Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Жастар арасындағы жұмыссыздық – халықтың маргиналды жұмыссыздығының бір түрі. Бұл жастардың жалпы әлеуметтік жағдайының маңызды индикаторларының бірі, сондай-ақ, оның ел дамуының белгілі бір кезеңінде еңбек нарығына бейімделу деңгейінің көрсеткіші болып табылады. Жастардың жұмыс тәжірибесі аз екенін ескерсек, олардың еңбек нарығындағы интеграция процестері үнемі бақылауда болуы қажет. Қашан болсын жастар жұмыссыздығының көрсеткішіне көп көңіл бөлінуі керек.

Жастар арасында жұмыссыздықтың өсуіне белгілі бір себептер әсер етеді. Олардың ішінде бірінші кезекте, жоғары және орта арнаулы оқу орындары нарық талаптарына жауап беретін мамандарды әлі де болса жете даярлай алмай отырғаны, оларда мамандар даярлау үшін қажетті инфрақұрылымның жетісе бермейтіні, оның үстіне жұмыс берушілердің де әр кезде бірдей жас мамандарды жылы қабылдай бермеуін айта кетсек дейміз.

Жұмыссыздықпен күресті жақсарту үшін жуырда Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы облыс жастары арасында кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді. Аталған іс-шараның мақсаты – облыс тұрғындарын, соның ішінде тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, халықтың әлеуметтік белсенділігін арттыру, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша халыққа кеңес беру.

–Аталған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне білім беру мекемелері, денсаулық сақтау ұйымдары сияқты 30-дан астам жұмыс беруші қатысып, 200-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. Сонымен қатар, 50-ге жуық адам әңгімелесу сынынан сәтті өтіп, жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Жыл соңына дейін тағы да осындай жәрмеңке өткізу жоспарда бар, – деп атап өтті NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу және кеңес беру бөлімінің басшысы Мақпал Жанарысова осы орайда.

Бұл жолғы жәрмеңкеде «Көкшетау қаласының жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесі, Ақмола облысының полиция департаменті, «Новопэк» ЖШС, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, төтенше жағдайлар департаменті және тағы басқа кәсіпорын-ұйым, мекемелер белсенділік танытты.

Жалпы, іс-шара өте қызу өтті деуімізге негіз бар. Себебі, әрбір қатысушы таңдаған мамандығы бойынша толық ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жұмысқа орналасу жолында алға қадам басты.

Жеңіс БАЛАБЕКОВ,

Ақмола облыстық жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар