Келер жылы Көкшетаудың іргесіндегі Қопа көлін тазарту жұмыстары басталады. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қопа көлін тазарту бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. «Жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін осы жұмыстарға бюджет қаражатын бөлуге бюджеттік өтінім берілетін болады. Жобаның құны 12,1 миллиард теңгеге бағаланып отыр.
Бұл шаралар «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасына енгізілген. Егер жыл соңына дейін жобалау-сметалық құжаттама дайын болса, онда 2023 жылдан бастап Қопа көлін тазарту жұмыстары басталады», — деді Көкшетауда журналистермен өткен брифингіде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев.
Министр атап өткендей, Қопа көлінен бөлек, Ақмола облысында Бурабай, Щучье көлдерін тазарту жоспарланып отыр. С.Брекешев сондай-ақ алдағы үш жылда елімізде 9 жаңа су қоймасы салынатынын айтты.