Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қазақ күресін көп жазып еді - АРҚА АЖАРЫ

Қазақ күресін көп жазып еді

8 мамыр «Арқа ажары» газетінде басшылық қызмет атқарған белгілі журналист Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаевтың туған күні. Көзі тірі болса осы күні 71 жасқа толар еді. Жылда туған күні Жеңіс мейрамымен орайлас келетін әріптесіміз туралы  бұл жолы да үнсіз қала алмадық.

 Спорт тақырыбына қалам тербеген журналистер саусақпен санарлық. Әр қилы жарыстан хабар-ошар жазу өз алдына бір басқа, ал ауқымы кең мәселесі шашетектен болып жататын спорт тақырыбын жазу, оның ішкі тыныс-тіршілігіне бойлап ену екінің-бірінің қолынан келе бермейтіндігі анық. Бұл өзге журналистерді төмендету емес, көзі қарақты оқырман баспасөз бетіндегі ой-толғамдарына қарап, әрқайсысының оң жанбасына келетін тақырыптары бар екендігін жақсы біледі. Көкше өңірінде күнделікті өтіп жататын спорт сайыстарын былай қойғанда ел біріншіліктері, халықаралық турнирлер, Азия, Әлем, Олимпиадалық додаларда топ жарған жерлестеріміздің жетістіктерін жеріне жеткізе, жан-жақты жазып, оқырман қауымға алғашқы болып ұсынатын қаламгердің бірі Дәуренбек Шөрентаев еді. Жасым біршама үлкен болса да абыройы артық, беделі жоғары досымды құрмет тұтып, Дәке деуші едім. Әркім сыйлағанның құлы, мен білетін Дәкең барынша қарапайым, кішіпейіл, кіммен болса да тіл табыса кететін өте мәдениетті, ең бастысы, жазу өнерін жақсы білетін журналист еді. Тіл өнерін шебер меңгергендігі жазғанынан ғана емес, сөйлегенінен-ақ айқын аңғарылып тұратын.

Спорт саласын қаужай жазып, жастарды оған тарту мәселесін көтеруден жалықпайтын қаламы жүйрік журналистің алдына қойған мақсаты тым биік еді. Арманы да көп болатын. Ол Көкшетаудың даңқы ән-жырымен ғана емес, ел жұртының мерейін асқақтатқан спортшыларымен де шықса екен деп тілейтін. Жалаулы жарысты желбірете жазу бар да, сол жарысқа жету жолын жазу бар.

Ауыл спорты, кенжелеп қалған спорт түрлері Дәкеңнің қаламынан қағыс қалған жоқ. Кемшіліктерді де батыл жазды. Мәселе сынауда ғана емес, спорттың дамымай жатқан түйткілді тұстарының тезірек жойылып, мәселенің шешілуін дәл көрсетуде ғой. Осы тақырыпта ұзақ жылдан бері қалам тартқандықтан ба екен Дәуренбек Ақбекұлы спорт әлемінің тыныс-тіршілігін жақсы білетін. Облыста, жалпы елімізде спорт саласының аяқ алысын зерттеп жүруді алдына мақсат етіп қойған ол бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде талай мәрте өзекті тақырыпты қамтитын туындыларын жариялады. Ондағы басты бағыт, ойдың өзегі бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру, өзгелерге үлгі ету үшін жекелеген спортшылардың өмірі, спорт жолындағы жемісті де жеңісті жолдары. Ал, кемшілік десе төзбейтін. Спорт саласының екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған басшыларға газет арқылы ықпал етіп, айтар ойын ашық айта алатын жампоз еді.

Дәуренбек Ақбекұлы қазақ күресі туралы да көп жазды. Өйткені, өзі де Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүрген кезінде боз кілемнің үстінде белдескен адам. Бәлкім сондықтан ба екен күрес өнерін айрықша жақсы көретін, әрі оның қыр-сырын толық білетін.

Өз басым 1974 жылы Алматы қаласында таныстым. Ол кезде жалындаған жастық шағымыз, білімге құмармыз, білмекке ынтықпыз. Алматыдан оралған соң сол кездегі Ленин ауданында қызмет істеп, шаңырақ көтеріп жатқанмын. Осы кезде ауданға арнайы іссапармен келген Дәуренбек Ақбекұлы жаңа ашылған ауданның шаруашылықтарын аралады. Шаруашылық мәселелерімен бірге спорт тақырыбын да жарқырата жазды. Жаңа аудандағы спорттың дамуына ықпал ететін «Көп болып қолға алса» деп аталатын айдармен берілген мақаласы әлі күнге дейін жадымда жатталып қалыпты. Бұл мақаласында журналист аудан басшыларының назарына ауыл-село спортын дамыту бүгінгі күннің басты талабы екендігін еске салады. Және оның алғашқы кезектегі мәселелерін нақты көрсетіп, тығырықтан шығар жолды да нұсқайды.

Дәуренбек Ақбекұлының қаламынан туған көптеген дүниелер жұртшылық жадында, солардың қатарынан «Күреспесең кімді жығасың» деп аталатын мақаласын айрықша атай кетуге болады. Мұндай өзекті мақалалар облыстық «Көкшетау правдасы» газеті мен республикалық «Лениншіл жас» газетінде шығып тұрды. Кейінгі жылдары облыстық «Арқа ажары» газетінде де ұлт мұратын ұлықтайтын ойлы, айтары көп дүниелері үзбей жарияланып тұрды. Спорт саласында жүрген мамандар мен спортшылар қаламгердің еңбегін жақсы біледі әрі жоғары бағалайды. Көп жылғы еңбегім ақталып, 1986 жылдың басында Қазақстан Министрлер Кеңесі жанындағы физкультура және спорт комитетінің шешімі бойынша республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы деген құрметті атақ алғанымда да бірінші болып жазған өзі еді. Облыста екі мәрте үздік спорт журналисі атанған да Дәкең болатын.

Ол жалғыз қаламы жүйрік журналист қана емес, өмірге құштар жан еді. Кез-келген ортада өзінің әзіл-қалжыңымен ерекшеленетін және тауып айтатын. Оның бұл шеберлігі жазған дүниелерінде де сезілетін. Бүгінгі туған күнінде халқына қаламымен адал қызмет еткен азаматты еске ала отырып, о дүниенің бар жақсылығын тілейміз.

Малғаждар ОМАРОВ,
спорт ардагері, күрестен
Қазақстанның еңбек сіңірген
жаттықтырушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар