Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қобызшы Татьяна – қазақтың келіні - АРҚА АЖАРЫ

Қобызшы Татьяна – қазақтың келіні

Ежелден Көкше жері ән меккесі саналады. «Арқаға барып, әншімін деме…» деген сөз бекерден-бекер айтылмаса керек-ті. Алайда,  ән Меккесінде қобызшы сирек кездеседі. Қорқыттан қалған сарқытты құдіретке балап, бар ғұмырын осы киелі аспаппен сабақтастырған жандарды көргенде елең ете түсесің. Бұл жолғы таңданысымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Себебі, киелі аспапты меңгерген орыс қызы Татьянамен жолығып, жақынырақ танысуымыздың сәті түсті.

Татьяна Мұхамеджанова 1968 жылы Көкшетау қаласында дүниеге келген. Алты жасынан бастап, Көкшетау қаласындағы балалар музыка мектебінде скрипка аспабы бойынша тәлім алған. 1984 жылы орта мектепті тәмамдасымен, Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық училищесіне  скрипкашы мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1988 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Осы жылдары облыстық филармония жанынан симфониялық оркестр құрылса керек. Аталмыш симфониялық оркестрге өңірімізге танымал музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Борис Лагода жетекшілік етіп,жанына облыстың өнерпаздарын жинайды. Татьяна да оқу бітірісімен осы симфониялық оркестр құрамына жұмысқа шақырылып, күні бүгінге дейін филармонияда еселі еңбек етіп келеді. Бір атап өтерлігі, сол жылдары біздің өңірде ашылған симфониялық оркестр еліміздегі үшінші оркестр екен. Бұған дейін мұндай өнер ұжымдары Алматы мен Қарағанды қалаларында ғана болса керек.

–Тоқсаныншы жылдардың басында қазақ ұлт аспаптары оркестрі құрылды. Сол жылдары оркестр құрамында қобызшылар некен-саяқ еді. Әріптестерім, «Татьяна, қобыз тартып үйреніп көрсең қалай болады?» деп қолқа салды. Мен бұрыннан да қобызға қызығушылық танытып жүретін едім.Қолым қобыз шанағына тиген сәттен-ақ, бір сиқыр мені баурап алғандай әсерге  бөлендім. Қобыздың үнінде бір тылсым күш бар. Жаныңды сөзсіз сұлулыққа, риясыз жылулыққа бөлеп, жүректі мұңнан тазартып, бір рахат күй кешесің. Кез келген істің өз қиындығы бар. Қобызды меңгеру оңай-оспақ шаруа емес. Біліміңді жетілдірмейінше, абырой биігінен көрінемін деу бекершілік. Мен осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысындағы Манаш Қозыбаев атындағы мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, қобызшы мамандығын меңгердім,–дейді Татьянаның өзі.

Қазіргі таңда Татьяна К.Күмісбеков атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінде қобызшы болып жұмыс істеп жүргеніне отыз жылдан астам уақыт болыпты. Әуелден адамның атын шығаратын қасиеттің бірі – еңбекқорлыққой. Бізді ерекше тамсандырғаны Татьянаның білімге деген құштарлығы. Ол әуелгі колледжде алған білімін одан әрі толықтыра түсейін деген мақсатта Ресейдің Челябинск мемлекеттік мәдениет иститутында скрипка мамандығы бойынша да диплом алған. Сонымен қатар,  осы оқу орынында флейта аспабын меңгеріп, осы мамандық иесі атанған. Яғни, Татьяна қазіргі таңда скрипка, қобыз, флейта аспаптарында кез-келген шығарманы ойнай алатын бесаспап музыкант.

Музыка саласының майталманы ретінде Татьяна Қазақстан Республикасының 20 жылдығына орай, Елордада өткен салтанатты шараға қатысып, Тұңғыш Президент, Елбасының алдында өнер көрсету құрметіне ие болған.

Татьяна – қазақ келіні. Отбасындағы ұлы мен қызы да әке мен ана жолын жалғастырып жүрген музыканттар. Ұлтымыздың дәстүрін жадына тоқып, ұлттық аспапты меңгеріп, ұлттық құндылығымызға құрметпен қарайтын Татьянаның өмірі де, өнері де өзгеге үлгі боларлықтай. Татьянаның өзі Қазақстанда туғанын мақтан етеді.

– Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясындағы өнер ұжымындағы әріптестерімнің барлығы жанашыр, бәрін де бауырымдай көремін. Әріптестер тарапынан үнемі қолдау көріп келемін. Қазақтың дәстүрін де, тілін де, қатты құрметтеймін. Қазақстан менің бақыт мекенім. Туған жеріме тынымсыз еңбек етуге әрдайым әзірмін, — дейді Татьяна.

Киелі аспаптың құдіретін сезінген орыс қызына тамсана қарап, тәнті бола түсіп, алдағы уақытта да шығармашылық жетістіктерің мол болсын дейміз.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суретте: қобызшы Татьяна Мұхамеджанова.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар