Алтын дәннің Кенжетайы

Алдымен, Социалистік Еңбек Ері атағы туралы. Бұрынғы Кеңестер Одағында бұл жоғары атақ 1938 жылы бекітілді. Социалистік Еңбек Ерлеріне КСРО-ның жоғары марапаты – Ленин ордені, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Грамотасы тапсырылатын, ал, 1940 жылдан бастап «Орақ пен Балға» алтын медалі табыс етілетін болды.КСРО құрамында болған біздің Ақмола, Көкшетау облыстары тұрғындарының ішінен Социалистік  Еңбек Ері атағын екі жүз адам иеленді. Солардың  бірі – еңбек десе ішер асын жерге қоятын Кенжетай Рамазанов еді.

Кенжетай Рамазанов 1932 жылы 2 мамырда бұрынғы Көкшетау облысы Арықбалық ауданыныңӘлжан ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1946 жылы Шу-Алматы темір жолының құрылысында жұмысшы болып бастады. 1948 жылы тракторшылар курсын бітірді. 1952-1955 жылдары Кеңес әскері қатарында қызмет етті. Демобилизациядан кейін ол өзінің Көкше өңірінде «Правда» газеті атындағы совхозда механизатор болып жұмыс істеді. 1961 жылдан Арықбалық ауданы «Лобанов» совхозының трактор-егіс бригадасының бригадирі болды. «Лобанов» совхозында Кенжетайдытәжірибелі және ынталы механизатор, қабілеттібригадир ретінде білетін. Ол өзіне тапсырылған кез-келген жұмысты ойдағыдай орындап, оны мүмкіндігінше жақсы атқаруға тырысты. Басшының жеке үлгісі ұжым мүшелерін де шабыттандырып, еселі еңбекке жетеледі.

Сегізінші бесжылдықта Кенжетай ағамыз басқарған бригада бойынша дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарына 16,1 центнерді құрады. Ал, 1971 жылы бригада гектарына 19,4 центнерден астық алды. 1972 жылы осыерен еңбегі үшін даңғайыр диқан  Ленин орденімен марапатталды.1973 жылы Кенжетай Рамазановтың бригадасы гектарына орташа есеппен  20,8 центнерден жоғары өнім жинап, егіншілік мәдениеті жоғары ұжым екендігін тағы бір дәлелдеді. Еңбектегі осы жоғары көрсеткіштері үшін даңқты ағамызға КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Ленин ордені және «Орақ пен Балға» алтын медалі табыс етіліп, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді. Сондай-ақ, ол өзінің өнегелі еңбек жолында Ленин және «Құрмет Белгісі» ордендерімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалі, тағы басқа наградалармен марапатталған.1996 жылы өкінішке орай, ел мерейін тасытқан есіл ер ерте қайтыс болды.

Ақмола облысының мемлекеттік архив қорында Социалистік Еңбек Ерлерінің құжаттар коллекциясы бар. Ақмола облысының Социалистік Еңбек Ерлері коллекциясы тізілімдемесінде келесідей құжаттар енгізілген: өмірбаяндары, биографиялық анықтамалығы, мінездеме, өндіріс озаттарына Социалистік Еңбек Ері атағын беру туралы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлықтарынан үзінділер, Социалистік Еңбек Ерлерінің тізімі, орден кітапшаларының, мақтау қағаздарының көшірмелері. Сондай-ақ, осы құжаттардың негізінде, Ақмола облысының мемлекеттік архиві Социалистік Еңбек Ерлері атты өмірбаяндық анықтаманы жарыққа шығарды. Анықтамалықта Еңбек Ерлерінің өмірбаяндық мәліметтері, қызмет жолындағы және еңбектегі ерліктері сипатталған.

Биыл ерен еңбегімен есімі ел есінде қалған КенжетайРамазановтың  туғанына 90 жыл толып отыр. Қанша жыл өтсе де елі үшін, туған жері үшін аянбай қызмет еткен ірі тұлғаларымыздың ерлігі халық жадынан еш ұмытылмайды.Өз ісіне адал, асқан еңбекқор, ұйымдастырушылық қабілеті зор, өзіне де, өзгелерге де талап қойғыш  Кенжетай Рамазановтың қызмет жолы өскелең ұрпаққа үлгі. Есімі мәңгі ел есінде жасай береді.

Әсем ӘЛДІБЕКОВА,

Ақмола облысының мемлекеттік архивінің қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар