Белсене қатысып, дауыс беруге шақырды

Ш.Уәлиханов атындағы  университеттің конференц залында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, филология ғылымдарының  докторы  Сауытбек Абдрахманов «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС-іне қарасты «Арқа ажары», «Акмолинская правда» газеттері, «Ақмола ньюс» порталы және қалалық «Көкшетау», «Степной маяк» газеттерінің журналистерімен  алдағы 5 маусым күні Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу мақсатында өтетін  референдумның маңызы мен мазмұны жөнінде кездесу  өткізді. Кездесуді «Ақмола-«Тіршілік» ЖШС-інің директоры, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев жүргізді.

Мәжіліс депутаты, ғалым, қаламгер Сауытбек Абдрахманов елімізде ағымдағы жылдың 5 маусымына белгіленген Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізуге арналған референдумның маңыздылығы, онда ұсынылған өзгерістер, ол өзгерістер әкелер ерекшеліктер мен жаңалықтар туралы әңгімеледі.

Парламенттің рөлін күшейтудегі, суперпрезиденттік басқарудан біртіндеп бас тартудағы мақсат, партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеудің, өкілді билік тармағын қайта құрудың игі ықпалы, тағы басқа мәселелерге кеңінен тоқтала келіп, Конституциядағы өзгерістердің Жаңа Қазақстанды құруға негіз болуындағы маңызын атады.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында суперпрезиденттік басқару үлгісі қажет болды. «Екі тізгін, бір шылбыр» бір адамның қолында болмаса болмайтын болды. Сондай, тегеуріннің арқасында көптеген қиындықтарды еңсердік. Бірақ, оның өзгеруі, жаңа қалыпқа көшуі ұзаққа созылып кетті. Оны кешегі Қаңтар оқиғасы көрсетті. 2022 жылдың қаңтар айынан, бейнелі түрде айтсақ, Екінші Республика құру, Қазақстан Республикасының жаңа дәуірі басталды деуге болады, – деді Сауытбек Абдрахманұлы.

Президент Жолдауында көтерілген, Конституцияның баптарын өзгертуге ұсынылған баптар туралы тартымды әңгіме жүргізген депутат журналистер алдында тұрған міндет халыққа қоғам өміріне белсене қатысудың, қандай болсын сайлау, референдумдарға келіп, дауыс берудің маңыздылығын насихаттау болып табылатынын айтты.

– Ел тағдырын бүкіл халық болып, бірігіп, өзіміз шешуіміз керек. Өз пікірімізді білдіріп отыруымыз қажет. Референдумға қатысып, азаматтық белсенділігімізді көрсетейік! –  деп аяқтады сөзін депутат.

Кездесу соңында Жабал Ерғалиұлы Сауытбек Абрахмановқа мазмұнды әңгімесі үшін журналистер атынан алғыс айтты.

                                                                           Серік САПАРҰЛЫ,

                                              «Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Берік Ескенов.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар