Референдум Қазақстанның болашағын айқындайды

Мемлекетті басқарудың жаңа үлгісі пайда болып, елдегі саяси ахуалға жаңа леп берген республикалық референдум өткізілмекші. Бұл Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асуының бірден-бір дәлелі. Сондықтан да, әрбір азамат дауыс беру арқылы өз таңдауын жасауға құқылы деп ойлаймын.

Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жалпыұлттық референдум өткізу елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалардың маңызын көрсетіп отыр. Елімізде референдум 1995 жылы Конституция қабылданған кезде алғаш рет өткізілген болатын. Конституциялық реформа жекелеген баптарға емес, негізгі Заңның үштен бір бөлігіне қатысты түзетулер енгізуді көздейді. Сондықтан, жалпыұлттық референдум арқылы өзгерістер мен толықтырулар енгізу өте орынды. Түзетулер мемлекеттік басқарудың жаңа парадигмасын құруды және билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайтуды көздейді. Сондықтан, Президент мемлекет құрылымының жаңа моделін «Екінші республика» деп атады.

Екінші Республиканы – Жаңа Қазақстан деп қабылдаса да болғандай. Иә, бұл бұған дейінгі тәуелсіз Қазақстанды жоққа шығару емес, сол республиканың жаңа сатыға көтерілуі деп түсінемін. «Әуелі заң түзелмесе, қоғам қалай түзеледі?» демекші, Қазақстан Республикасының Конституциясын азаматтық қоғам талаптарына сәйкестендіру жұмысы жүргізілмек. Әсіресе, ең қағидатты мәселелер жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен-үлкен мәселелер бар. Бастысы, «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты Парламентке сүйенетін Президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр.

Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру де қарастырылған. Бұлардың бәрі бір жүйеге топтасқанда елде азаматтық қоғамның біртұтас моделі қалыптасары сөзсіз. Яғни, биліктің бұқараға бетбұрыс кезеңі басталады. Мәселен, Президент өз билігі кезінде саяси партияны басқармақ былай тұрсын, оған мүше де бола алмайды. Ол үшін Ата Заңның 43-бабына жаңадан тармақ қосылады. Президент қана емес, Жоғарғы сот пен Конституциялық соттың және өзге де соттардың судьялары мен төрағалары, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері партияға мүше бола алмайды. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымды иеленуге тыйым салынады. Бұл да заңмен бекітіледі.

Демек, алдағы референдум Қазақстанның болашағын айқындайды. Егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде де айтарлықтай өзгерістер жасалады. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталған.  Бұл өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азаматымыз 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады.

Баршаңызды референдумға қатысуға шақырамын!

Әбілқайыр ОШАҚБАЕВ,
Ақмола облыстық мәслихатындағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі.

 Тапсырыс беруші: Ошақбаев Әбілқайыр Тілеуғабылұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар