Мәдениет пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі

Көкшетау – ежелден жер шоқтығы, ән ордасы саналған,  құт қонып, кие дарыған қасиетті өлке. Өткен жылы Мәдениет және өнер саласы қызметкерлері мен ұйымдарының «Рухани қазына» республикалық фестивалінде Көкшетау қаласы – «Қазақстанның мәдени астанасы» атануы да абыройымызды асқақтата түсті. Бұл өңір өнерпаздарының еселі еңбегінің жемісі деп білемін.

Ақмола облысында барлығы 616 мәдениет және мұрағат нысандары жұмыс істейді, оның ішінде 592-сі мемлекеттік, ал, 246-сы мемлекеттік клубтық кәсіпорын, оның 226-сы ауылдық клуб, 330 мемлекеттік кітапхана, 11 мұражай, 2 театр, Үкілі Ыбырай атындағы филармония, тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы мен халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы бар. Ағымдағы  жылы 15 мәдениет нысанында күрделі жөндеу жоспарланып отыр. «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 307 миллион теңгеден астам сомаға 3 жоба іске асырылып, облыстық бюджет қаражаты есебінен 781,5 миллион теңгеге 12 нысанның жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Ел өнерпаздарының өнеріне өріс ашу мақсатында Ақмола облысында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. «Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы» атануына орай, өңірлік мәдениет бөлімдерін үйлестіру және өзара байланыс жасау үшін басқарма жанынан атқарылар жұмысқа жауапты арнайы штаб құрылды. Өңірлердің әкімдіктерімен келісе отырып, «Қазақстанның мәдени астанасы» жоспарын іске асырудың Жол картасы әзірленді, оған 300 іс-шара енгізілді. Республикалық жоспарға сәйкес еліміздің барлық облыстарының кітапханалары, музейлері мен концерттік ұйымдары жыл бойына Қазақстанның мәдени астанасы – Көкшетау қаласында өз еңбектері және жетістіктерімен бөлісті. Covid-19 пандемиясына  байланысты  карантиндік  шектеу шараларына  сәйкес жоспарланған іс-шаралардың басым бөлігі онлайн-форматта өткізілді. Көкшетау қаласында еліміздің 11 облысының және Нұр-Сұлтан қаласының өнерпаздары өнер көрсетті. Тарқатып айтар болсақ, Солтүстік Қазақстан облысы «Тәуелсіздік туын биік көтерген Абылай хан» тақырыбында жылжымалы көрме мен «Бір шаңырақ астында» шығармашылық бағдарламасын ұсынды. Ал, Атырау облысы  «Ұлы дала жауһары» көшпелі көрмесін әкеліп көрсетсе, Алматы облысы  «Алты Алаштың Жамбылы» атты жылжымалы көрме ұйымдастырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы  Қ.Қуанышпаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының «Күй – керуен, ән –әлем» концерттік бағдарламасы, «Астана Балет» театрының гастрольдік сапары көптің көңілінен шықты. Қостанай облысының «Құт қонған Қостанай» көрмесі, Назымбек Молдахметов атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Думанды Тобыл» концерттік бағдарламасы, Арқалық қазақ жасөспірімдер театрының «Мәңгүрт» драмасы тарту етілді. Біздің Ақмола облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Көнеден жеткен күмбір» аймақтық фольклорлық фестивалі болып өтті. Абылай хан алаңында өткен өнер додасына Нұр-Сұлтан қаласынан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан үздік фольклорлық ұжымдар мен орындаушылар қатысты. Күміс көмей әншілер мен дәулескер күйшілер Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай сынды әйгілі әнші-композиторлардың  жерінде өз өнерлерін ортаға салды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Шахмет Құсайынов атындағы  қазақ музыкалық-драма театрының 25 жылдығына орай, 17-20 қыркүйек күндері аймақтық театрлар фестивалі өтті. Осымен үшінші мәрте өткізіліп отырған театр фестиваліне Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Петропавл қалаларының театрлары қатысып, өзара бақ сынасты. 27 қыркүйек күні Ақмола және Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталықтарының ұйымдастыруымен «Көкшетау мен Ақтөбе әнші-ақындарының шығармашылық байланысы» атты бірлескен онлайн-шеберлік сыныбы өткізілді. Сонымен қатар, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры Көкшетау қаласына гастрольдік сапармен келді. Гастрольдік сапарды  театрдың  көркемдік жетекшісі, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, «Қазақстанның Еңбек ері» Асанәлі Әшімов ашты. «ТеART – Көкше» III-ші Халықаралық театр фестивалі де көкшелік өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастады.  Оған Қазақстан, Ресей Федерациясы және Қырғызстаннан 11 театр ұжымы қатысты. Іс-шараны Ақмола облыстық  орыс драма театры ұйымдастырды. Бес күн бойы қаланың барлық сахналық  алаңдарында Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Теміртау, Ақтау, Екатеринбург (Ресей) және Бішкек (Қырғызстан) театрларының «ТеART – Көкше» қойылымдары өтті.

«Сәлем, Елорда!» ІІ-ші республикалық өнер шеруі де болып өтті. Концертке Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешов, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік  ұйымының директоры Ж.Сейдуллаұлы қатысты. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» үйлестіретін  аталмыш  жоба  шеңберінде  өңірлік  филармониялар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығын дамыту орталықтарының  ақпарат,  арт-менеджмент  және  хореография салалары мамандары үшін үш күндік шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, мәдениет саласының бір бағыты ретінде облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың аудандық кітапханалары меңгерушілеріне арналған шеберлік сағаттары өткізілді. Жоба «Көкшетау» мәдениет сарайында «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің концертімен қорытындыланды. Бұл фестиваль Мәңгілік елдің мәдениетін мәртебелеумен қатар, өңірлер өнерін өрістетіп, республика көлеміндегі озық орындаушылар мен үздік шығармашалық  ұжымдарды  ұйыстырған  мәдени  мерекеге айналып отыр. Еліміздің түпкір-түпкірінен осы үлкен сахнада өнер көрсетуге арнайы келген өнерпаздар әлемдік классиканың хас шеберлерімен қатар тұрып, өнер көгіне самғады.

Қазақстан Республикасының 30 жылдығына арналған Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы жобасы аясында Қазақстан Жазушылар Одағы өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Тәуелсіздік әдебиеті»  әдеби форумы ұйымдастырылды. Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар Одағының басқарма төрағасы Ұлықбек Есдаулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Даулеткерей Кәпұлы, филология ғалымдарының докторы, профессор, ақын Бауыржан  Жақып қатысты.

Сондай-ақ, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында Ақмола облысы әкімдігінің және Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Қажыбай Жахин атындағы «Арқаның Айбозы» дәстүрлі ән орындаушыларының І-ші республикалық байқауы болып өтті. Қазақстан  Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Көкшетау – Қазақстанның мәдени астанасы жобасы аясында «Тәуелсіздік – Тұғырым» атты халықаралық ақындар айтысына республикамыздың жер-жерінен арнайы шақырылған 12 танымал  ақын  қатысты.

Санамалап тізбектер болсақ, өңір мәдениетін дамыу жолында атқарылып жатқан іс-шаралар ауқымы зор. Мәселен жуырда ғана Көкшетау қаласында Шымкент қалалық қуыршақтар мен жас көрермендер театрының гастрольдері өтті. Ақмолалықтардың назарына 16 театрлық қойылым ұсынылды.  Мұндай гастрольдер елдегі театр мәдениетін дамыту мен ынтымақтастықты одан әрі күшейте түсу үшін өте маңызды. Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы 22-23 сәуір аралығында «Көкшетау – тал бесігім» музыкалық фестивалін ұйымдастырып, К.Күмісбеков атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің  қазақтың тұңғыш дирижері Шамғон Қажығалиевтің 95 жылдығына арналған «Дирижерлер шеруі» концерті өтті. Сонымен қатар,  «Қазақстанның мәдени астанасы» Жол картасын одан әрі жүзеге асыру үшін  Маңғыстау облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығы» мемлекеттік мекемесі Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Маңғыстаудың қасиетті нысандары» мен «Археологиялық ескерткіштері» тақырыбында жылжымалы көрмелер бойынша экскурсиялар өткізді.

2022 жылғы 18 мамырға дейін жоғарыда аталған Жол картасы аясында барлығы 300-ден аса шара өткізілді. Олардың барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етілді. Офлайн іс-шаралардың көрермендер саны 30 000, әлеуметтік желілердегі іс-шаралардың қаралым саны – 150 000 адамды құрады. Ақмола облысының мәдениет саласына және өңір халқының мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруға айрықша әсерін тигізген. «Қазақстанның мәдени астанасы» жобасы енді 2022 жылдың 21 мамыры күні Мәдениет және өнер қызметкерлері мерекесінде Түркістан облысында жалғасын табады. Біз бір жыл ішінде өзімізге сеніп тапсырылған осы ауқымы зор жұмысты абыроймен атқарып шықтық деп ойлаймын.

Құрметті Ақмола облысының мәдениет қызметкерлері! Сіздерді атаулы мерекемізбен шын жүректен құттықтаймын! Мәдени пен өнер – рухани өміріміздің мәйегі болса, ұлттық өнерімізді, мәдени мұрамызды насихаттауда сіздердің еңбектеріңіз орасан. Алда да өңір өнерпаздарының өнері өркендей берсін. Обасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Тұғырымыз биік, ғұмырымыз баянды болғай!

Айгүл СӘБИТОВА,

Ақмола облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар