Менің майдангер қос атам

Ұлы Жеңістің 80 жылдығы жақындаған сайын біздің үйде де  осы бұрын-соңды болмаған қырғынға қатысқан аталарымыз туралы жиі айтыла бастады. Дастархан басындағы әңгімелерде, жайшылықта да әке-ағаларымыз сол кісілердің майдандағы ерліктерін ауызға алып, есімдерін жиі еске түсіріп қояды.

Бұл  арада әңгіме менің өз атам Сыздық Жетпісбаев және нағашы атам Құламерген Баймурзин туралы болып отыр. Бұл кісілердің екеуі де сонау ел басына күн туған сұрапыл соғыс жылдары зұлым жауға қарсы майданға аттанып,  туған жерлеріне жеңіспен оралған ержүрек ел ағалары.

Осы ретте, сөзімді Сыздық атамнан бастасам, ол кісі Тайынша өңірінде дүниеге келген. Жас кезінен бастап есеп-қисапқа жүйріктігімен көзге түсіп, ел аузына ілігеді. Сөйтіп, өзінің тындырымдылық, жауапкершілік сияқты басқа да жақсы қасиеттерімен колхоз бухгалтерлігіне, Қаратомар ауылдық Кеңесінің төрағалығына, одан Красноармеец аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына көтеріледі.

Осы кезде Ұлы Отан соғысы басталып, өзге азаматтардың майданға кетіп жатқандығын көрген атам кабинетінде  тыныш отыра алмайды. Өзінің соғысқа аттанған басқалардан артық еместігін біліп, есіл-дерті сол жақта болады. Сөйтіп, жүргенде 1941 жылдың желтоқсанында әскерге шақырылып, майданға кете барады. Бұған ата-ана, туған туыстары жылап сықтаса да, өзі көңілі жайлы еді.

Омбы қаласында үш ай әскери дайындықтан өткен атам мен қаруластарын Волхов майданына жөнелтеді. Сөйтіп, сондағы 49-ыншы Армияның 374-інші атқыштар дивизиясының құрамында алғаш соғысқа кіреді. Атамның қатысуымен кескілескен ауыр ұрыстардың бірі Ленинградтың түбінде өтеді. Сол жолы атам жауға батыл тойтарыс беріп қана қоймай, майдан даласында өз басын өлімге тіге отырып,  оққа ұшқан қаруластарының партиялық билеттерін жинап, саяси бөлімге өткізеді. Бұл ол кезде саяси жағынан алғанда үлкен ерлік еді. Сондықтан, командование атамды «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапаттайды.

1942 жылдың 19 сәуірінде болған ұрыста құрамында Сыздық атам шайқасқан дивизия үлкен шығынға ұшырайды. Өйткені, немістің дзоттары біздің әскерлердің бас көтеруіне мұрша бермей, баудай түсіре береді. Соның бірі менің атам мен өзге сарбаздардың да жолын бөгейді. Атам майданда жай қатардағы сарбаз емес еді, ол қаруластарын ұрысқа бастайтын политрук болатын. Сондықтан, бар жауапкершілікті өз мойнына алып, әлгі дзотты жоюды ойлайды. Оның ебін тауып, жақын барып, лақтырған гранатасымен жау пулеметінің үні өшеді. Атама бұл ерлігі үшін тағы бір «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі тапсырылады.

Атам өмірінде өзінің Ленинградты қорғағанын мақтан тұтады екен. Мұны маған біздің әулеттің үлкендері айтады. Бірақ, майдан жолы кезекті бір қанды шайқаста алған ауыр жарасынан кейін, кілт үзілген. Ұзақ уақыт бірнеше госпитальдарда емделіп, 1943 жылдың қаңтарында елге қайтады.

Соғыстан кейін де Сыздық атам жалындап тұрған жастық шағындағы өзі төселген жауапты жұмыстарынан қол үзген жоқ. Әртүрлі қызмет сатысынан өтті. Колхоз басқарып, жоғары еңбек көрсеткіштеріне қол жеткізді. Құрметті зейнет демалысына Кантемир селолық Кеңесінің төрағасы қызметінен шықты.

Енді нағашы атам Құламерген Зайтонұлы Баймурзинге келсем, ол кісінің де өмір жолы ерлікке толы. Ұлы Отан соғысы басталғанда әлі жасы толмаған атам майданға барғысы келіп, әскери комиссариатқа өтініш жазумен болады. Ақыры, ол тілегі орындалып, Ашхабад барлау мектебінде оқиды. Бұдан кейін бірінші Беларус майданында шайқасып жатқан 354-інші гвардиялық дивизияның 1201 атқыштар полкінде снайпер-барлаушы ретінде алғашқы ұрысқа кіреді.

Бұл атамның майдандағы өмірінен сыр шерткенде ерекше ауызға  алатын бір жай, 1943 жылы барлаудан «тіл» әкеле жатқанда, кенеттен неміс фашистерінің шабуылына тап болады. Жау оғы сол жақ кеудесіне тиеді. Сонда гимнастеркасының төс қалтасындағы комсомол билеті жанын сақтап қалған екен. Мен есейе бастағаннан қос атамның да суреттеріне жиі көз саламын. Сонда Құламерген атамның омырауынан Қызыл Жұлдыз орденін көремін. Атам бұл орденге барлаудағы өжеттігі мен батылдығы үшін ие болған. Ол кісінің омырауында біз, ұрпақтары мақтан тұтарлық басқа да наградалары көп. Мұның бәрі Құламерген Зайтонұлының сол қаһарлы соғыс пен бейбіт заманда ел сенімінен шыққанын көрсетсе керек.

Сол бір жорықты жылдарда сегіз рет жараланғанының өзі неге тұрады?! Соның бәрінен шыбын жаны аман қалып, қайта ұрыстарға кіріп отырған. Тек 1944 жылы жазда жаудың беті қайтып, өз ініне бет бұрғанда тағы бір қатты жараланады да, госпитальдан кейін елге қайтарылады. Келсе, ауылдағы өзімен бірге майданға аттанған көп жігіттерден қара қағаз келіпті. Расында, кейін сондағы алпыс жігіттің 11-і ғана сұм соғыстан аман қалғандығы белгілі болды. Осылайша, небір қыршын жастарды соғыс өрті жалмап кетті.

Соғыстан кейін нағашы атам үлкен ағасы Рамазанның өнегесімен ішкі істер органдарында қызмет етуді жөн көрген. Сөйтіп, Красноармеец ауданының бірнеше шаруашылықтарында учаскелік инспектор болды. Майдандағы қайыспас қайратты мінезімен қоғамдық тәртіпті сақтауға үлкен үлес қосып, талай бұзақыларды жөнге салды. Оларға ақыл-кеңесімен көмектесіп, кейін сол үшін алғыс та арқалады. Бір атап өтерлігі, осы әулеттен кейін бірнеше бауырлары да ішкі істер органдарында қызмет атқарды. Ақмола облыстық полиция департаментінің бастығы болған генерал-майор Арманбек Баймурзин де Рамазан атамыздың  немересі.

Ал, Құламерген атамыздың өз балаларына келсек, олар да өзіне тартып, өмірде елгезек, әр нәрсенің қадірін білетін жандар болып өсіп-жетілді. Міне, бұл күнде мен әлі мектеп қабырғасында оқып жүрсем де, осы екі атамның майдандағы өмірін жете біліп, ел басына ауыр күн туғанда көрсеткен ерліктерін мақтан тұтамын.

Кантемир орта мектебінде ашылған мұражайда басқа соғыс және еңбек ардагерлерімен бірге, қос майдангер Сыздық Жетпісбаев пен Құламерген Баймурзиннің екеуінің де жеке заттары құнды мұрағат ретінде сақтаулы тұр. Солардың ішінде әсіресе, Құламерген атамның кеудеге тиген оқтан қанның дағы қалған комсомол билеті көрген жанды ерекше тебірентпей қоймайды.

Біз, жас ұрпақ асыл ата-бабаларымыздың осындай ерлік жолын ешқашан ұмытпаймыз. Бұл ерлік бізді нұрын төккен шамшырақ сияқты дәйім жақсы жолға бастай береді. Мен туғанда ата-анам атасының аты ұмытылмай, аузымызда жүрсін деп есімімді Сыздық қойыпты. Солай мен кіші Сыздық ретінде жан атамның көзіндей әрі өзіндей, ісіммен де, өмірдегі ізіммен де сол кісіге ұқсасам деп ойлаймын.

Сыздық Жетпісбаев,
Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар