Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекеттік тілге жаңа көзқарас керек - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекеттік тілге жаңа көзқарас керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылдың 16 наурызы күнгі «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы: «Бүгінгі Жолдаудың мән-маңызы айрықша. Оның арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек. Біз алдымызға биік мақсаттар қойып отырмыз. Өздеріңізбен бірге. Жаңа Қазақстанды құруға кірістік» деген жолдармен басталған-ды. Президенттің осы игі бастамасын жүзеге асыруға үлес қосуды көздеген ел зиялылары, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері өздерінің құнды пікірлерін ортаға салуда.

Сөзден сөз туады, ойды ой қозғайды. Жақында Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің 2022 жылдың 19 сәуіріндегі 41-ші санында жарияланған танымал ғалым, академик, жазушы Ғарифолла Есімнің «Мүмкіндік немесе Президенттің Жолдауы туралы ойлар» деген мақаласы біздің біраз уақыттан бері айтып, жазып жүрген мәселемізді тағы бір көтеруге себеп болды. Өйткені, жылдар өткен сайын ол мәселе түзелудің орнына ушығып бара жатыр. Ол  – еліміздің солтүстік өңіріндегі  мемлекеттік тілдің қолданыс аясы, оның тарыла түсуі. «Қазақ елінің Солтүстік өңірлері туралы мықтап ойлануымыз керек». «…Солтүстік аймақта саяси-этникалық мәселелердің шешімі күрделі. Аймаққа интеллектуалдық қуат қажет. Петропавл өңірінде арнайы идеологиялық қызмет атқаратын институттар жоққа тән. «Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Петропавл өңірінде қызмет атқаруы қазақ елінің келешегіне, оның тұтастығына, ынтымақтастығына және қауіпсіздігіне көп жәрдем берер еді» деп автор нақты ұсыныс та жасаған.Оны біз күн сайын көріп, сәт сайын куә болып жүрміз. «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек» деген Президент сөзі де осы мақаланы жазуға қамшы болды.

Егер тіл маманы, немесе, қазақ тілін жақсы білетін адам мекемелердің құжаттарын, шығарған бұйрықтарын тексерер болса, олардың денінен орыс тілінен шала аударылған мәтіндерді кезіктірер еді. Олай деуіміздің себебі, соңғы жылдары мәтіндерді компьютер бағдарламалары арқылы аудару етек алды. Редакцияға жолданатын мақалалардан, брифингтерде таратылатын баспасөз өкілдеріне  арналған құжаттардан соны күнде көріп жүрміз. Ондай мәтіндерде қисынсыз аудармалар, қазақша жазылса да түсініксіз сөйлемдер жиі кездеседі. Көбіне сөз мағынасы мүлдем ауысып кетеді. Соған қарап оның аудармашы емес, компьютер аударғанын түсіне қоямыз. Қазақшасына түсіне алмаған соң орыс тіліндегі нұсқасын сұрастырамыз. Сонда барып айтылмақ ойдың төркінін табамыз. Ал, сол түсініксіз мәтіндердің орыс тіліндегі бұйрықтардың мемлекеттік тілге аударылған нұсқасы ретінде пәпкелерде тігулі тұрғаны кәміл. Бәлкім, оқылып, жұмыс жасамаса да бірінші тігіліп те тұрған шығар. Ол заңның орындалғаны болып есептелмек. Олай болуы ықтимал екендігін бірқатар басшылардың журналистер қатынасуымен өтетін брифингтерде оқыған хабарламаларынан байқауға болады. Не туралы айтып тұрғанын өзі түсінбегендіктен, оның мақсаты қазақ әріптерін сүрінбей, тоқтамай оқып шығу ғана болады. Демек, ол өз мекемесіндегі  мемлекеттік тілдегі жазбалар қатесін де көріп, білмейді. Алайда, сол екі тілде тіркелген құжаттар есепке алынып, жоғарыға ақпар беріліп, мемлекеттік тілдің қолданыс  аясының «кеңіп» келе жатқанына жалған үлес болып шығады. Жаңағыдай, жалған аудармалар үшін мемлекет қаражатынан аудармашыға деп ақы төленіп жатса, ол қаражаттың жұмсалуында заң бұзушылықтың да құлағы қылтиып тұрған жоқ па?

Тәжірибемізден айта кетсек, компьютер аудармасын да қолдануға болады. Бірақ, ол аударманы міндетті түрде редакциялап, негізгі мәтінмен салыстырып оқып, түзетулер енгізу керек.

Сондай-ақ, еліміздің солтүстік өңірінде жиналыста сөйлегенде, баяндамалар жасағанда бірер ауыз сөзді ғана мемлекеттік тілде айтып, сосын орыс тіліне көшу дағдысы азаюдың орнына бұрынғыдан да үдеп кетті. Енді, кейінгі толқын жетекшілер, жас толқын басшылар бұрынғылардың бір-екі ауыз сөзін де айтпастан, мемлекеттік тілді ысырып қойып, бірден орысша кірісетін болды. «Босқа қиналып қайтеміз?» дейтін болса керек. Алдыңғылардың пиғыл-ниетін, әлдекімді алдауға құрылған әлгіндей әрекеттерді көріп-біліп те тұр ғой.

Ондай азаматтар бәлкім: «Экономиканы өрістету, салық түсімін түгендеу, инвестиция тарту, заманауи техника жетістіктерін жеткізу үшін қазақ тілінің қажеті қанша?» деп пайымдайтын шығар. Бірақ, жастай сондай биік лауазымға ие болған соң, қазақ елінің игілігін көріп, қазақ елінің атынан сөйлеп, сол елдің байлығына арқа сүйеп, келіссөздер жүргізген соң ел-халықтың абыройын да ойлап, мемлекет заңын, мемлекеттік тілді құрметтеуге де тиіс емес пе? Өкініштісі, алдыңғы буын ағалары ана тілді ардақ тұтпаған соң, кейінгі буын да керек қылмай барады.

Ана тілін азын-шоғын білетіндердің өзі «Сөзімізді бұдан әрі ресми тілде жалғастырайық» деп алып, орыс тіліне біржола көшеді. Ал, осы «ресми тіл» деген түсінік туралы баспасөз бетінде талай рет шегеленіп тұрып жазылып, нүктесі қойылғандай  еді. Өкінішке орай, оны ескеріп жатқан адам жоқ. Көзіқарақтылардың айтуынша, дүниежүзі елдерінде «ресми тіл» деп негізінен мемлекеттік тіл айтылады. Қисынды емес пе? Консититуциямызда орыс тілі туралы  « мемлекеттік органдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар  қолданылады» делінген. Міне, ана тілін үйренгісі келмегендер осындағы «қатар қолданылатын» деген ұғымды мүлдем ұмыт қалдырып, «ресми түрде» деген түсінікке жармасып , айырылар емес.

Мемлекеттік тіл мәселесі туралы «Арқа ажары» газетінің 2021 жылдың 16 қарашадағы санындағы «Мемлекеттік тілдің тағдыры өз қолымызда» деген мақаласында Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір «…бірақ, сол іс-қағаздарының саны мен сапасына кей кездері күмәнмен қарауға тура келеді. Мысалы, сотқа 2021 жылдың 7 айында мемлекеттік мекемелер мен органдардан барлығы 1453 талап арыз түссе, оның 539-ы немесе 37,1 пайызы ғана мемлекеттік тілде берілген. Сонда, іс-қағаздардың үлесі қалайша 100 пайыз болмақ?!» деп жөнсіз мәліметтерді сынға алып, оған қарсы  көптеген деректер келтіреді. «Тіл мәселесінің күрмеуін шешу үшін ең бірінші, мемлекеттік қызметке қабылданатын мамандарға қазақ тілін меңгеруіне қатысты нақты талап қоятын уақыт жетті» деп, өз ұсынысын алға тартады. Бұл мақала да біздің өңірімізде мемлекеттік тіл мәселесінің күрделі екенін көрсетіп тұр.

Шындығында, орыс тілін қолдануды ешкім мүлдем жоққа шығарып жатқан жоқ.

Осы күндері еліміз Конституциясына өзгерістер енгізу туралы талқылаулар жүріп жатыр. Дәл осы тұста жаңағы сөйлем,  анығырақ, тайға таңба басқандай етіп айтылса дұрыс болар еді.

Әлемге екінші ұстаз болып танылған, даңқты ғұлама ғалым әл-Фараби:«Үнінен айырылған,  тілінен және дінінен айырылған халық жер бетінен жойылады» деді. Елінің еңсесін тіктеп, өркениетін оздырған атақты Ататүрік: «Түрік тілінде сөйлемейтін адам өзінің түрік қауымына және түрік мәдениетіне жататынын қаншама қайталаса да, бұған сену дұрыс болмайды…» деді. Сондықтан, жоғарыда айтқанымыздай іске жалындай кірісіп, ел экономикасын көтеруге атсалысып жүрген жастар өз ұлтының тілін де ұмытпаса екен дейміз.

Қазақстан өзінің көпұлтты ерекшелігіне орай, ел ішіндегі ауызбірлігі, ынтымағымен берекеге бөленген ел. Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына арнаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар- ел өркендеуінің берік негізі» деп аталатын Жолдауында бұл мәселеге кеңінен тоқталды. «Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз» деді. Бұл біздің ұлттық ұстанымымыз, мінез-құлқымыз, ата дәстүрімізбен ұштасқан орынды пікір . Бұл жерде тілге ақиық ақын Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген өлең жолдары оралады. Аталмыш Жолдауындағы ойын Президент: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Ата заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл –  қазақ тілі» деп бекіткен еді. Демек, осы бағытта салиқалы жұмыс жүргізіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын жалған ақпарлармен емес, шынайы түрде кеңейте түсуге тиіс емеспіз бе? «Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады» деген Президент пікірі атқа мініп, лауазым иеленіп, айдарынан жел есіп жүрген жас жігіттерге неге ой салмайды?

Көз көріп, көңіл құлазытып жүрген тағы бір жағдай – телевидениеге интервью бергенде, мемлекеттік қызметкерлердің өз сөзін қадалып алып экраннан оқуы. Құдды бір басқа елде, қиналып басқа тілде сөйлеп тұрғандай. Бір-екі ауыз деректі ана тілінде баяндап бере алмайды. Ең болмаса, мәліметті қайта-қайта оқып, сосын өз сөзімен айтып берсе, болмас па? Әлгіндей  оқу телевизор қарап отырған көрерменге  қаншалық әсер ететінін, жас ұрпағының ана тілін білмей, сүрініп-қабынып тұрғанын көру оларды өкінтетінін ескерсек-ау.

Егер еліміздің солтүстік өңірі тұрғындарының тілі, қолданыстағы сөздері зерттеліп, қағазға түсіріліп, сараланар болса, кірме сөздер үлесінің өсіп бара жатқанын  көрер едік. Жалпы, көршілес ел тілінің ықпалы, енуі болмай қоймайтын үрдіс. Ол түсінікті. Бірақ, бұрын осыншама қарқынмен жүрмейтін. Жастарда ана тілінде сөйлеуге, оның тазалығын сақтауға деген ниет мықты болмағандықтан, кірме сөздер көптеп еніп, орнығуда. Арада енді біраз жылдар өткенде олар өз сөзіміздей көрінер. Мысалы, «кезекшілікке бару»  – «дежурға бару», «көлікті от алдыру» – «машина завайттау», «баққа бару» – «паркке бару деген сияқты.

Отыз жыл айтылды, қоғамдар ұйымдастырылды, ұйымдар құрылды,  «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» делінді, бір уақ ана тіліміздің, мемлекеттік тілдің дамуына бет бұрылғандай әсер де болған . Бірақ, қайта айналып, сол көне соқпаққа түсе бердік. Әлі күнге тіліміз шетте, жоғарыға есеп беру үшін ырымы жасалып қана қойылады. Ниет, пиғыл жаңағыдай. Ендігі үміт – Жаңа Қазақстан құру, екінші Қазақстан құру үстінде атқарылар нақты жұмыстарда, шынайы ақпарларда. Осы кезеңде мемлекеттік қызметкерлерге, билік өкілдеріне талап күшейе түссе дейміз. Тәрбие жұмыстары, әдеби, мәдени шаралар құр есеп үшін емес, тиімді өткізілсе.

Президентіміз Жолдауында: «Бабалар аманатына адал болып, оны ұрпаққа табыстау- мен үшін киелі парыз» десе, бабаларымыздың асыл аманатының бірі осы – ана тіліміз емес пе? Жаңару мен жаңғыру жолына түскен елімізде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін жаңа деңгейге көтеруге жұмылайық.

                                                                                     Серік Жетпісқалиев,

 «Арқа ажарының» өз тілшісі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар