Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Он сегізге толмастан, жау шебінде атой салған - АРҚА АЖАРЫ

Он сегізге толмастан, жау шебінде атой салған

«Бiздiң жүрегiмiз темiр емес. Бiрақ, бiздiң кек отымыз қандай темiрдi болса да ерiтiп, күйдiрiп жiбере алады. Бiздiң үрейдi жеңетiн ең күштi қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйiспеншiлiк».

                                                                                 Бауыржан Момышұлы.

Адамзат баласының тарихында бұрын-сонды болмаған қанды қасірет – Ұлы Отан соғысының  аяқталғанына биыл 77 жыл толады. Бір кезде Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның халқы да неміс-фашист басқыншыларына қарсы жан аямай соғысып, ерліктің тамаша үлгілерін көрсеткені белгілі.

9 Мамыр – сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде зұлым жауға қарсы қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер үлкен толғаныспен атап өтеді. Бірақ, енді ондай майдангерлердің де көзімізден бұл-бұл ұшатыны анық. Тұрлаусыз уақыт көп ұзамай Ұлы Отан соғысының соңғы тірі қатысушысына да зар қылып қояры анық-ау. Оған кеше ғана әлі тың көрінген, біз келместің кемесімен тап осы жуық маңда кете қояды деп ойламаған өз аяулы атамның мысалынан да айқын көз жеткізуге болатындай. Шынында да, жасы толмай жатып, қан майданға аттанған, онда неміс фашистеріне қарсы небір көзсіз ерліктің үлгісін көрсеткен ержүрек атамыз осы Көкшетау қаласында соңғы Жеңіс солдаттары – өзіндей екі-үш қана ардагердің қатарында биылғы ұлы Жеңіс күнін де көрер деп ойлап едік. Алайда, олай болмай, сәуір айының 22-сінде, сол қасиетті мерекеге 20 шақты ғана күн қалғанда ақтық сапарға кете барды. Иә, бұл біз, әжеміз бен бала-шағасы, атамызды жақсы білетін ел-жұрты үшін үлкен өкініш, зор қайғы. Осының нақты көрінісін облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың өзі бас болып, қалың жұртшылық атамызбен қоштаса келгенде де жақсы аңғардық.  Иә, ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен туған-туысқандарын, жақын-жарандарын, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді. Солардың қатарында 97 жаста өмірден озған атамыз Дәулетов Асылбек Жәзиұлының есімі де құрметпен аталары сөзсіз.

Атамыз 1925 жылы 10 қарашада қазіргі  Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауда­нына қарайтын Әлжан ауылында дүниеге келген. Ауыл іргесінде Ақсораң тауы, таудың етегінде мөлдіреп, шалқып жатқан айдын көл – Ақкөл көлі атамның таңғы шықтай таза, кең көңіліне жастай өз ізін салғаны ақиқат. Асылбек атамыз қабырғасы қатып, буыны бекіместен ауыр еңбекке араласады. Ұлы Отан соғысы басталып, орта мектепті де бітіре алмайды. Бұл соғыс халқымызға төнген ең ауыр күндер болды. Әкесімен бірге, ағалары да сол кезде майдан даласына аттанады, бірақ, сол қырғыннан оралмай, барлығы Отан қорғау жолында ерлікпен қаза тапты.

Екі жылдан соң 1943 жылдың ақпан айында Асылбек атамыз да сол сұрапыл соғысқа аттанды. Майданға бару үшін жасына бір жыл қосып, туған күнін өзгертті. Атамыз көзі тірісінде оны былай деп еске алатын: «Ол кезде 18-ге толмаған едім. Құжатыма өзімді 1925 жылғы деп жаздырып, майданға аттандым. Орта ғана бойлы, салмағым небәрі 45 келі, жас бала едік. Әуелі Фрунзеде дайындықтан өттік. 3 ай оқудан кейін майданға жіберді. Сөйтіп, 3-ші Украина майданында соғыстық».

Фрунзе қаласында жаяу әскер училищесінде әс­кери қызметтің алғашқы сабақтарын оқы­ды. Оқу орнын ойдағыдай бітіргеннен кейін денсаулығының ерекшелігін және оқудағы дұрыс мінез-құлқын ескере отырып, Мәскеу әскери округіне жіберді. Дәл осы уақытта Жоғары Бас қолбасшының резерві, Қарулы Күштердің жаңа түрі – элиталық әуе десанты әскері қалып­тасып жатқан болатын. Бұлар да күн-түн жаттығу өткізіп, Карель мойнағында жауға қақырата соққы беру үшін дайындалды.

Жауға көктен де, жерден де шабуылдайтын әуе десанты әскерінің құрамында болып, үлкен әскери операцияларға қатысты. Солардың  ең үлкені Ладога және Онеж көлдерінің маңайында жауға қатты соққы берілген Свирь операциясы еді. Десантшылар  өмір мен өлім, от пен оқтың арасында жүріп, небір ерліктердің үлгісін көрсетті. Осы шайқаста ерекше көзге түскен атамыз Асылбек бірінші дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және  Бас қол­басшы И.Сталиннің Алғыс хатымен марапатталды. Кейін де зұлым жаумен шайқаста асқан ержүректілік көрсеткені үшін «Ерлігі үшін» ме­даліне ие болды.

Жалпы, атам Ұлы Отан соғысында үш бірдей мемлекетті – Украинаны, Мол­давияны және Румынияны басқыншы жаудан азат етуге қатысты. Үшінші Украина майданының құрамында Будапешт пен Венаны азат ету барысындағы қиян-кескі ұрыстарда қазақ жауынгері тағы да ерлігімен көзге түсті. 1945 жылдың наурыз айында жараланып, Венгрия астанасының маңындағы әскери госпитальда емделді. Бар адамзат аңсаған ұлы Жеңісті Венгрия мен Аустрияның ше­­ка­расындағы Шопрон қаласында қарсы алды. Соғыстан кейін Асылбек атамыз Лоймола қаласының маңында, финдермен шайқаста қаза тапқан 44 жауынгердің сүйектерін іздеуге қатысты.

Атамыз Асылбек Жәзиұлы жалпы соғыс жылдарындағы ерлігі үшін 18 әскери марапатқа ие болған. Елге оралғаннан кейін 1950 жылдан бастап соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру үшін қажырлы еңбек етті. Ұзақ жылдар зайыбы Орынбасар Шәйкенқызымен бірге бақытты ғұмыр кешті. Орынбасар әжеміз де соғыс жылдары тылдағы тынымсыз еңбекке араласқан, кейін шәкірт тәрбиелеп, ұстаздық еткен аяулы жан. Асылбек атамыз екеуі 1 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан өрбіген немере-шөберелерінің қызығын көрді. Аудан басшыла­ры кезінде Асылбек Жәзиұлын Қазақстан Ком­­­партиясы Орталық Комитетінің жа­нын­дағы партия мектебіне оқуға жі­бер­ді. Араға төрт жыл салып, 1961 жылы оқуын аяқтап шық­қаннан кейін қосымша мамандық алу үшін Талғар ауыл шаруашылығы техникумына сырттай оқуға түсіп, агроном мамандығын алды.

Оқуын бітіріп келгеннен соң атамызды Көк­шетау облыстық партия комитетінің бю­росы Арықбалық аудандық партия коми­тетінің екінші хатшысы қызметіне ұсынды. Аудан таратылып кет­кен­­нен кейін Володар аудандық партия коми­тетінің екінші хатшысы болып қыз­мет атқарды. Бұл жерде өнеркәсіп саласына жетекшілік етті. Елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайын көтеру үшін аянбай, қажырлылық танытты. Аудан экономикасын ілгері бастыруға қосқан үлесі үшін «Құрмет Белгі­сі» ордені­мен марапатталды.

Арада алты жыл өткен соң іскерлігімен танылған атамды Ленинград ауданына ауаткомның төрағасы етіп жіберді. Бұл ауданда да 11 жыл бойы адал еңбек атқарды. Бейбіт заманда да ерлігі мен адал қызметі үшін екі «Еңбек Қызыл Ту», төрт «Құрмет Белгісі» ордендерімен және көптеген медальдармен, сондай-ақ, Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған атамыз облыстық Кеңестің депутаты, облыстық партия комитетінің мүшесі, Қазақстан Компартиясының 14 съезінің делегаты болды. 1980 жылы Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауыстырылып, құрметті демалысқа шыққанға дейін осы қызметті атқарды.

Қан майдандағы қайтпас қайсар ерлігі, Отан алдында сіңірген еңбегі үшін Ресей Президенті В.Путиннің шақыртуы бойынша Мәскеудегі Қызыл алаңда Же­ңіс шеруіне қатысқаны өз алдына бір абырой. Жалғыз біздің шаңырақтың емес, бүкіл Көкшенің мерейі. Атамыз майдан даласындағы десантшы қаруластарымен ұзақ жылдар бойы хат алмасып тұрды. Қа­зір сарғайған сағыныш табы бар сол хаттар үйде бірнеше папка болып сақтаулы тұр. Қазақ жауынгерін Ресейдегі элиталы әскерлердің қолбасшысы, генерал-полковник В.Шаманов та ұмытпапты. Қолы қойылған жинағын Асылбек атамыз көзінің қарашығындай сақтай білді. Бұл жинақта алапат соғыстың әр кезеңі, майдангерлердің ерен ерлігі баяндалған.

Біз, қазіргі ұрпақ ашық аспан мен бейбітшілік сыйлаған ардагерлерімізге ризашылық білдіріп, шексіз алғыс айтуымыз керек. Өйткені, олардың жасаған ерлігі болмаса, біз осылай өмір сүрмес едік. Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлеріміздің саны азайып келеді, сондықтан, халқы үшін жанын пида еткен қаһарман ата-бабаларымызды құрметтейік. Ардагерлеріміздің ерлігін ұмытпағанымыз жөн, себебі, тарихын ұмытқан халықтың болашағы жоқ. Жуырда ғана жер бетінде дәм-тұзы таусылып, өмірден өткен аяулы әкем Асылбек Жәзиұлы Дәулетов туралы айта келіп,  енді облыста қалған онның әр жақ, бер жағындағы майдангерлеріміз аман болсын, өткен ерлік пен қаһармандық ұмытылмай, халқымызбен бірге жасай берсін дегім келеді.                                                                               

                                        Раушан ХАСЕНОВА (ЖӘЗИЕВА),
немересі,
№17 мектеп-гимназиясының директоры.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар