Көкшетаудағы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі: 59 млн теңгенің өнімі саудаға шығарылды

Өткен сенбі күні облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында  ауыл шаруашылығы  жәрмеңкесі болып өтті. Оған Аршалы, Жарқайың, Жақсы, Егіндікөл, Есіл, Ерейментау, Қорғалжын, Целиноград аудандарының ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілері 59 миллион теңгенің 55 тонна өнімін әкеліп, саудалады. Жәрмеңкені Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аралап көріп, оң бағасын берді.

Күн жаймашауақ, мереке қарсаңы болған соң ба қала тұрғындары жәрмеңкеге көптеп келді.  Облыс орталығы көркемөнерпаздарының концері азық-түлік таңдаған жұрттың көңіл-күйін көтере түскен. Сауда қызу жүрді. Нәтижесінде бұл жолғы жәрмеңкеде 29 тонна ет пен шұжық, 2 тонна балық, 5,5 тонна сүт өнімдері, 1 тонна ұн,  7 тонна картоп, 150 мың дана жұмыртқа сатылды. Жалпы, сөрелерде азық-түліктің 40 -тан астам түрі болды. Ең бастысы, баға базар нарқынан 10- 15 пайызға төмен. Мәселен, сиыр еті -2000,  қой еті -2100, тауық еті-1000  балық- 500 , сары май 2500-3000 ,бірінші сұрыпты ұн -150 теңгеден сатылды.

«Жәрмеңкенің еті біріншіден базардағыдан арзанырақ. Екіншіден, жаңа сойылған мал етін алмақпыз. Оның үстіне қазақша мүше-мүше қылып бұзылып, буын-буыннан бөлініп сойылғанын көріп тұрмыз. Семіз, әрі жас мал! Қысқасы жәрмеңке тауарының артықшылығы көп!», – деп Есіл ауданыны құрған сөреге  кезекте тұрған Ақмайраш Тәсенова, Орынгүл Хасенова, Бибәтима Тәутеновалар бір ауыздан сатушыларға ризашылықтарын айтты.

Бауыржан атты жігіт жарты құлаштай болатын карпты Қорғалжын ауданынан әкеліп сатып жатқандардан алғанын ағынан жарыла айтты:- Мен Қорғалжынның балығын жәрмеңке болған сайын арнайы келіп аламын. Көлдері таза болан соң ба, балықтары өте дәмді келеді. Мына балық 12 мың теңгеге шықты. Сол бағасына татиды!

Өзінің отбасы мүшелерімен бірге келген Ербол Алпысбаев та күнділікті тұтынатын сұйық май, қант, ұн, картоп, сүт өнімдерін арзан бағаға алғанын айтты.

«Біз жәрмеңкеге үнемі отбасымызбен бірге келеміз. Бір жағынан ұтымды сауда жасасақ, екінші жағынан концерт тамашалап, ән-күй тыңдап қайтамыз. Мұндағы көңіл-күй ұнайды. Абыр-сабыр көңілді адамдарды көрудің өзі қызық емес пе?!», – дейді ол.

Ораза айт мерекесіне санаулы күндер қалғаны белгілі. Сол мереке де дайындалып, ауылдық  жердің сапалы тауарын таңдап-таңдап алып жүргендер көп.  Жаңа сойылған семіз қой етін түгел арқалап бара жатқандар да көрінеді.

Жәрмеңкені аралаған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев аудандардан келген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен, сондай-ақ тұтынушылармен пікірлесіп, тұрғындар көңілінен шығатын осындай шаралардың алға қарай да ұйымдастырылып тұратындағын айтты.

                                                          Серік Сапарұлы,

                                  «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар