Талантты жастар топ жарды

Жуырда Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен облысымызда талантты жастардың облыстық  «Студенттік көктем – 2022» фестивалі болып өтті.

Фестивальдің басты мақсаты Ақмола облысы жастарының шығармашылық қызметі үшін жағдай жасау, өңірдегі студент жастардың адамгершілік және мәдени әлеуетін арттыру, студенттерді эстетикалық тәрбиелеу жүйесін жетілдіру және жастардың бойында белсенді азаматтық ұстаным, әлеуметтік жауапкершілік, патриоттық сезім, жоғары адамгершілік және көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру болып табылады.

Конкурстық бағдарлама театр-зияткерлік, ақпараттық-технологиялық және әскери-патриоттық бағыттарды қамтыды. Фестиваль «Cover-нұсқа», «Не? Қайда? Қашан?», «STUD VESNA» аруы, «Үздік мобилограф» және «Толық бөлшектеу-ММГ АК-74 құрастыру» сияқты аталымдардан тұрды. Фестивальдің конкурстық бағдарламаларының әр аталымы бойынша ұйымдастыру комитеті қазылар алқасын құрды. Қазылар алқасының құрамын ұйымдастыру комитетінің төрағасы бекітті.

–Атап өтерлігі, «Студенттік көктем» фестивалі Ақмола облысында алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Жастардың қызығушылығын, ұйымшылдығын көріп, көз қуанады. «Болашақ сарайы» осы күндері  сұлулыққа тұнып тұрғандай еді. Жастардың жарқылдаған шаттығы,  әуелеген әні, шұғылалы биі көңілдерді көктем шуағындай қуанышқа бөледі, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Мәнсия Есекеева.

Фестиваль аясында өткен «STUD VESNA-2022» аруы» байқауы тартысты өтіп, ақылына көркі жарасқан қыздар көрермен қошаметіне бөленді. Осы байқау нәтижесі бойынша Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Әсел Мейрамбекқызы үздік деп танылса, Көкшетау азаматтық қорғау жоғары көпсалалы колледжінің студенті Вероника Павленко байқаудың вице-аруы атанды, ал, Щучинск жоғары педагогикалық колледжінің білім алушысы Дилназ Сапарқызы ІІ-ші вице-аруы атанды. Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінің студенті  Әнел Нұғыманова «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ие болды.

Ал, «Үздік мобилограф» аталымында Щучинск жоғары техникалық колледжінен Әлихан Мұрат 1 орынды иеленсе, жүлделі 2-ші орынды Щучинск жоғары техникалық колледжінен Владимир Пономарев пен Мәлік Ғабдулин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясынан қатысқан Қамбар Құрманғалиев өзара бөлісті. Жүлделі үшінші орынмен Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенті Данил Денисов және Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенті Арайлым Алдабергенқызы марапатталды. Көкшетау жоғары техникалық колледжінің білім алушысы Әнуар Төлеутаев «Креативті тәсіл» аталымының иегері атанды.

Жоғарыда атап өткеніміздей фестиваль аясында бірнеше мәдени іс-шара өтті. Солардың бірі – «Не? Қайда? Қашан?» деп аталатын интеллектуалды ойын. Бұл ойында «Көкшетау студенттер Альянсы» командасы жеңіске жетсе, жүлделі екінші орыннан Ақмола облыстық «Думан» педагогикалық отрядының «Натриум» командасы көрінді. Ал 3-орынды «Kokshe Jastary» командасы иеленді.

Қыздар арасында өткен әскери-патриоттық бағыттағы байқауда 1-орынды Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжінің студенті Дильназ Айкешова жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды осы педагогикалық колледждің студенті Фаризат Ақпаева, ал, 3-орынды Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінен Аида Нұрланова иеленді. Тартысты өткен ойындардың бірі «АК-74 ММГ бөлшектерін жинау, қаруды оқтау, №8 нысанаға дәлдеп пнематикалық винтовкадан ату» байқауы. Осы тартысты сайыста Көкшетау жоғары техникалық колледжінен Темірбек Бақытбек 1-орынды иеленді. Жүлделі 2-орынмен Көкшетау құрылыс-технологиялық колледжінен Чемезов Вадим марапатталды. 3-орынды Ж.Мусин атындағы Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінен Жамбыл Әділет қанжығасына байлады.

Фестивальді қорытындылаған «Cover-нұсқа» аталымында Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінен Ақтоты Абрахман мен Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінен келген Абдолла Ақниет жүлделі 1 орынды өзара бөлісті. Ал, 2-орынды Көкшетау жоғары медициналық колледжінің студенті Тоғанасова Райхан және Көкшетау қаласының Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің студенті Айдын Қабділмажит иеленді. 3-орынға Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінен Мұхтар Әмина мен Сәуле Насимованың «Сарын» дуэті, Біржан сал атындағы Көкшетау музыкалық колледжінен қатысқан Прямосудова Екатерина мен Қосшы қаласының №2 орта мектебінен келіп қатысқан Үсенова Қызғалдақ ие болды.

Фестиваль лауреаттары дипломдар мен ақшалай сертификаттар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ..

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар