Міндет – қол жеткенді одан әрі баянды ете түсу

Өткен бейсенбі күні облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі өткізіліп, онда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер қаралды, әсіресе, бірінші тоқсанның жұмыс қорытындылары шығарылып, өрт қаупі молаятын жазғы маусымның міндеттері пысықталды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев баяндама жасады. Баяндамада облысымыздың жыл басынан бері негізгі көрсеткіштер бойынша республикамызда алдыңғы орындарға шыққандығы атап өтілді. Мәселен, өнеркәсіп, оның ішінде өнім өңдеу, негізгі капиталға инвестициялар салу, құрылыс жүргізу көрсеткіштері бойынша республикамызда алғашқы бестікте тұрмыз. Ауыл шаруашылығы көрсеткіші бойынша алтыншы орын, инфляцияға жол бермеу бойынша сегізінші орын көзделген міндеттердің тұтастай алғанда ойдағыдай іске асырылып келе жатқандығын аңғартса керек.

Бұл ортақ табысқа уран өндірісінің артуы, құрылыс материалдарының, соның ішінде бетоннан жасалатын бұйымдар көлемінің екі есеге, құрамында алтыны бар рудалар өндірісінің 1,7 есеге өсуі, азық-түлік түрлері бойынша ұн өндірудің 1,6 есе артуы және тағы басқа оң көрсеткіштер игі әсер еткен. Осы толымды нәтижелерге қарамастан олқылықтар да бар. Химия өнеркәсібінде пестицидтер өндіру көлемі 13,8 пайызға төмендеген. Машина жасау саласында да өндірістің, атап айтқанда, тракторлар, астық комбайндарын, подшипниктер шығарудың төмендегені байқалады.

Өңірлерді алсақ, Қорғалжын ауданында өнім өндіру индексі үш есе өскен. Шортанды, Бурабай аудандарында, Қосшы қаласында да еселеп өскен нәтижелер бар. Осы ретте, облыс әкімі өндіріс көлемінің төмендеуіне жол берген бес өңірдің – Астрахан, Егіндікөл, Зеренді, Біржан сал аудандары мен Көкшетау қаласының әкімдерінен бұл жағдайды көпке созбай түзетуді талап етті.

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 102,1 пайызды құраған. Соның ішінде ең жоғары көрсеткішке Аршалы ауданында ет өндіру көлемінің артуы есесінен қол жеткізіліп отыр. Ерейментау ауданында да осындай ілгерілеушілік бар. Сонымен бірге, бес өңірде жалпы өнім өндіру көрсеткіші олқы соғуда. Олар тиісті межеден көріне алмаған Бурабай, Зеренді, Жақсы, Біржан сал аудандары мен Қосшы қаласы.

Баяндамада облысымыздың өткен бірінші тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының барлық қырлары қамтылып өтті. Көп салаларда өсім бар. Ал, кейбір көрсеткіштерді жыл аяғына дейін орнына келтіруге болады. Облыс әкімі отырыста мұндай олқылықтардың бірде-бірін қалт жібермей, әкімдер мен басқарма басшыларынан қатаң сұрай түсті. Оның барысында бұл жағдайлардың субъективті де, объективті де себептері бары анықталып, жағдайдың түзетілуіне күш салынатын болды.

Бір ғана мал шаруашылығы саласында да жоспарлар ауқымды. Биылдың өзінде 4,5 мың ірі қара сатып алынып, 104 еттік бағыттағы ферма құру ойластырылып отыр. Ал, сатып алынатын келесі 2,4 мың сиыр мен құнажын 11 тауарлы-сүт фермасын ашуға негіз болмақшы.  Тұтастай алғанда астананың айналасында азық-түлік белдеуін дамыту үшін 35,8 миллиард теңгенің 44 жобасын іске асыру көзделген. Алайда, 1 сәуірге дейін тек бір-ақ жобаның іске қосылуы облыс әкімінің тиісті басқарма мен басшыларға осы жөнінде де қатаң талап қоюына түрткі болды.

Отырыста көктемгі дала жұмыстары, оған дайындықтың барысы туралы да тиянақты сөз қозғалды. Бұл жағынан да алда тұрған міндет белгілі. Оны облыста кеше өткен аграрлық кеңес те одан әрі нықтай түсті. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі алған беттен таймау керек. Ақмола облысының жақсы жұмыс нәтижелері жуырда өткен Үкімет отырысында да атап өтілді. Шағын және орта бизнес, өнеркәсіп салалары осы оң бағаға сай жұмысты одан әрі де ширата түсулері қажет. Облыс әкімі күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қорытынды сөзінде  әсіресе, азық-түлік бағасы туралы айта келіп, нанды қымбаттатпауға ерекше назар аударды. Ұн тұрақтандыру қоры арқылы 40 пайыз арзанға алынып отыр. Ендеше, әлеуметтік нан халыққа сол арзандатылған бағамен жетуі тиіс.

Облыстық бюджет туралы қаржы басқармасының басшысы Талғат Бөлтеновтың баяндамасында есепті кезеңде бюджет қоржынына 86 миллиард теңгеден астам қаржы түскендігі, бұл өткен жылдағыдан 13 миллиардқа көп екендігі атап өтілді. 36 миллиардқа жақын субвенция да толық көлемінде алынған. Мақсатты трансферттер де солай. Салық пен өзге төлемдер есебіне 30 миллиард теңгеден астам қаржы аударылып, көрсеткіш өткен жылдағыдан 7 миллиард теңгеге немесе 24 пайызға асып түскендігін тағы айта кету керек. Осының бәрін қорытындылай келгенде, бюджеттің шығыс бөлігін орындау 99,8 пайызды құраған. Нәтижесінде облыс республика аймақтары арасында үшінші орыннан көрініп отыр. Баяндаманы қорытындылаған облыс әкімінің айтуынша да салық жақсы жиналған. Алайда, Целиноград және Егіндікөл аудандары бюджеттік қаржыны игере алмаған жайы бар. Демек, бұдан тиісті қорытынды шығарылуы қажет.

Үшінші мәселе бойынша төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы Нұрлан Атығаевтың баяндамасында жазғы маусымда орман және дала өрттерінің алдын алу мәселелері кеңінен сөз болды. Облыста 4 сәуірден бастап өрт қаупінің молаю кезеңі жарияланды. Бүгінге дейін облыс аумағында екі орман өрті, үш дала шөбінің жануы орын алған, 50 шақты қоқыс жанғанына да есеп жүргізілген. Департамент жазғы маусымға барынша дайындық жасап, дала және орман өрттерін болдырмауға, бола қалған күнде олардың кең етек алмауына бар күшті жұмылдырғалы отыр. Әрине, бұл тұрғыда әлі де болса кейбір шешетін мәселелер бар. Соның ішінде орман алқаптарында оттың жалынын өткізбейтін жолақтар салу, яғни, айнала жыртып өту баса ескерілуі тиіс шаралардың бірі.

Аталмыш баяндаманы талқылау бойынша  облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Руслан Әубәкіров пен облыстық орман және жануарлар әлемі шаруашылығы аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов сөз сөйлеп, өз ұйымдарында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Былтыр облысымыздағы орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, 13-іне он үш қуатты техника сатып әперілген. Мұның өзі де ортақ іске айтарлықтай пайдасын тигізуде.

Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Қ.КӘКЕНОВ.

Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар