Әділетті мемлекетте өмір сүру үшін

Ел тарихындағы қилы кезеңдерді бастан кешірген аға ұрпақтың өкілдері болғандықтан, еліміз бен жастарымыздың тағдырына қатысты кез-келген өміршеңдік саяси мәселелерге бейжай қарай алмаймыз.

Сол себепті Ата Заңға өзгерістер енгізуге байланысты республикалық референдум  өткізу жөнінде Президент Жарлығы шығысымен ардагерлер арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізуді қолға алдық. Қысқа мерзім ішінде атқарылатын жұмыстың ауқымын белгілеу үшін қалалық кеңестің төралқа мәжілісін өткіздім. Облыстық штабтың мүшесі ретінде саяси шараның мән-маңызы жайлы әріптестеріме толыққанды түсініктеме бердім. Ашық, бүкпесіз айтылған пікірлер ардагерлер қауымының көңілінен шықты деп ойлаймын.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасында атап көрсетілгеніндей, Ата Заңға енгізілетін өзгерістерді былайша тұжырымдауға болады. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен президенттік республикаға түбегейлі көшу; бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу; Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру, елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту; азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру.

Халықтың әл-ауқатын көтеруге, әділеттілік орнатып, қарқынды дамуымызға кепілдік беретін бұл реформалар, сөз жоқ, Қазақстанның саяси дамуының жаңа сатысына, жаңа кезеңіне аяқ басқалы тұрғанын айқындай түскендей. Сол себепті  бүкілхалықтық референдумға Ата Заңымыздың 33бабына енгізілетін  өзгерістер мемлекеттің болашағына әсер ететін бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды қадам деп ойлаймын.

Президентіміздің Конституцияға енгізілетін өзгерістерді Парламентте бекіткеннен гөрі халықтың талқысына шығарудағы басты мақсаты – адамдар өз тағдырын өздері айқындау керектігі. Міне, осыған орай, Мемлекет басшысының Жарлығы шыққан жиырма күннің ішінде облыстық штабқа жүздеген ұсыныстар келіп түсті. Әлі де түсуде. Баспасөз беттерінде жарияланған пікірлер қаншама! Бұл орайда, көкшетаулық ардагерлердің де айтар ойы баршылық.

Тәуелсіздік алған отыз жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріміз бен кемшін тұстарымызды ой елегінен өткізіп сараптайтын болсақ, қуанышты да, өкінішті де сәттер жетерлік. Алқа мәжілісінде ардагерлеріміздің айтқан пікірлеріне жүгінсек, ұлттық идеологиямыздың шын мәніндебосаңсып кеткендігі шындық. Өкінішке орай, мемлекеттік тіл толық мәнінде өз статусына ие бола алмай отыр.

Жер мәселесі де көпшіліктің көкейіндегі ең өткір мәселе. «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ,  заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін». 6-баптың 3-тармағына енгізілетін міне, өзгеріс осындай  болмақшы.

Жергілікті мәслихаттың рөлін күшейту, сайлау жүйесін өзгертіп, мажоритарлық жүйеге көшу, Мемлекет басшысының екі мерзімге ғана сайланып, ешқандай партияда болмауы, оның жақын туыстарының жоғары лауазымдық қызметке қабылданбауы,  облыс және республикалық деңгейдегі қала әкімдерін кем дегенде екі кандидатурадан баламалы түрде сайлау, мәслихат депутаттарының бестен бірінің қолдауымен оларға сенімсіздік білдіру жөнінде ұсыныстар біздің көңілімізден шығып отыр. Ендеше, 5 маусымдағы республикалық референдумды саяси белсенділік жағдайында өткізіп, болашақ ұрпағымыздың әділетті мемлекетте өмір сүруін қамтамасыз етейік.

Шияп ӘЛИЕВ,

Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар