ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АҚМОЛА АССАМБЛЕЯСЫ МЕН «АРҚА АЖАРЫ» ГАЗЕТІНІҢ БІРЛЕСКЕН ЖОБАСЫ

Бейбітшілік пен тұрақтылық – басты байлығымыз

Қазақстан халқының бірлігі күні – Қазақстанда жыл сайын атап өтілетін достық пен татулықтың мейрамы. 1995 жылдың 18 қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған болатын. Мереке 1996 жылдан бастап аталып өтіліп келеді. Мақсаты ел ішіндегі түрлі ұлт пен дін өкілдерінің бір-біріне деген сый-құрметін арттырып, татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды насихаттау болып табылады.

«Бірлік болмай, тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел оң тірлік жасаудан жалыққан емес. «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» деген қағиданы ұстанған біздер үшін бұл мейрамның орны ерекше. Жыл сайын атаулы мерекеде Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі қара шаңырақ астында тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқанын әйгілейді. Сонымен, Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен татулықты, достық пен ертеңге деген үлкен үмітті бейнелейтін бірегей мерекелердің бірі. Ол әрбір қазақстандық үшін ерекше қымбат, өйткені, халық бірлігі біз үшін жай ғана әдемі теңеу емес, бұл баға жетпес құндылық. Бейбітшілік, достық, келісім – бұлар қысқа сөздер болса да, көп мағынаны білдіреді.

Қоғамдық келісімді қамтамасыз ету бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы (ҚХА) мемлекеттік құрылымдармен және азаматтық институттармен тығыз өзара байланыста болып, айтарлықтай жұмыстар жүргізуде. «Қоғамдық келісім» мекемесі Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының (ҚХАА) ресурстық және әдістемелік орталығы бола отырып, этномәдени бірлестіктерге, өзге де қоғамдық құрылымдарға Қазақстан халқы ассамблеясының міндеттерін іске асыруға көмектеседі.

Биыл Достық үйі Қазақстан халқы ассамблеясының, оның этносаралық қатынастар саласындағы өңірлік құрылымдарының қызметін түсіндіруге бағытталған жаңа жобаларды іске асыруда. Олардың арасында жастар мен қала қонақтарына арналған Достық үйіне экскурсия жасауға мүмкіндік беретін «Бірлік – көптүрлілікте» жобасы бар. Жыл басынан бері аталмыш жоба аясында 500-ден астам адамды қамтыған 15 экскурсия өткізілді. Бұл орайда, бізге облыс орталығындағы  А.Мырзахметов атындағы және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеттерінің студенттері, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының, гуманитарлық-техникалық академиясының, жоғары техникалық, Біржан сал атындағы музыкалық, Ж. Мусин атындағы қазақ педагогикалық, Ақан сері атындағы мәдениет, құрылыс колледждерінің білім алушылары келіп, татулық пенк келісімнің ордасына айналған Достық үйінің жұмысымен жан-жақты танысты.

Екінші жоба – «Отаным – тағдырым» деп аталады. Мұнда ҚХАА мүшелері, ҚХАА қоғамдық құрылымдарының өкілдері жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерімен және оқушыларымен кездесулер өткізеді. Онда біз облыстық ассамблеяның, этномәдени бірлестіктерінің, Достық үйінің этносаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы айтамыз. Биыл осындай алты кездесу өтті. Бұл бағытта ҚХАА жанындағы облыстық және аудандық Аналар кеңестері де жұмыс істейді. Олар «Мәдени астана Көкшетау –   балалар көзімен» жобасын жүзеге асыруда. Оның аясында аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру, бойларына патриоттық сана-сезімді қалыптастыру мақсатында мұражайларға экскурсиялар өткізіледі.

Жалпы, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында есепті кезеңде «Қоғамдық келісім» мекемесі ҚХАА қоғамдық құрылымдарымен және Көкшетау қаласының этномәдени бірлестіктерімен бірлесіп 3 мыңнан астам адамды қамти отырып, 40-тан астам қоғамдық-маңызды іс-шара ұйымдастырды. Ал, ҚХАА-ның облыс аудандарындағы этномәдени бірлестіктері мен құрылымдары бірлесіп 8 мың адамды қамтитын 246 іс-шара өткізді.

27 жыл ішінде Ассамблея қоғамдық-саяси құрал ретінде өзінің маңыздылығы мен тиімділігін сәтті дәлелдеп, айтарлықтай дамып, жетілді. Ассамблея феномені қазақстандық қоғам бірлігінің терең байланысына, түрлі этностардың өзара тату-тәтті қарым-қатынасына негізделеді.

Бүгінгі таңда бейбітшілік пен тұрақтылық біздің басты байлығымыз және игілігіміз болып табылады. Елімізде тұрып жатқан әрбір этностың тілін, әдет-ғұрпын қадірлеп, құрметтейтін біздің мемлекет бүкіл әлемдік қоғамдастыққа достық пен бірліктің нағыз үлгісін көрсете алды.

Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында барлық ақмолалықтарды осы жарқын мерекемен құттықтағым келеді. Әрбір отбасына денсаулық, бейбітшілік, амандық тілеймін. Бірлігі мен татулығы жарасқан елімізде әркім өзін бақытты сезінсін, ал, біздің сүйікті еліміз дамып, көркейе берсін!

Ермек НҰҒЫМАНОВ,

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы

«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.

 

Түрлі ұлт өкілдерін отансүйгіштік пен өзара ынтымаққа баулимыз

Бүгінгі таңда әлем үлкен таңдау алдында тұр. Бұл әртүрлі өркениеттер мен мәдениеттердің қақтығысы не олардың арасындағы өзара жақсы қарым-қатынас пен диалог құру не болмаса өзара түсіністік пен келісімге келуге деген ұмтылыс. Толеранттылыққа тәрбиелеу деген қызығушылық қоғамның жалпы, жаһандану процесінде көптеген тұлғааралық және ұлтаралық қақтығыстарға байланысты туындауда. Себебі, ол кез келген ұлт пен дінге сенетін адамға қатысты зорлық-зомбылық пен кемсітушілік көріністерін төмендетуші фактор болып табылады.

Жоғары оқу орнындағы толеранттылыққа тәрбиелеу – жоғары мектептің өзекті заманауи міндеті. Жоғары білім көп мәдениетті білім болып табылады. Қазақстан полиэтникалық мемлекет болғандықтан, ұлтаралық жанжалдардың алдын алу, толеранттылық, ұлттық мәдениетті, дәстүрлерді жаңғырту, жеке тұлғаны оқыту және тәрбиелеу процесіндегі ұлттық ерекшеліктерді ескеру бүгінде этномәдени сипаттағы өзекті проблемаға айналып отыр.

Біздің университеттің мақсаты – Қазақстанның рухани мұрасын терең игеруге негізделген білім беру жүйесін құру. Толеранттылыққа тәрбиелеу студенттер мен магистранттарды әлемдік өркениеттің үздік жетістіктеріне баулумен үйлесім табуы тиіс. Бұл жүйе сабақтастықты қалыптастыруға, ұлттық мұраны сақтауға және оның әлемдік рухани дамудағы рөлі мен орнын түсінуге, сондай-ақ, барлық басқа жүйелер мен дәстүрлерге құрмет пен ашықтыққа ықпал етуі тиіс. Өз елінің мұрасына деген сүйіспеншілік пен махаббат адамды басқалардың сезімдерін құрметтеуге, Отан мен халықтың қасіретіне сезімтал болуға шақырады.

Бүгінгі таңда А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде түрлі ұлт өкілдері білім алуда. Білім ордасының студенттері арасында жүргізілген әлеуметтік зерттеу жалпы этноәлеуметтік жағдайдың айтарлықтай қолайлы, тұрақты екенін көрсетті. Жастардың басқа ұлт өкілдеріне деген теріс пиғылы байқалмайды. Студенттердің басым көпшілігі оларға маңындағы азаматтардың этникалық болмысының маңызды емес екенін білдірді. Оларға адамның ұлтынан гөрі, адамшылық жеке қасиеттері маңыздырақ.

Студенттердің пікірінше, ұлтты анықтайтын белгілер – мәдениет, тіл, өмір және дәстүр. Біздің ойымызша, студенттеріміздің көпшілігі басқа ұлттар мен мәдениеттердің адамдарымен қарым-қатынаста ешқашан қиындықтарға тап болмайды. Яғни, біздің студенттермен өткізетін оқу-тәрбие жұмыстарымыз адамдарды жақындастыруға, мәдениеттер тарихына баулуға, салт-дәстүрлер мен тілге құрмет сезімін тәрбиелеуге мүмкіндік беруде.

Студенттер арасында толеранттылық пен этномәдени құзыреттілікті қалыптастыру үшін А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде 2014 жылдың 28 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды. Оның меңгерушісі педагогика ғылымдарының докторы Сәуле Досанова болып табылады. Бұл кафедра ерекше, ол типтік те емес, классикалық та емес. Ол үш міндетті орындайды.

Біріншісі – оқу-тәрбие бағыты. Университетте барлық мамандықтар бойынша «Этникалық және діни толеранттылық негіздері» элективті курстары жүргізіледі. Кафедра студенттері “Қоғамдық келісім” мекемесінде кәсіби тәжірибеден өтеді. Педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушы студенттер үшін «Толеранттылық психологиясы» элективті пәні оқылады.

Екінші міндет – ғылыми қамтамасыз ету. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсенді қатысады. «Толеранттылық – әлем мәдениетіне жол» тақырыбы бойынша теориялық зерттеулер жүргізілуде. Көптеген оқытушылар осы бағытта халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысуда. Мысалы, бірқатар оқытушылар ресейлік әріптестерімен бірлесіп, «Этносаясат анатомиясы» ұжымдық монографиясын жазды. Сондай-ақ «Ақмола облысында қоғамдық келісім мен бірлікті қалыптастырудың ерекшеліктері» еңбегін құрастыруға атсалысты. Кафедра оқытушылары «Педагогикалық конфликтология» оқу құралын жазып, басып шығарды, «Қазақстанның мәдени ерекшеліктері», «Қазақстандағы көптілді жағдай», «Қазақстан халқы Ассамблеясы – Қазақстан Республикасының Бейбітшілік және келісім институты», тағы басқа тақырыптарда дәрістер оқылады.

Үшіншісі – кафедра этносаралық даму, толеранттылық мәселелері белсенді талқыланатын пікірталас алаңы болып табылады, онда түрлі байқаулар, кураторлық сағаттар, дөңгелек үстелдер өткізіледі, көрнекті саяси қайраткерлермен, ғалымдармен және сарапшылармен кездесулер ұйымдастырылады.

Кафедра аймақтық мемлекеттік құрылымдармен, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясымен (ҚХАА), «Аманат» партиясының Ақмола филиалымен, Көкшетау қаласының этно-мәдени бірлестіктерімен, облыстық дін істері, жастар саясаты мәселелері, ішкі саясат басқармасымен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Кафедраның бірқатар мүшелері ҚХАА жанындағы ғылыми-сараптамалық орталықтың жұмысына қатысады. Осылайша, университетте зайырлы білім беру, студент жастарды толеранттылыққа тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасалған.

Білім ордасындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының барлық жұмысы мемлекеттік этносаясатты іске асыруға, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының қойған мақсатына қол жеткізуге, атап айтқанда, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақ халқының топтастырушы рөлін ескере отырып, республикада этносаралық келісімді қамтамасыз етуге ықпал етеді. Кафедра «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен Көкшетау қаласының жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «Мен –Қазақстандықпын!» атты патриоттық тақырыпта бейне тұсаукесер жасау байқауын ұйымдастырды. Шараның мақсаты – студент жастарды отансүйгіштікке баулу, этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімді қалыптастыру болып табылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасы көпұлтты ел бола отырып, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін құрғанына назар аударып, оны қалыптастыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор болғандығын атап өтті. Бүгінде Ассамблея этносаралық келісімді, қоғамдағы толеранттылықты және халық бірлігін одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Ол этномәдени бірлестіктердің күш-жігерін біріктіріп, ұлттық мәдениеттерді, тілдер мен Қазақстан халқының дәстүрлерін жандандыруға, сақтауға және дамытуға көмектеседі. Университетте 16 ұлттың өкілдері кіретін «Өркен» атты студенттік ассамблея жұмыс істейді. Аталған жастар ұйымы ҚХАА-мен өзара тығыз қарым-қатынаста болып,  қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі барлық іс-шараларға белсенді қатысады. Бұл кіші-гірім студенттік ассамблея өздерінің жұмыс жоспарына сәйкес түрлі акциялар, флеш-мобтар, халықтар достығына арналған фестивалдер өткізеді. Мәселен, өткен кезеңде «Бір шаңырақ астында», «Мен қазақша сөйлеймін» және тағы басқа бейне-челлендждер ұйымдастырылды. Жыл сайын оқу орнында күнтізбелік мерекелер өткізіліп, онда жастар халық фольклорына ден қойып, ұлттық өнерді түсініп, сүюге тәрбиеленеді. «Қоғамдық келісім» мекемесімен ынтымақтастықты нығайту, жастардың қоғамдық бірлестіктерін, оның ішінде «Ассамблея жастары» жастар қозғалысын дамыту, азаматтық, қазақстандық бірегейлікті нығайтуға бағытталған бастамаларды қолдау, студенттерді патриотизмге, толеранттылыққа, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке баулу мақсатында ағымдағы жылдың ақпанында екі жақты Меморандумға қол қойылды. Қазір Достық үйімен бірлесіп, «Отаным – тағдырым» жобасын жүзеге асырудамыз.

Біздің университеттің жұмыс тәжірибесі этникалық толеранттылықты дамыту басқа мәдениеттерді қабылдауға, адами қадір-қасиет пен даралықты құрметтеуге, түрлі ұлт өкілдерімен оң өзара іс-қимыл жасауға қабілетті болашақ мамандардың кәсіби қызметке дайындығы да ойдағыдай болатындығын көрсетіп отыр.

Сағынтай ЕЛУБАЕВ,

А.Мырзахметов атындағы

Көкшетау университетінің ректоры,

Қазақстан Респубилкасы ұлттық ғылыми академиясының академигі.

 

Әр ұлттың ана тілі мен ділі ұмытылмауы тиіс

Ақмола облысының «Видергебурт» немістер қоғамының құрылғанына 30 жылдан астам уақыт болыпты. Қазақ халқы секілді неміс ұлты да өз салт-дәстүрлерін бекем ұстанып, тарихына бас иеді. Қазақстанда өз бақытын тауып, тамырын кеңге жайған немістер өз дәстүрлері мен тілін ұмытпауға тырысады.

Бұл қоғамның атауын қазақ тіліне аударсақ, «өркендеу» деген мағынаны білдіреді екен. Қайғылы 1939–1941 жылдардағы тарихи кезеңдерді бастан өткерген немістерді паналатқан қонақжай қазақ халқын  әрдайым құрметтеп, алғысымызды айтып жүреміз.

Ақмола облысындағы немістер қоғамы 1987 жылы құрылған. Қазіргі уақытта қоғамдық бірлестік ана тілін, жастар қозғалысын дамытуға, халыққа әлеуметтік-гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған бірнеше жобаларды іске асыруда. Этномәдени жобалар неміс тілі мен оның мәдениетін сақтауға және насихаттауға арналған. Оларды Атбасар, Щучинск қалалары мен Балкашин ауылындағы біздің филиалдарымыз іске асыруда. Жоба аясында ұлттық және мемлекеттік мерекелерді атап өтіп, жұртшылық назарына неміс фильмдерін, түрлі көрмелерді, шеберлік сыныптарын ұсынып, тренингтер өткіземіз.

Қоғамдық бірлестік жанындағы «Зодиак» жастар клубының мүшелері бірнеше жылдан бері театр студиясын ашып, жұмыс істеуде. Биыл би үйірмесі өз жұмысын бастап, оның алғашқы дебюті Пасха іс-шарасында өтті. Бұдан басқа, бірлестікте балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі үйірмелер тұрақты жұмыс істейді. Жастардың жобалары ұлттық сана-сезімді нығайтуға, мультимәдениет рухында тәрбиелеуге және басқа ұлт өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталған. Жастардың барлық жобалары неміс халқының тілімен, тарихымен, салт-дәстүрлерімен байланысты. «Зодиак» жастар клубының Щучинск және Атбасар қалаларында филиалдары бар.

Біздің облыста ересектерге, жастар мен балаларға арналған тілдік жоба 30 жылға жуық табысты жұмыс істеп келеді. Бұл жобаның мақсаты – неміс тілін оқыту, оның өзіндік ерекшелігін сақтау, күнделікті өмірде отбасында  неміс тілінде сөйлеу және қажет болған жағдайда шетелде қолдану. Бұл курстарға немістер ғана емес, басқа ұлт өкілдері де қызығушылық танытып, үйренуде. Бұған интернационал некелер себеп болуы мүмкін, мәселен, ерлі-зайыптылардың бірі неміс болса, онда  екіншісі туыстарының күнделікті сөзін түсіну үшін осы курстарға қатысады. Біздің курстарды Гете атындағы, басқа да  Мәскеудегі, Германиядағы институттарда өз біліктіліктерін үнемі арттырып отыратын тәжірибелі оқытушылар жүргізеді.

Бес жылдан бері «Авангард» жобасы жүзеге асырылуда, оның аясында неміс және ағылшын тілі мұғалімі, дәрігер және басқа да мамандықтар бойынша 40 шақты студент білім алуда. Бұл жоба Ш.Уәлихаов атындағы Көкшетау университетімен тығыз байланыста іске асырылуда. Жемісті ынтымақтастық үшін қоғамдық бірлестік жанынан шет тілдері кафедрасының филиалы құрылды. 2021 жылы біздің авангардистеріміздің алғашқы легі оқу бітірді, олар қазіргі уақытта біздің филиалдарда жұмыс істеуде.

Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен ақталған азаматтарды қолдауға бағытталған біздің әлеуметтік-гуманитарлық жобаларымыз қоғамда кеңінен танылған. Өткен жылы азық-түлік пакеті түріндегі материалдық көмекті 559 адамға табыстадық. Ал, 2022 жылдың бірінші тоқсанында облыс бойынша 83 азық-түлік пакеті мұқтаж жандарға жеткізіліп берілді. Сатып алынған дәрі-дәрмектер мен медициналық құралдар үшін өтемақы беру жобасы бойынша 40 адамға қаржы бөлінді, олардың 5-еуі бірінші тоқсанда өтемақы алды. Материалдық игіліктерден басқа, біз қоғамда қиын жағдайға тап болған мұқтаж адамдарға тоқсан сайын тегін психологиялық тренингтер, медициналық ағартушылық дәрістер өткізіп, тар шеңбердегі дәрігерлердің қабылдауына баруға жағдай жасаймыз.

Біздің жобаларымыздағы мақсатты топтардың әртүрлі болуы ұрпақтар сабақтастығын үйлестіруге, білім мен тәжірибені үлкендердің кішіге беру принципін сақтауға мүмкіндік береді. Аға буын өкілдері жастардың шеберлік сабақтарына қатысады. Неміс асханасын ұйымдастырғанда әр түрлі ұлттық тағамдар дайындайды, содан кейін үстелден дәм татып, «Синьор» вокалды тобының мүшелері насихаттайтын неміс әндері айтылады. Сонымен бірге, қоғамдық бірлестік компьютерлік сауаттылық курстарын да жүргізеді. Онда жасы үлкендер компьютерлік оқытумен қамтылып, ақпараттық технологияларды, гаджеттерді, интернетті және тағы да басқа басқару және пайдалану дағдыларын меңгереді.

Ақмола облыстық «Видергебурт» немістер қоғамы бейбітшілікті, келісімді, өзара түсіністікті және бір-біріне деген құрметті сақтауға бағытталған жаңа пайдалы жобаларды жасау үшін үнемі жұмыс істейді.

Сөз соңында барша ақмолалықтарды келе жатқан 1 мамыр –Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтаймын. Бір шаңырақ астында татулығымыз бен бірлігіміз, достығымымыз бен сеніміміз жарасып, ынтымақта өмір сүрейік деп тілегім келеді.

Светлана КОРНЕЕВА,

Қазақстан халқы Ақмола

ассамблеясының мүшесі,

облыстық Видергебурт» неміс қоғамдық

бірлестігінің төрайымы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар