Жастар референдум жөнінде мол мағлұмат алды

Қазір көптің талқысындағы мәселелердің бірі – республикалық референдум. Ата Заңымызда 99 бап болса, оның 33-іне өзгерістер енгізілмекші. Яғни, Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Бүкілхалықтық дауыс беру ағымдағы жылдың 5 маусым күні өтеді. Осы орайда жастарға алдағы референдумның тәртібі мен міндеттері туралы ақпарат жеткізу аса маңызды.

Осындай тағылымы мол танымды шара  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде ұйымдастырылды. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-драматург, университеттің құрметті профессоры, «Аmanat» партиясы жанындағы референдумды қолдау жөніндегі штабтың мүшесі Жабал Ерғалиев құрметті қонақ ретінде шақырылып, студент жастармен кездесті. Іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, университеттің оқытушылық-профессорлық құрамы, студент жастар мен бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.  Кездесу аясында Конституциялық реформаның  бағыттары, референдумның жаңа Қазақстанды құрудағы маңызы, жастардың қоғамдағы рөлі және тағы басқа өзекті мәселелер талқыланды. Жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ректоры Марат Сырлыбаев жүргізіп отырды.  Кездесу барысында жазушы Жабал Ерғалиұлы сөз сөйлеп, Конституцияға енгізілетін өзгерістердің барлығы Жаңа Қазақстан құру заңдық негіз жасап алуға зор ықпалын тигізетінін атап өтті.

–Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөйлеген сөзінде: «Жаңа Қазақстан ол– әділетті Қазақстан»,– деді. Біз жаңа Қазақстан құру арқылы өзіміздің осы 30 жылда жіберген кемшіліктеріміз бен олқылықтарымызды ой елегінен өткізіп, халықтың талқысына салып, жаңа міндеттер қою мүмкіндігіне ие болып отырмыз. Біздің халықты соңғы жылдары Қазақстандағы демократияның жоқтығы, елді жемқорлықтың жайлап кеткендігі, заңсыздық, әлеуметтік теңсіздік сияқты мәселелер қатты толғандырғаны рас. Қара халық ашық айтып жатыр оның бәрін. Осындай әділетсіздік, осындай заңсыздық, халықтың мүддесімен санаспаушылық, соңғы кезде болған көтеріліске әкеп соқты. «Қасіретті қаңтар» оқиғасы – тарихи сабақ алатын кезең болғандығын біз ұмытпауымыз керек. Осы орайда, ел Президентінің саяси сауаттылығының, ақыл-парасатының, өзінің ел мен халық алдындағы жауапкершілігін терең сезіне білуінің арқасында тәуелсіздігімізді сақтап қалғандығын айтуымыз керек.

Референдумға қатысу 18 жасқа толған, ел болашағы үшін алаңдаған әрбір азаматтың парызы. Біз осы жолы өз еліміздің, өз мемлекетіміздің, өз тәуелсіздігіміздің болашағын анықтайтын боламыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алға тартып отырған Жаңа Қазақстан – Әділетті Қазақстан құру және орнықтыру осы референдумға тығыз байланысты. Егер біз ел мен мемлекет, өзіміздің және келер ұрпағымыздың тағдыры қымбат болса, онда 5 маусым күні үміт шырағы жанған жарқын көңілмен референдумға қатысайық, –  деді Жабал Ерғалиұлы.

Жасырары жоқ, былайғы халық еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан өзгерістерге жүрдім-бардым қарайтыны өтірік емес. Себебі, көбіне қарапайым халық «менің қолымнан не келеді» деген тұжырымды санаға сіңіріп алған. Алдымен, адам өз ойын, өз санасын өзгертуі керек екендігіне еліміздегі соңғы жағдайлар нақты дәлел болғандығын анық аңғарғандаймыз. Әсіресе, жастар ел болашағы жолында атқарылып жатқан оң өзгерістерге селқостық танытпауы керек. Себебі, ұлт болашағы, келешек кепілі – жастар.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру бағытын ұстанып отыр. Халқымыз Конституцияға өзгерістер жасау керек деген ойлары мен талаптарын ортаға салып еді, Президент бұл ұсынысты құп алып,  референдум жариялап отыр.  Енді қазіргі қолданыстағы Конституциядағы 99 баптың 33-іне өзгеріс енгізілетін болады, сол өзгерістер халықтың келісімі арқылы жасалғалы отыр. Ел тағдыры үшін, өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың тағдыры үшін референдумға қатысу біздің асыл парызымыз, – деді Жабал Ерғалиұлы.

Отырыс барысында  Жабал Ерғалиұлы тәуелсіздік тағылымы, ұлт тағдыры, ұлттық құндылықтар, ұлы даланың тұғырлы тұлғалары, адами абзал қасиеттерді қалыптастыру мәселесінде Абай қағидаларына жүгіну, ана тілдің ахуалы  сияқты ауқымы кең, толғауы тоқсан тақырыптарды ортаға салды. Жастар да ұйып тыңдап, өз кезегінде көкейдегі сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды.  Солардың бірі – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенті Думан Қабылжан:

– Біз бүгінгі отырыстан көп ой түйдік, мол тағылым алдық десек артық айтқандық емес. Өз басым референдум аясында Ата Заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар туралы көп мағлұмат алдым. Жасырары жоқ, күні бүгінге дейін референдумның ұлт болашағы үшін қаншалықты маңызды екендігіне аса мән бермеген екенмін. Жазушы Жабал ағамыздың тағылымды, әсерлі әңгімесін тыңдай отырып, референдум ел болашағын айқындайтын нық қадам екендігін жіті түсіндім. Осы оймен маусымның 5-і күні, мен де, өз достарыммен бірге референдумға барамын, әрі алдағы уақытта да еліміздің өркендеп өсуіне өзімнің үлесімді қосатын боламын,  – деді ол.

Кездесуге жиналған жұртшылық ұлт жанашырымен болған сұхбат барысынан рухани күш-қуат алып  тарқасты.

Осындай кездесулер Қосшы қаласы мен Қорғалжын ауданында да жалғасын тауып,  «Аmanat» партиясы жанындағы референдумды қолдау жөніндегі штабтың мүшесі Жабал Ерғалиев халықпен кездесіп, жиналған қауымға алдағы референдум туралы мол мағлұмат беріп, тұрғындар сұрақтарына жауап берді.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар