Референдум-халықпен келісу

Қазақстан республикасының президенті қасым-жомарт тоқаев «ел бірлігі – жаңарған қазақстанның тірегі» атты қазақстан халқы ассамблеясының xxxi сессиясының жұмысына қатысып, қазақстандық қоғам алдында тұрған негізгі басым бағыттарды анықтап берді.

Қазақстандық қоғамның саяси алаңында қызу ойын жүріп жатыр. Орынды! Отыз жылдан бергі жүріп өткен жолымызды талқылау және неден ұттық, неден ұтылдық деген мәселені қазір екінің бірі айтатын болды.

Қоғам белсенділігінің өсе түсуіне биылғы жыл басындағы «қаңтар оқиғасы» әсер еткені даусыз. Ел тағдыры, тәуелсіздік тағдыры сынға түсті. Бұл арада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы сапта болып, Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалдық. Оған күмән болмағаны жөн.

Отыз жыл бойғы қоламтаны ақтарып жатқанымыз да тегін емес. Осы отыз жылда халқымыздың тұрмысы неге жақсарып кетпеді? Қазақстанның байлығы кім көрінгеннің қолында неге кетті? Осы отыз жылда неге бар байлығымыз санаулы адамдардың қолына түсті?

Халықтың сұрауы да, талап қоюы да орынды! Қазақстан бай ел деп мақтанумен ғана болыппыз да, сол бай елдің халқы кедейленіп кеткенін білмедік пе, әлде соған мән бермедік пе? Білдік! Мән бермедік! Есепсіз байлыққа ие болғандардың мейманалары тасып, көздерін май басып, құлақтары бітеліп, айналасындағы өз елінің, өз халқының жағдайын көруге, халқының жан айқайларын естуге «семіздіктері» мұрсат бермеді. Өздерін ғана ойлаған тоғышарлардан ар да, ұят та кетіп қалған болатын.

Жан алқымға тақалып, кедейшілік пен жоқшылық титықтатуға айналған халық көшелерге шығуға мәжүбір болды. Билік сонда тыңдағысы келмеді. Көшеге шыққандарды сүйрелеп қамап, әйтеуір жаншуға тырысты. Алайда халықтың кегі бір тұтанбасын деңіз! Ол тұтанып еді!

Билік басына келген екінші Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев әділетті қоғам орнату идеясын ортаға тастады. Халық үніне құлақ асатын мемлекет құру да басты міндеттің бірі ретінде алға тартылды. Қаңтар оқиғасынан кейін «Жаңа Қазақстан» құру міндеті туындады. Президентіміз «Жаңа Қазақстан дегеніміз – әділетті Қазақстан!» деп бұл концепцияның да арқауын нақты таратып берді.

Енді міне, Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынған Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық қоғамды алаңдатып, сан алуан пікірлер тоғысып жатқан алаңға орынды бастамамен шықты.

Референдумды өз басым халықпен келісіп шешу деп білемін. Ал, Ата Заңға енгізілер өзгерістерді халықтың өздері айтса, бұл халықтың билікке деген сенімін күшейте түсері анық. Президентіміздің жер және оның қойнауындағы байлықтың иесі халық болуы керек дегені де Конституцияға референдум арқылы енеріне де сенімдімін, Қазақстандық қоғам біз әйтеуір, Конституцияға өзгерістер енгізуді қолдай отырып, өз елімізді одан әрі демократиялық жолмен дамуына дегдар боларымыз да анық. Конституцияда халықтың мүддесі ескерілсе және ол мүддені халық өзі қолдап, өзі соған ынталы болса, ол мықты мемлекет бола түсерімізге кепілдік!

Бәрінің де орайы келеріне сенемін. Президентімізді оның жүргізіп отырған саясатын қолдайық! Жан-жақтан анталап тұрғандар бар екендігін, іште де, сыртта да арандатушылар жетерлік екендігін ескерейік те, бірлігімізді күшейтейік. Сын сағатта тұрғанымызды ұмытпайық!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Сенаторлар кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар