Ақордада Президенттің отандық бизнес өкілдерімен кезекті кездесуі өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
– Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мемлекеттік органдардың қызметінде сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керек екенін атап өтті.
– Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді. Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, – деді Қазақстан басшысы.
Мемлекет басшысы осы мәселелерді шешу үшін бірқатар нақты шараны белгілеп берді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ең алдымен, құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз қудалауды азайту жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
– Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.
– Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы өз сөзінде мемлекеттік аудит жүйесімен байланысты мәселелерді қозғады. Оның айтуынша, тапсырыс беруші мемлекеттік органдарға қатысты мемлекеттік аудит тексерістерінің нәтижесі тапсырыс орындаушы кәсіпкерлердің қылмыстық қудалауға ұшырауына жиі негіз болады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы кәсіпкерлердің мемлекеттік аудит қорытындысына шағым түсіріп немесе негізсіз қылмыстық істен құтыла алмайтынын, жүйенің солай құрылғанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аудит нәтижесіне шағым түсірудің барлық мүмкіндігі қарастырылмайынша, қылмыстық іс қозғауға жол бермейтін механизмді енгізу қажет екенін айтты. Сондай-ақ Бас прокуратураға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және бизнес-омбудсменмен бірлесе отырып, қылмыстық және азаматтық-құқықтық жауапкершілік салаларының ара-жігін ажыратуға бағытталған механизмдерді тез арада әзірлеуді тапсырды.
Мемлекет басшысы бизнеске қысым көрсету факторларын анықтаудың барынша тиімді жүйесін құруды келесі бір міндет ретінде атап өтті.
– Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс. Осындай істер соңына дейін жеткізілуі керек. Бұл жерде ешқандай корпоративтік ымыраға жол берілмеуі, тіпті сөз болмауы қажет, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев ашық әрі әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің–басымдығына баса мән берді.
– Судьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер-практик судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сот төрелігінің қағидаттарын қамтамасыз етуді тағы бір басымдық ретінде атап өтті.
– Сот жүйесін табанды түрде реформалау қажеттігі пісіп жетілді. Бұл қажеттілік судьялар тарапынан жақсы қабылданып жатыр. Реформа өз көздеген мақсатына қол жеткізеді деп санаймын. Біз мұндай сөздерді шетелдік инвесторлардан да, еліміздің кәсіпкерлері мен азаматтарынан да естіп жүрміз. Сондықтан мен жуық арада осы бағыттағы нақты ауқымды шараларды жариялаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бизнесті қорғау тетіктерін күшейту мәселесінен бөлек тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды деп санайды. Оның пікірінше, жаһандық тұрақсыздық және белгісіздік жағдайында ішкі және сыртқы сын-тегеуріндер күшейген тұста мемлекеттің рөлі арта түседі.
– Мықты әрі орнықты нарықтық экономика құру үшін бәсекеге жол бермейтін факторларды анықтап, оларды жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Мұндай сын-қатердің астарында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімсіз рәсімдері мен оларды айқындау мәселесі жатыр. Бұл салық жеңілдіктеріне, жер телімдерін бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және жалпы әкімшілік реттеу жұмыстарына қатысты болып отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің жел телімдеріне қол жеткізу жүйесі мен рәсімдерінің тиімділігін сынға алып, Үкіметке осы мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, жобаның тиімді іске асырылуы жер телімдерін алуға өтініштерді беру және қарастырудың автоматтандырылған тетігін жедел енгізуге мүмкіндік береді. Президент бұл жүйені осы жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырды.
Президент қазақстандық бизнестің Ресей Федерациясымен ынтымақтастығының перспективаларына тоқталды:
– Ресей біздің стратегиялық серіктесіміз болып қала беретінін түсінуіміз керек. Жақында мен Мәскеуде Президент Владимир Путинмен кездестім. Біз сауда-экономикалық және өнеркәсіптік ынтымақтастығымызды дамыту үшін бірқатар проблеманы, соның ішінде шешімін таппаған мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Қалыптасқан байланыстарды сақтай отырып, қазіргі дағдарысты шығынсыз еңсеру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік саясаттың үнемі өзгеруіне және құбылмалылығына қатысты кәсіпкерлердің шағымдануы орынды екенін айтты. Осыған байланысты Президент Жаңа экономикалық саясат жобасын әзірлеуге бизнес-қоғамдастықты тартуды тапсырды.
– Үкімет пен Президент Әкімшілігінен экономикалық саясаттың макро, салықтық, бюджеттік, қаржы-кредиттік және басқа да негізгі компоненттерін қамтитын доктриналық құжат күтемін. Бұл жұмыс бизнестің конструктивті қатысуымен жүргізілуі керек. Өйткені осындай жолмен ғана қажетті әрі тиімді реформалар жасай аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы салық саясаты мен әкімшілендіру арасында теңгерімсіздік байқалатынын айтып, осы мәселеге назар аударды. Үкіметке бизнес қоғамдастықпен бірлесе отырып, Салық саясатының ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.
Президент қолайлы бизнес-климат қалыптастыру тек заңдарды өзгертумен және мемлекеттік субсидиялар берумен ғана шектелмейтініне назар аударды. Мұнда аймақтық және жергілікті деңгейде қабылданған барлық шешімдер мен рәсімдердің жүзеге асырылу тиімділігі маңызды рөл атқарады.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындылай келе, бүкіл өңірдің әкімдеріне жиын барысында айтылған барлық ескертпелерді назар алуды және шұғыл шешуді қажет ететін қазіргі міндеттерді бірлесіп атқаруды тапсырды. Сондай-ақ әкімдердің жұмысы облыстардағы бизнес-климаттың қолайлылығы бойынша бағалайтынын айтты.
– Мұндай кездесулерді жалғастыра береміз. Олар іскерлік сипатта болады, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын барысында Премьер-министр Әлихан Смайылов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов, сондай-ақ бизнес өкілдері баяндама жасады.
Дереккөз: www.akorda.kz