Ерекше қажеттіліктері бар спортшылар жарыс жолына шықты

Ақмола облысының әкіміЕрмек Маржықпаев Щучинск қаласындағы «Жақсы-2» спорт кешенінде болып, жиналған жұртшылықты және ерекше қажеттіліктері бар спортшыларды облыстық «Надежда» спартакиадасының ашылуымен құттықтап, жеңіс тіледі.

Өңір басшысы Ақмола облысының көрнекті спортшыларының қатарынан Токиода өткен Жазғы Паралимпиада ойындарында парапауэрлифтингші Давид Дегтяревтің ұлттық құрама қоржынына жалғыз алтынды әкелгенін және әлем чемпионы болғанын ерекше атады. Сондай-ақ, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Денис Петренко шаңғы жарысынан республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін чемпионы, 2022 жылы Бейжіңде өткен әлем чемпионатының, әлем кубогының және Пекинде өткен XIII қысқы Паралимпиада ойындарының қатысушысы. Ал, Любовь Гергерт – армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2021 жылғы әлем және 2022 жылғы Азия чемпионы. 2022 жылы мамырда Бразилияда өткен жарыста ақмолалық Алдияр Балташев XXIV жазғы сурдолимпиада ойындарында қола жүлдегер атанды.

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев спортшыларымыздың жетістігі, олардың қайсарлығы ерекше қажеттіліктері бар адамдар арасында спортты дамытуға, салауатты және белсенді өмір салтын ұстанушылар санын арттыруға оң әсер ететінін атап өтті.

«Надежда» спартакиадасына қатысушылар арасында оған қатарынан 10 жылдан бері қатысып келе жатқан спортшылармен бірге, биыл алғаш рет келген спортшылар да көп. 18 команда бірнеше күн спорттың 9 түрінен жарысқа қатысады. Атап айтқанда, стендтік пресс, армрестлинг, шахмат, тоғыз құмалақ, үстел теннисі, мүгедектер арбасында жарыс, жеңіл атлетика, оқ ату және жүзу бойынша сынға түседі.

– Ауданымыз жүлделі орындарға ие болады деп ойлаймын. Біздің спортшыларымыз шахмат, армрестлинг, пневматикалық мылтық атудан жарысатын болады. Спартакиада да барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған, бізді өте жақсы қабылдады, – деген ойымен бөлісті Ақкөл ауданы командасының жетекшісі Тамерлан Айтмұханов.

– 2014 жылдан бері жарыстарға қатысып келемін, көп жылдар бойы аудан құрамасының капитаны болдым. Бұрын командада төрт адам ғана болатынбыз, қазір 20-дан астам спортшы бар. Екі жылдық үзілістен кейінгі биылғы жыл біз үшін ерекше. Алдымызға жаңа мақсаттар қойдық. Бізге облыстық спартакиада үлкен мүмкіндіктер ашты. 2015 жылдан бастап республикалық деңгейге шықтық.Біздің команданың спортшылары республикалық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, – дейді Жарқайың ауданынан келген Әділ Нұрбеков. Ол тоғызқұмалақ пен жеңіл атлетикадан сынға түсетін болады.

 Вероника БУРДА,

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

 Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар