«Жарқынның» жұлдызды жолдары

Би өнері тылсым күшке ие екендігі даусыз. Әр ишара, әр қимыл тілмен айтып жеткізгісіз сырға толы. Он жылдан астам уақыт бойы беделді би ұжымына айналған «Жарқынның» өнер соқпағындағы өзіндік қалыптасу дәстүрі айрықша атап айтуға әбден лайықты.

Әуел баста ансамбльдің негізін қалап, көркемдік жетекшісі болған Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің хореграфия пәндерінің сарапшы оқытушысы Гүлмира Ордабаева. Мақсаты да құптарлық. Өнерге құмар жастар арасында қазақтың ұлттық биін кеңінен насихаттау. Осы бағытта талабы тас жарарлық ерекше ынтамен жұмыс істеп келеді. Сөз арасында дәл мұндай ұжым біздің өңірде саусақпен санарлық екендігін ескеретін болсақ, әлбетте би ансамблінің құрамындағы өнерпаздардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

2011 жылы қалыптасып, өнер өлкесіне қадам басқаннан кейін бірден «Ақмола жұлдыздары-2012» көркемөнерпаздар байқауында жасындай жарқ етіп көзге түсті. Әсем де әдемі, мазмұн мен мағынаға толы ұлттық биіміздің сырлы сымбатын ғана емес, түсіне білген адамға көркем ой салатын бимен көрінді. Бұдан былай тәжірибе жинақтау, шеберліктерін ұштау жалғаса берді. Аз ғана уақыттың ішінде өз өнерлерін көрсетіп, көпшілік қошеметіне бөленді. Бишілердің биігін оқырмандардың көз алдына елестету үшін сол 2012 жылдың сәуір айында ансамбль облыстық үшінші ұлттық жастар Дельфий ойындарына қатысып, «Халық биі» аталымы бойынша топ жарды. Бұл өздері үшін ғана емес, тұтас білім мекемесі үшін үлкен абырой болатын.

Талаптың тұлпарын мінген жалынды жастардан құралған би ұжымы 2012 жылы Түркияның Амассия қаласында фольклорлық ансамбльдер фестиваліне қатысып, алғаш рет халықаралық дәрежеде өнер көрсетті. Бұл арада колледж білім алушыларынан құралған ұжымның Ресей, Иран, Греция, Әзірбайжан. Түркия, Босния тәрізді мемлекеттердің халық фольклорлық ансамбльдерімен үзеңгі қағыстырып, жарқын өнердің жасампаз отын лаулатқандығын айта кеткеніміз абзал. Түркиядан табысты оралғаннан кейін VІІІ ұлттық жастар Дельфий ойындарында да қатысу міндеті тұр еді. Халықаралық жарыстан қанаттанып оралған олар бірінші орынға ие болды. Шын мәнінде бұл жас ұжым мен оның жетекшісінің үлкен еңбегінің нәтижесі еді.

Он екі жыл ішінде «Жарқын» халықтық би ансамблі толымды табыстарға қол жеткізді. Сәл ғана саралап айтатын болсақ, 2013 жылы «халықтық би ансамблі» атағына ие болды. Осыдан бастап жемісті жылдар шежіресі басталды. 2015 жылы Астана қаласында  ХІ республикалық жастар Дельфий ойындарында алтын медаль иеленсе, 2016 жылы «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің дипломанты атанды. Махачкала қаласында өткен «Каспий – достық жағалауы» екінші халықаралық халық шығармашылық фестивалінің дипломанты ретінде танылды. Жіпке тізгендей етіп сабақтай берсеңіз, тәжірибесі толысып, шеберлігі шыңдалған би ансамблі облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда оза шауып, жүлделі орындарға ие болды. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Би шуағы» бірінші республикалық хореографиялық өнер байқауының бас жүлдесін еншіледі. Осындай толымды табыстарға жеткен ұжымның басты мақсаты ұлттық би өнерінің жарқын да жасампаз келбетін көрсетіп, Алаш жұртын ақсүйек өнермен қауыштыру. Нәтижесінде хореография сабағында қойылған хореографиялық композицияны би және эмоционалдық бейнені беру арқылы орындауға мүмкіндік тудыратын ұжымның қатысушыларының би лексикасын орындау техникасы толайым дамыды.

Республикамызға танымал, атақты балетмейстер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Зәуре Әжібекова, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, профессор Айгүл Кулбекова,  колледждің жетекші хореографы Андрей Погорелый, «Гәкку» би ансамблінің жетекшісі әрі бас балетмейстері Гүлмира Ордабаеваның қамқорлығымен үлкен шығармашылық жұмыс жүргізілді. Міне, осындай білікті мамандардың арқасында ұжымның шеберлігі жыл сайын шыңдалып, қалыптаса түсті.

Би ансамблінің репертуарында «Жарқын», «Ұлттық бояу», «Жайлауда», «Дархан далам», «Көкем», «Мереке думан, «Бұраң бел», «Сезім сыры» тәрізді көптеген қойылымдар бар. Ансамбль мүшелері де тамаша жетістіктерге жетті. Оның барлығы ұяда көрген өнегенің өмірде өз орнын табуы.  «Жарқынның»  жарқын да шуақты жолы әр мүшесінің көкірегінде айшықталып, жалғаса бермек.

Салтанат СМАҚОВА,

Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің кітапханашысы. 

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар