған, жалпы құны 160 миллион теңгені құрайтын тауарлы-сүт фермасын қолға алыпты. Арнайы сүтті тұқымды мал сатылып алынған. Сүт сауу қондырғыларын сатып алу үшін де келісім-шарт жасалған.

Азық-түлік демекші, Целиноград ауданындағы «Aqua factoria» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бағалы тұқымды балық өсіріп, оны өңдеумен айналысып, тұтынушыны елең еткізді. Жылына 15 тонна бекіре тұқымдас балықты және 35 тонна форель өндіруді жоспарлап отыр.

Әлемдегі сауда-саттық, аралас-құраласқа сызат түскен бүгінгідей ауыр күнде басқа тауарлармен бірге, азық түлік өндіруге баса назар аударуға тиіспіз. «Қалауын тапса, қар жанады» демекші, ерінбесек, ізденсек, бұл орайда мүмкіндіктер мол.

                                                                                Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ, 

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар