Иә, бұл жолғы тойдың жөні бөлек! Мәселе оның жақсы өткендігінде де, бүкіл Көкшені дүбірлетіп, ерлерге тағзымы, дінімізге құрметі ерекше болғандығында да жатыр.
Ұлы Жеңіс мерекесінде ауылда осы айтулы оқиғаға арнап, жан-жаққа сауын айтып, үлкен бір ас беру бастамасы 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнінен кейін көтерілді. Бұл – Ортақта биыл соңғы бірер жылда өтпеген Наурыз тойы қайта тойланып, кең көлемде дүбірлеп өткен осы тойдан ауыл тұрғындарының еңсесі бір тіктеле түскен ақжолтай сәт еді. Сол мейрамда белсенділіктерімен көрінген жастар жағы жігерленіп, бойларына бір күш-қайрат бітіп, енді 9 мамырда ауылда үлкен той өткіземіз дегенде, әрине, ешқайсымыз да оның республикалық телеарналар арқылы бүкіл Қазақстан білетін топ осыншама ауқымды шараға айналарын, осы жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы құрметіне бүкіл Ақмола, Көкше аймағында ұйымдастырылған ізгілікті істердің ең бас жағынан орын алатынын болжап білген жоқ едік.
Жалпы, осы арада Көкшетау-Омбы тас жолының бойында, облыс орталығына таяу орналасқан Ортақ ауылының тағдыр-талайына аздап тоқтала кетсек, негізі Даңқой деп аталатын бірнеше атадан тұрады. Іргетасын сонау 1920 жылдардың ортасында сол кездегі Совнаркомның төрағасы, халқымыздың арда ұлдарының бірі Сәкен Сейфуллин қалаған елді мекеннің 100 жылдығына да жақындап қалды. Шаруашылықтың орталық қонысы болып, бағы жанған тұсын да қалай ұмытарсың. Кейін нарық қырын келгені анық. Басында өз шаруасын тәп-тәуір бастаған «Нұр Астана» фирмасы жерін сырттай банкке кепілдікке қойып, ауылды тақырға отырғызып кетті. Содан бері жиырма жылдың әр жақ, бер жағында бұл ауыл ұжым болып егін сеппейді. Жер кепілдікте болған соң қотанда арқасүйер серіктестік, фирма дегендер де атымен жоқ. Ел тек қолындағы малмен күн көруде. Әсіресе ауылдың қыз-келіншектері қалада сүт өнімдерімен сауда жасауды шебер меңгеріп алған. Ортақтың қымызы, май-қаймағы десе, жұрт сүйсініп, елең етіп тұрады, іздеп жүріп алады.
Қазіргі ауыл бұрынғы ауыл болмағанымен, рухы түспеген, жоғарыдағының өзінде тірліктері жаман емес. Ежелден келе жатқан өнеге, салт-дәстүр, жақсыға ұмтылыс бар. Әрі бұл Ортақ кешегі асылдардың көзі бірнеше мыңдап жылқы бітіп, еліне айбын болған атақты Нығметжан-Тәшен байлардың көк мешіті тұрған ана қырда. Ондағы медреседен ислам дінін ұлықтап, бір топ қажылар шыққан. Кейін Алла оңғарып, дініміз бізді, біз дінімізді тапқанда, бұрынғы Көкшетау облысындағы жаңа мешіт екінші болып осы Ортақта салынып еді. Сол Алла үйі ауыл азаматтарының ет тірлігінің арқасында соңғы екі жыл ішінде қайта жаңартылды. Бұрын да сәулеті бөлек мешіт қазір тіпті, кірсе шыққысыз.
Сондықтан, Жеңіс күнгі ауыл тойының осы сауапты іске де орайластырылуы, сөйтіп, екі оқиғаның бірге аталып өтуі де заңдылық еді. Осы орайда сәл кейін шегінсек, бұл ауыл өз тәуелсіздігімізді алған, соңғы отыз жылдың бедерінде ел есінде қалған осындай ұлан-асыр екі-үш тойымен әйгілі. Оның біріншісіне яғни, 1998 жылы ашылған жаңа мешіт тойына бұл күнде арамызда жоқ Көкшетаудың көрнекті перзенті Тельман қажы Елубаев ағамыз басшылық етсе, 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған соңғы үлкен астың басы-қасында заман талабына сай соғыс боздақтары мен ардагерлеріне қойылған жаңа ескерткіштің бар шаруасын өз қолымен атқарып, ауылдың тағы бір үлкені Сәбит Мұқанов ағамыз жүрді. Ал, бұл жолы бар ынта-ықыластарымен төртінші тойдың тізгінін жастар алды.
Сол қара мәрмәрлі ескерткіш пен мешіт арасы тиіп тұр. Сондықтан, таңертеңнен тойға келген қалың халық ерсілі-қарсылы екі ортада ағылды да жатты. Басқаша қалай болмақ?!
Тоқсан ойдан тарап қанша жақсылық,
Тоқсан әзіл айналасын шат қылып.
Жүрер ед деп үнсіз қалдым мен кеше,
«Тоқсан қыршын сол соғыста кетпесе…»
Иә, сол кездің өзінде бұл ауылдан 146 ер азамат қан майданға аттанып, тоқсаны сол кеткеннен ел бетін қайта көре алмапты. Жұрт біткен рухтарына тағзым етіп, алақандарымен тастағы аты-жөндеріне дейін сипап қояды. Бір шаңырақтан үшеулеп, төртеулеп оралмаған. Сол боздақтарды сағыныштан сарғайып, тағдырдың жазғанына дәрмені болмай, ана-әкелері күтумен өтсе, туыстары да әлі іздестіруде. Өзіміз де атамыз Төреғожин Кәкеннің жатқан жерін 2020 жылы Халықаралық Қызыл Крест арқылы әзер таптық. Сол ел қорғауда ең жоғары марапаттың бірі – «Даңқ» ордені болса, оған бұл ауыл азаматтарының бірнешеуі ие болған. Ал, солардың ішінен Сейполла Мұқанов осы орденнің екеуін омырауына таққан. Тағы бір осал түспейтін «Қызыл Жұлдыз» орденімен де солай. Яғни, бұл – Ортақтан аттанған ағаларымыз да сол соғыста зұлым жаумен қасық қандары қалғанша ерлікпен шайқасты деген сөз. Ендеше, бұл дүбірлі той сол қаһармандықтың өтеуі еді. Сол ел шебін алдырмаған батырлардың рухына мәңгі тағзым еді.
Мешіттің күрделі жөндеуден кейін қайта ашылу салтанатында алдымен, ауыл имамы Неғметолла Сыдық құран бағыштап, одан соң Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бойынша өкіл имамы, Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш қажы Жұмабай сөз алды. Имамның әріден өрбіткен ой-толғамы мен оқыған құраны сілтідей тынып қалған жұртшылық зердесіне үздік-үздік сіңе түседі. «Бұл елде кешегі бабалар тектілігі әлі сол бойы тұрғандай» деген бір ауыз сөздің де құдіреті-ай. Осы той жолындағы ауызбірлікті, ынтымақ-береке мен еселі істерді айнытпай жеткізгендей. Ауыл үлкені Тасым Әбдірахманұлы, Көкшенің бүгінгі от тілді, орақ ауызды тұлғалы қайраткері Жабал Ерғалиевтің жүрекжарды лебіздерін де жиналған қалың ел жылы қабылдап, ұйып тыңдауда. Міне, бас имам мен осы елден шыққан Рақметжан қажы Әубәкіров атамыз лентасын қиған еңселі мешіт өз тарихында екінші мәрте осыншама ұлан-ғайыр халықты әрі қарай да өз ішіне шақыра түскен.
Сонымен, сөзіміздің басында айтқан жастар бастамасы аз күнде немен айшықталып, неге барып ұласты?! Көпшіліктің берген бағасы бойынша кемінде үш мың адамның басын қосқан керемет тойға! Тойдың өзі мен ондағы 21 шақырымдық аламан бәйге, басқа да ат жарыс түрлерінен, қазақ күресі, өзге де ұлттық спорт сайыстары мен концерттік бағдарламадан, керек десеңіз, тазылар жарысынан құлақтандыру жағынан да кемдік болмай, бір шеті сонау Омбы, елорда мен Қарағанды, Солтүстік Қазақстаннан да талай азаматтар осы қызықтың ортасынан табылды. Осы күнгі етек-жеңі тарылған бір ғана ауылдың әрбір мәселені бүге-шігесіне дейін ескеріп, мойнына алған мұндай үлкен міндетті жоғары деңгейде мүлтіксіз атқарып шығуы алыс-жақыннан келген қонақтардың бәрін қатты сүйсінтті. Сондықтан, болар «облыстық, аудандық деңгейдегі тойдан бір кем емес, боздақтарын, өткенін еске алып жатқан осындай ауылдан айналып кетсең болмай ма» деген сөздер де көп айтылды. Мұның сыртында жан-жаққа аңдап бастырған кешегі жаман ауру – пандемиядан кейін осы той деп бір серпіліп, арқасы кеңіп қалған халықты көрсеңіз.
Ал, ендігі бір ерекшелігі, осы мерекелік шараны ауылдың негізінен отыз бен қырықтың арасындағы өз жастары бір кісідей жұмыла көтеріп алды. Ата-аналардан қаражат жинатқан жоқ, қайта құрметті қонақ ретінде шақыру қағаздарымен қуантты. Той өтетін жерді айнала жиырма ақ шаңқан киіз үй тігілді. Алтыбақан құрылып, тамаша сахна тұрғызылды. Аттардың жарыс жолы дайындалды. Ұлы Мағжан ақынның «Мен жастарға сенемін!» дегені осы екен. Жалын жүрек, бұла қайрат иелері осы шаралардың бәрінде бір күн тыным көрген жоқ. Кәдімгі «Ауылым – алтын бесігім» тірлігі кемерінен асып-тасып жатты. Ортақ ежелден осындай игі істер елі еді. Сол жолда талай аптал азаматтар шыққан. Бұл жолы іні-құрдастарын қолынан сондай іс келетін Ерлан Есетов бастады. Оны аға буыннан елге жанашыр Алтай Әкімов, Серік Қабыдрахманов ағалары қолдап әкетті. Жас та болса, шетте бір шаруашылықтың тізгінін ұстап жүрген осы ауыл тумасы, жеке кәсіпкер Медет Көкешев те әдеттегідей бұл тойдан көмегін аянбады. Мешітті де халықтың азды-көпті көмегімен өз қаражатына осы ініміз қолға алып еді. Нәтижесін жоғарыда айттық. Әрине, бұл арада оны моңғол елінде төселген білік-икемімен ине-жіптен жаңа шыққандай етіп сыңғырлатып берген ауыл тұрғыны Жанболат қандасымыз бен жергілікті құрылысшы жігіттерге де ел алғысы мол. Әрбір жас өзінің лайықты үлесін қосқан дүбірлі той тағы кімдердің арқасы дегенде, және бір азаматтың бірден тіл ұшына оралары бар. Ол осы тойдың мәдени бөлігіне жауап берген Қабділманап Қабдоллаұлы. Міне, осы секілді азаматтар жол көрсетіп, ойда-қырдамыз демей, қалған ауыл жастарының бәрі қолдап әкеткен шара елдің өз басына да қаншама жаңалық, жақсылығын әкелді. Әкімдікпен бірлесіп, бірнеше сенбіліктер өткізіліп, ауыл іші тазартылып, сырланып-көркейтіліп, өңі кіріп сала берді. Мешіт пен мектептің жанына қаншама ағаш отырғызылды. Арғы жылы аудан тарапынан қалай болса солай жөнделген сегіз шақырым жолдың ой-шұңқыры бүтінделді. Осының бәрін жастар ретін тауып, демеушілер көмегіне сүйеніп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей, өз қолдарымен жатпай-тұрмай атқарып шықты. Есесіне ауыл той өтер күнге жарқырап, жасанып жетті.
Әр сынып, әр жылдардың төлдері бір-бір киіз үйден тігіп, той жүлделерін мойындарына алып, бұл ізгі ниетті қолда барымен бөліскен, қалталарынан қомақты қаржы шығарып берген жекелеген ауыл азаматтары да қолдап әкетті. Осындайда ағайыншылық танытып, тойды өз еріктерімен бірге демесіп жіберген көрші ауылдар, ондағы марқасқа жігіттерге де алғыс жетерлік. Соның нәтижесінде жүлделер де мол болып, аламан бәйгеде топ жарған атсабарлық шабандоз 500 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байласа, түйе балуан ауылына құнажын алып кетті. Басқа жеңімпаздар мен жүлдегерлер де өнерлеріне лайықты сый-сияпаттан құралақан қалмады. Соның ішінде облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан да үш жүлде болғанын айта кету керек. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжі Жәпек батыр атындағы жүлдені тікті.
Күн де жазға бергісіз ашық болып, күткен той да өз қызығымен өте шықты. Бірден бірге жетіп, әлі күнге небір алқалы топта ауыздан түспей келе жатқан тағылымды, тамаша той! Ал, енді осы тойға демеушілік үлес қосқан көкшетаулық бір топ басшы азаматтарды да атайық. Олар «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Досымхан Аралбаев, «Тазалық» кәсіпорнының директоры Олег Топорков, «Бұқпа» орман шаруашылығының директоры Ғалымбек Батталов, тағы басқалары. «Жақсы істің шарапаты» демекші, осы тойда болған Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов балалар алаңын жасап беретінін айтып кетті.
Бүгінде әлеуметтік желідегі Ортақ ауылы жастарының тобы «Болашағы бар ел!» деп аталады. Иә, осы тойдан кейін өздеріне сенімлері арта түскен ауыл азаматтары ауылдарының болашағы бар деп отыр. Биыл ауыл әкімі Мархабия Ерғалиева мен әкімдік тарапынан көше жолдарын жөндеу жобасы да сәтті қорғалып, осы бағытта 90 миллион теңгенің жұмысы атқарылғалы отыр. Оның сапасын да ауыл жастары осы белсенділіктерінен танбай, бір жағынан өздері бақылап, қадағаламақ ниетте.
…Кешкісін республикалық телеарналардан бұл тойды алты Алашқа сүйіншілеп, «Хабар» арнасы көрсетті. Апыр-ау, мына той бір ауылдың аумағында ғана өткен той ма?! Ғажап, ғажап! Жасай бер, менің туған ауылымның нар жүгін көтерер жайсаң жігіттері!
Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.
Зеренді ауданы.