«Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы: ізденіс, тәжірибе және перспектива»

Кеше «Болашақ» сарайында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің ұйымдастыруымен «Ахмет Байтұрсынұлы тағылымы: ізденіс, тәжірибе және перспектива» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті. Ұлт ұстазының 150 жылдығына арналған айтулы шараның пленарлық мәжілісіне облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов қатысып, конференция жұмысының жемісті болуына тілектестігін білдірді.    

Өткен жылы ЮНЕСКО Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын атап өту жөнінде шешім қабылдады. Бұл ұлт арысының әлемдік деңгейдегі аса көрнекті ғалым, ірі тұлға екенін айғақтайды.  Ұлт көсемі, ақын, ғалым, педагог, мемлекет және қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының рухани мұрасын, білім және ғылымға, ұлттық құндылықтарға қатысты көзқарастарын жаңа заманның талаптарына сай зерделеу және болашақ ұрпаққа насихаттау, Қазақстандағы жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты мектепке дейінгі тәрбие және оқыту, бастауыш білім беру, негізгі білім беру, техникалық және кәсіптік білім берудің өзекті мәселелерін талдау мақсатында ұйымдастырылған конференция жұмысына аталған оқу орнының басшысы Нұртас Ахат төрағалық етіп, жүргізіп отырды.

–Бүгін алдымызда бір ғасыр бұрын Қазақстанда білім саласына қатысты көтерілген мәселелерді әрі қарай талқылау миссиясы тұр. Елімізде білім мен ғылымды дамытудың жаңа концепциясы қабылданып, «Білімді ұлт» жобасын іске асыру мақсаты тұр. Бүгінгі тақырыпқа арқау болған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ХХ ғасырдың басында ірі реформатор ретінде білім саласына біраз жаңалықтар енгізді. Келешекті оқыту үшін «Әліпбиді» жасады. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да елде білім саласына қатысты қаншама реформалар іске асырылды. Олардың ішінде кемшіліктердің де болғанын мойындаймыз. Соның ішінде жаңартылған білім мазмұнындағы кемшіліктердің бірін былтыр Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов қалпына келтіріп, А.Байтұрсынұлының  «Әліппесін» қайтарды. Бұл біз үшін үлкен жеңіс деп есептейміз, – дей келе, Нұртас Ахатұлы мәжіліске республиканың белді ғалымдарының, білім және ғылым саласы мамандарының қатысып отырғандығын айтып, конференция барысындағы іс-шараларға тоқталды.

Пленарлық мәжілісте Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылымдар академиясының, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, республикамыздың  педагогикалық колледждерінің, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің  ғалымдары баяндамаларын оқып, өздерінің пікірлерін ортаға салып, кәсіби білім беру саласындағы өзекті мәселелер жайында ой өрбітті. Солардың ішінде Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, Кәсіби білім беру мазмұнын трансформациялау зертханасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Жанат Райымбекованың, «Талап» акционерлік қоғамының педагогикалық шеберлік орталығының бас тренері Жұмагүл Сқақованың, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлбаршын Метербаеваның және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Аян Қажыбайдың баяндамаларын ерекше атап өтуге болады.

– Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес биыл баршамыз «Алаш» қозғалысының қайраткері, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойын жалпыұлттық деңгейде атап өтудеміз. Бүгінгі конференция еліміз үшін абыройлы, жас ұрпақ үшін тәлімдік маңызы зор шаралардың бірі әрі бірегейі. Биыл елімізде, соның ішінде Ақмола облысында Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында түрлі форматтағы мәдени шаралар топтамасы өткізілуде. Ұлт көсемінің шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты өңіраралық айтыс, «Рухани көсем» тақырыбында театрландырылған қойылым және тілдерді оқыту орталықтарының оқытушылары арасында облыстық байқау, тағы басқа да  өткізілетін шаралар соның айғағы, –деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов.

Өңірде ұлт ұстазының мерейтойлық датасына орай әлі де түрлі конференциялар мен семинарлар, дөңгелек үстелдер, дәрістер, көрмелер, дебаттық турнирлер және басқа да танымдық-ақпараттық шаралар ұйымдастырылмақшы. Жыл бойына жоспарланған іс-шараларда «Ахмет тағылымы» онкүндігі, «Ұлттың рухани көсемі» тарихи сағаттары, «Ұлттық сана сәулесі» әдеби кештері, «Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық тіл білімінің негізін қалаушы» филологиялық симпозиумы, жас тарихшы-өлкетанушылардың форумы өтеді деп белгіленген. Қазіргі уақытта Ақмола облысының Степногорск қаласында 1 мектеп пен облыс аумағында 22 көшеге Ахмет Байтұрсынұлының есімі беріліпті. Биыл Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының 2 орта мектебіне, аудан орталықтары мен ауылдарының көшелеріне Алаш ардақтысының есімі берілетін болады.

Сонымен бірге, Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова мен Ақмола облыстық соттың төрағасы Досжан Әмір өз сөздерінде пленарлық мәжілісте ұлт ұстазының кемеңгерлігі мен шығармашалығы бүгінгі ұрпақ үшін маңызды екендігіне тоқталып, биылғы жылы білім, сот мекемелерінде атқарылатын іс-шаралардан хабардар етті.

Ғылыми-практикалық конференцияға республиканың түкпір-түкпірінен 200-ден аса баяндама түсіп, арнайы сараптамадан кейін 100-ден астамы іріктеліп алыныпты. Бағдарламаға сәйкес конференция жұмысы пленарлық мәжілістен соң, «Кәсіптік білім беру: тәжірибелер мен перспективалар», «Заманауи филологияның маңызды мәселелері: теориялық және қолданбалы ерекшеліктері» атты екі бағытта секциялық жұмыстар жалғасын тапты. Конференцияға келіп түскен баяндамалардың дені кәсіби кадрларды даярлаудағы ғылыми-әдіснамалық проблемалар, оқу процесін технологияландыру, болашақ мамандарды тұлғалық әлеуметтендіру, мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш білім беру арасындағы сабақтастық мәселелерін қамтиды.

Конференция барысында Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің ұжымы «Ахмет және Алаш ұрпақтары» атты медиа-акция, «Кәсіби білім. Тәжірибе. Ғылым» педагогикалық вернисаж, «Жаңа Қазақстан және Ахмет идеялары» еркін ой алаңын өткізді.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысушы отандық ғалымдар мен педагогтердің келелі ой-пікірлері сараптала келе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын кеңінен насихаттау мақсатында лингвист-ғалым шығармашылығына арнайы бағдарлама жасап, негізгі орта білім берудің вариативті бөлігіне айналдыруға, әрі ғалымның тағылымы негізінде интеллектуалды ұлт қалыптастырудың жаңа платформасын әзірлеп, болашақта жаңа мемлекеттік-идеологиялық бағытта «Тіл тағылымы» зерттеу орталығын ашуға ұсыныс жасалды.

Конференция Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған қорытынды концертпен мәресіне жетті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар