Азаматтардың өз еркін білдіруінің төте жолы

2022 жылдың 5 маусымында біздің еліміз үшін тарихи оқиға орын алғалы отыр. Бұл күні Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі республикалық референдум өтеді. Қазақстан Республикасының Президенті бұл Жарлыққа 5 мамыр күні қол қойды.

Конституцияға түзетулер жөніндегі республикалық референдумға дауыс беретін күні 18 жасқа толған, белсенді сайлау құқығына ие кез-келген азамат қатыса алады. Референдум өткізілуі үшін оған референдумға қатысу тізіміне енгізілген азаматтардың жартысынан астамы қатысуы керек. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 1 сәуірдегі мәліметі бойынша сайлаушылар реестріне Қазақстанның 11 695 439 азаматы енгізілген.

Елімізде референдумның өтетін күні тағайындалғаннан кейін үгіт науқаны өріс алды. Ол 2022 жылдың 4 маусымы күні 12.00 сағатта аяқталуы тиіс. Сайлау заңдылығына сәйкес үгіт жұмыстарына референдумның алдындағы күні және ол өтетін күні тыйым салынады.

Ақмола облыстық мәслихатының депутаттары және қоғамдық кеңес мүшелері үгіт науқанына белсенді кірісіп кетті. Олар тұрғындармен кездесулер өткізуде, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде еліміздің Ата Заңына енгізілетін түзетулердің мәні мен маңызын  түсіндіруде.

Біздің елімізде референдум соңғы рет 1995 жылы өткізілген болатын. Осындан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты ең маңызды мәселелер әрбір қазақстандықтың пікірін есепке ала отырып, шешілуі қажеттігін атап өткен еді.

Бұл жолы қолданыстағы конституцияның үштен біріне жуығы өзгертілгелі отыр. Сондықтан, азаматтар мұның біздің әрқайсымыздың өмірімізге зор ықпалы барын барынша түсінулері тиіс.

Конституцияның жаңа редакциясында мәселен, ату жазасына толықтай тыйым салуды енгізу ұсынылады. Конституцияның қазіргі қолданыстағы нұсқасында Қазақстанда ату жазасы адамдар қаза тапқан террористік қылмыстар үшін ең жоғары жаза болып табылатындығы айтылған.  Оған қоса, ату жазасы соғыс уақытында аса ауыр қылмыстар жасаған адамдарға шығарылуы мүмкін. Олар өздерін кешіру жөнінде тиісті орындарға өтініш жаза алады. Алайда, 2021 жылдың аяғында Президент Қ.К.Тоқаев ату жазасын толықтай алып тастау туралы заңға қол қойды. Ол ату жазасын алып тастау белгілі бір талқылаусыз қабылдануы қажеттігі жөнінде бірқатар құқық қорғаушылардың пікірімен келісті. Осының бәрін ескергенде Конституцияның жаңа нұсқасының 15-бабының 2-тармағында бұл былай көрініс таппақшы: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады.».

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөздерінде Қазақстан Президенті өзінің өкілеттігі кезінде бірде-бір саяси партияға мүше болмауы керектігін бірнеше рет айтты. Ал, жуырда ол «Аманат» билік партиясының құрамынан шықты. Конституцияның жаңа нұсқасында республика Президенті саяси партияда болмауы тиіс деп жазылған.  Конституциялық соттың төрағалары мен судьялары, Жоғарғы соттың және басқа соттардың судьялары, Орталық сайлау комиссиясының төрағалары мен мүшелері, Жоғары аудиторлық палаталардың төрағалары мен мүшелері, әскери қызметкерлер, Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері де мұндай мүмкіндіктен тыс қалады.

Қолданыстағы Конституцияның 42-бабында белгілі бір адам қатарынан екі реттен астам Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлана алмайды деген бап бар. Жаңа бапта «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне бұл шектеу қолданылмайды» деген жолды алып тастау ұсынылады. Осылайша келесі президенттік мерзім Тоқаев үшін, егер ол дауысқа түсемін деп шешсе және халық сайласа, соңғы болып саналады. Сонымен бірге, осы бапта «бұрынғы Президенттер» деген сөз «экс Президенттер» деген сөзге ауыстырылады.

Бұған қоса, түзетулерде Тұңғыш Президенттің мәртебесіне нақты анықтама беріледі. Түзетулер оның тарихи, саяси мәртебесін айқындайды. Айталық, 91-бапта «Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің мәртебесі»деген анықтама қалдырылған. Бұл конституциялық өкілеттіктердің жойылуына қарамастан, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі сақталады дегенді білдіреді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша жаңа Конституцияға «Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттіксаяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерібасшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ» деген бапты қосу ұсынылып отыр.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 16 наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде 1995 жылы қызметі тоқтатылған конституциялық сотты қайта құру жөнінде тапсырма берді. Сол кезде оның функциясын конституциялық кеңес атқара бастады. Енді Президент бір кезде бар болған конституциялық бақылау органын қайта жаңартпақшы. Осы себептен жаңа Конституцияға түзетулер енгізу және «кеңес» сөзін «сот» сөзіне ауыстыру ұсынылады.

Конституциялық сот төрағаны қоса алғанда 11 судьядан тұрады. Олардың өкілеттілігі алты жылға созылады. Сот өзінің жұмысын 2023 жылғы 1 қаңтардан бастайды, оған дейін Қазақстанда Конституциялық кеңес жұмыс істейді. Белгілі бір адам қатарынан екі рет Конституциялық соттың судьясы болып тағайындала алмайды. Конституциялық соттың судьясы депутат бола алмайды. Ол сондай-ақ, Парламенттің келісімінсіз тұтқынға алынбайды және басқа жазалау шараларына тартылмайды. Тек аса ауыр қылмыс жасағанда немесе қылмыс үстінде ұсталғанда ғана тартылады. Жаңа редакцияда Конституцияның 6-бабының 3-тармағы былай берілген. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін.».

Конститиуцияда әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар деп жазылған. Еріксіз еңбекке тек соттың  үкімі бойынша ғана жол беріледі. Қазір бұл норманы былай жазу көзделген. «Еріксіз еңбекке қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасауға кінәлі деп тану туралы сот актісінің негізінде не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.».

Конституцияның жаңа нұсқасында жаңа орган – Жоғары аудиторлық аудитория еске салынады. Ол енді Есеп комитетінің қызметін атқаратын болады. Соңғысын Тоқаев өзінің биылғы наурыздағы халыққа Жолдауында қысқартуды тапсырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында басқарудың суперпрезиденттік формасынан президенттік формасына көшу туралы айтты. Бұл орайда Парламенттің өкілеттілігі артады. Осыған байланысты Қазақстан Президенті бұдан былай облыс, республикалық маңыздағы қалалар мен астана әкімдерінің шешімдерінің күшін жоймайды. Бұл тармақты Конституциядан алып тастау ұсынылып отыр.

Қазір Қазақстан Президенті Сенатқа 15 депутатты тағайындайды. Конституцияның жаңа редакциясында енді Президент Сенатқа небары 10 депутатты, оның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының  (ҚХА) ұсынысы бойынша тағайындайтынын атап көрсету ұсынылады.

Конституция бойынша Президент Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Ұлттық банктің төрағаларын, бас прокурорды тағайындайды. Енді бұл тізімге Жоғарғы сот кеңесі мен Конституциялық соттың төрағаларын қосу ұсынылып отыр.

Конституцияның жаңа редакциясында «мемлекеттік хатшы» терминін «мемлекеттік кеңесші» сөзіне ауыстыру көзделген.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі (төменгі палата) Конституцияға сәйкес 107 депутаттан тұрады. Енді олардың саны 98 болады. Депутаттар конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. 9 депутат ҚХА-дан сайланатындығы жөніндегі бап алынып тасталады.

Парламент өкілеттігі кеңейеді. Заң бойынша Қазақстан Парламенті Президенттің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады. Енді Парламент конституциялық заңдар қабылдай алатындығын, тіпті Президентпен келіспеуіне болатындығын нақтылай түсу ұсынылады. Егер депутаттар қабылдаған кейбір конституциялық заңдар Президенттің қарсылығын туғызса, Парламент бір айдың ішінде заңды қайта талқылаудан өткізуі тиіс. Егер бұл мерзім сақталмаса, қарсылық қабылданды деп саналады. Егер әрбір палатаның депутаттары басым дауыспен Мемлекет басшысының қарсылығын  қабылдамаса, онда ол заңға қол қояды. Егер олай болмаса, заң Президент ұсынған редакциясында қабылданады немесе мүлдем қабылданбайды.

Бұдан басқа қазір Сенат бас прокурордың, Қазақстан Жоғарғы сотының төрағалары мен судьяларын қол сұғылмаушылықтан айыру өкілеттігіне ие. Бұл тізімге сондай-ақ, адам құқықтары жөніндегі уәкілді қосу ұсынылып отыр.

Мәжіліс жылына екі рет Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін тыңдайтын болады. Мәжіліс сондай-ақ, депутаттардың жалпы санынан басым дауыспен заңның кез-келген жобасын кері қайтара алады. Қарсы дауыс берілген заң жобасы қабылданбады деп саналады және дайындаушыға қайтарылады. Сенат Мәжіліс қабылдаған заң жобасын қабылдамай, тек қана мақұлдайтындай (немесе мақұлдамайтындай  және кері қайтаратындай) етіп жасау да Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы болатын. Қазір Конституцияда Парламенттің, оның палаталарының заңдылық актілері депутаттардың жалпы санынан басым дауыспен қабылданатыны айтылған. Енді палаталар  депутаттарының жалпы санынан басым дауыспен заңды Мәжіліс қабылдайтындығын, ал, Сенат мақұлдайтынын атап көрсету ұсынылады. Жаңартылған Конституцияда обудсменнің мәртебесін де атап көрсету ұсынылып отыр. Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Конституциядағы қазір жоқ 83-1 бапта жеке ескеріледі. Онда Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына кел­тіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқық­тары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.

Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.

Түзетулер әкімдер мен мәслихаттардың үлкен саяси және экономикалық дербестігі, оларға Мемлекет басшысының және орталық мемлекеттік органдар ықпалының азаюы қарастырыла отырып, өкілеттіктерінің кеңейтілуін қарастырады. Мәслихаттардың жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асыру орайындағы өкілеттіктерін кеңейту қарастырылған. Айталық, Президент облыстың аумағында орналасқан мәслихаттар депутаттарының немесе республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары депутаттарының келісімін  алу үшін баламалы негізде әкім қызметіне кемінде екі үміткерді ұсынады. Бұл облыс әкімдерін тағайындау барысында мәслихаттар депутаттарының рөлі мен өкілеттілігін арттырып, оларға іс жүзінде таңдау құқығын береді.

Аймақтардың дербестігін кеңейту мақсатында «Қазақстан Республикасындағы өзін-өзі басқару туралы» жеке Заң әзірленуде. Бұл жұмысқа тікелей аймақтардың өздері, сондай-ақ, азаматтық қоғам өкілдері тартылған. Басты міндет – жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін кеңейту процестерін бюрократсыздандыру және қаржылай дербестікті нығайту. Мұның барысында негізгі күш жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталатын болады. Сондай-ақ, мәслихат төрағасының лауазымы енгізіледі.

Ауылдардың қаржылай мүмкіндіктерін молайту үшін «Ауыл – ел бесігі»  бағдарламасымен бірге, жергілікті өзін-өзі басқару бюджетін тікелей қаржыландыру тетігі енгізілетін болады. Сондай-ақ, әкімдер мен олардың орынбасарларына саяси партияның филиалдарында лауазымдарға ие болуға заң жүзінде тыйым салу саясаты енгізіледі. Әкімдердің орынбасарларының саны шектелетін болады (үшеуден, айрықша жағдайларда төртеуден аспауы тиіс).

Референдум – демократиялық мемлекетте азаматтардың өз еріктерін білдірудің басты құралы. Бұл азаматтардың мемлекет үшін маңызды шешімдер қабылдау ісіне белсене қатысуы үшін қажет. Мұның өзі кез-келген азаматқа ортақ жауапкершілік жүктейді. Өйткені, халық нені қажет ететінін, не үшін дауыс беретінін және неге бұлай істейтінін жете түсінулері керек.

Осы ретте, біздің еліміздің, соның ішінде Ақмола облысының тұрғындары бұл референдумның маңыздылығын түсінеді, қоғам да өздігінен шешім қабылдауға дайын деп сенемін. Мен барлық ақмолалықтарды 5 маусымда жоғары азаматтық жауапкершілік танытуға, сөйтіп, республикалық референдумға қатысып, өз құқығын іске асыруға шақырамын. Бұл референдумда әрбір дауыс маңызды!

Талғат ЖҮНІСОВ,

Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы,

Ақмола облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар