Отанның айбынды қорғаны

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «Көкшетау» мәдениет сарайында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына және Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты іс-шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Мәдениет сарайы алаңында әскери арнайы техниканың көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығына арналған «Ұлттық рухтың қайнары» тақырыбында көрме ұсынылды. Жиынға Қазақсан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагерлері, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, әскери қызметшілердің отбасылары қатысты.

– Биыл біз маңызды оқиға – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдық мерекесін атап өтіп жатырмыз. Ата Заңымызда Отанымызға адал қызмет ету әрбір азаматтың қасиетті борышы деп атап өтілген. Ежелден батыр бабаларымыз кең байтақ даламызды қорғап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Отан қорғау жолында жанын пида еткен ардагерлеріміз бен әскери қызметшілер, сарбаздардың ерлік істерін біз қашанда құрметпен еске аламыз, – дей келіп, өңір басшысы Ұлы Отан соғысы жылдары қан майданда ерлік көрсеткен Батырлардың есімін құрметпен еске алып, бүгінде арамызда жүрген көзі тірі Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне жылы ілтипатын білдірді. Бұдан кейін өңір басшысы өз сөзінде қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің есімдерін атап өтіп, залда отырған туған-туыстарына гүл-шоқтарын табыс етіп, бір минут үнсіздік жариялады.

– Жыл сайын Қазақстан Қарулы Күштері қатарына Ақмола облысынан екі мыңдай сарбаз шақырылады. Еліміздің жоғары оқу орындарында біздің болашақ 50 офицер жерлесіміз білім алуда. Ақмола курсанттарын қолдау мақсатында мен жыл сайын жоғары оқу орындарының болашақ он офицеріне сыйақы төлеу туралы шешім қабылдадым, – деді өңір басшысы.

Салтанатты шара барысында Ақмола облысының әкімі Қазақстан Республикасының дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Василий Сергеевич Коломиецті «Құрмет» орденімен марапаттады. Сонымен қатар, бірқатар сала қызметкерлеріне I дәрежелі, ІІ дәрежелі және ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарын және Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

Жиында көпті толғандырған бір сәт осы күні әскери борышын атқарып жүрген сарбаз Қалиолла Орынбасар Бақонбайұлының анасы Дүйсенова Бағлан Дегенбайқызымен кездесуі. Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар