Мәдениет және өнер қызметкерлері марапатталды

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев мәдениет және өнер қызметкерлерінің форумына қатысып, құттықтау сөз сөйледі және таңдаулы өнер өкілдеріне «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен Алғыс хаттарын тапсырды.

– Бүгінде Ақмола облысында өнердің барлық сегменттері – клубтар, кітапханалар, мұражайлар, театрлар мен филармония жұмыс істейді Сонымен бірге, инфрақұрылымға да ерекше назар аударылып, осы мақсатқа қыруар қаржы бөлінуде. Мәселен, соңғы үш жылдың ішінде ғана облыста 85 мәдениет ошағы жөнделді. Былтыр сүйікті Көкшетауымыз – Қазақстанның мәдени астанасы атанып, қаншама әйгілі өнер қайраткерлерімен жүздестік, – дей келе, облыс әкімі мәдениет және өнер қызметкерлеріне елеулі еңбектері үшін алғыс айтып, шығармашылық табыс тіледі. –Өңірдегі мәдениет ұжымдары қоғамдық өмірге әрдайым белсене қатысып, халықаралық және өңірлік фестивальдарда Ақмола облысының намысын лайықты қорғап келеді.Өткен жылы олар 100-ден астам халықаралық, республикалық байқауларға қатысып, 54 Гран-Приді иеленіпті. Көркемөнерпаздар байқауында 80-нен астам жаңа есімге, 180 шығармашылық ұжымға тәнті болдық.

Салтанатты іс-шарада еліміздің мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен 9 мәдени қызметкер марапатталды. Олардың қатарында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрінің жоғары санатты әртіс-аспапшысы Болат Мұхамеджанов, Ақмола облыстық орыс драма театрының жоғары санатты әртісі Нұргүл Жүнісова, Мәлік Ғабдуллин музейінің қор бөлімінің ғылыми қызметкері Жанат Қажыбай, Жарқайың ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Валентина Соболевская және тағы басқалары бар.

Сонымен бірге,  мәдениет жүйесіндегі инновациялық қызметі мен саланы жетілдіруге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің Құрмет грамотасымен Ақкөл аудандық мәдениет үйінің аккомпаниаторы Бауыржан Дәулет, Зеренді аудандық мәдениет үйінің дыбыс режиссері Бақыт Ұлатай және Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының симфониялық оркестрінің бас дирижері Берік Сарыбай марапатталды. Мәдениет қызметкерлері арасында биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Жыл үздігі – 2022» облыстық байқауында жүлделі орындарға ие болғандарға  300 мың теңгелік сертификат және дипломдар табысталды.

Атбасар ауданының «Элегия» вокалдық ансамблі «Үздік вокалдық топ» аталымы бойынша жеңімпаз атанса, Аршалы аудандық мәдениет үйінің әдіскері Амангүл Нұрхан  «Үздік әдіскер» атағына лайықты деп танылды, ал, Бұланды ауданының Капитоновка ауылдық клубының «Вдохновение» хореографиялық тобының жетекшісі Наталья Дунина «Ауылдық клубтың хореографиялық ұжымының үздік жетекшісі» номинациясына ие болды. Үздіктер қатарында Целиноград ауданының Родина ауылының Орыс халық аспаптар ансамблі де бар. Бұл салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттары Ақмола облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереев, Мәлік Ғабдуллин музейінің ұжымы, Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының әртісі Гүлнұр Қожанова, «Көкшетау» мәдениет сарайының «Полянка» үлгілі балалар хореографиялық ұжымының жетекшісі Виктория Семенова және аудандық мәдениет үйлерінің бір топ қызметкерлеріне табыс етілді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар