Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысты.
Президент, ең алдымен, ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, мұны еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталды, деп хабарлады Ақорда сайты.
«Қарапайым заттардан бастап, күрделі ой-тұжырымдарға дейін, барлығы да – ғылымның жемісі. Шын мәнінде, ілім-білім арқылы бүкіл жаратылысты терең танып білеміз. Таным көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге шығамыз. Ғылымның ең басты миссиясы – осы. Ұлы далада өркендеген ғылымның тамыры тым тереңде жатыр. «Адамзаттың екінші ұстазы» – Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы – соның айқын көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев көне заманнан бастау алған ілім жолы ешқашан үзілмегенін, өткен ғасырда қазақ ғылымы ерекше қарқынмен дамығанын еске салды.
«Бұл ұйым құрылған кезден бастап қоғамдық дамудың көш басында болды. Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұлан, Шахмардан Есенов, Өмірзақ Сұлтанғазин, Мұрат Айтқожин, Әбдуәли Қайдаров және басқа да көптеген көрнекті тұлғалардың есімі Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылды. Олардың әрқайсысы өз саласының асқар шыңын бағындырды. Қазба байлығымызды игеруге, өндірісті өркендетіп, экономиканы дамытуға, елді рухани жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Біз халқымыздың біртуар перзенттерінің еңбегін әрдайым жадымызда сақтаймыз. Өскелең ұрпақ оларды үлгі-өнеге тұтады. Бүгінде жас ғалымдарымыз сол алыптардың ізін басып, жолын жалғап келеді», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуетімізді арттырып, үздіксіз алға басу үшін әрдайым іздену керек. Биік мақсат қойып, жаңашылдыққа ұмтылып, жұмыстың тиімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ ХХІ ғасырда мемлекеттің қуаты ғылыми-техникалық жетістіктермен өлшенетінін, халықаралық аренадағы ықпалы да осыған байланысты екенін алға тартты.
«Ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындаймыз. Бүгінгі басқосуда осы саланың мәселелері туралы ашық пікір алмасамыз деп ойлаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы жылдары ғылым жүйесінде едәуір өзгерістер болып, саланы тежеп отырған түйткілдерді шешу үшін нақты жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды. Сонымен қатар өткен аптада Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданғанын айтып, еліміздегі 22 мыңнан астам ғалым санын осыдан 30 жыл бұрынғы ахуалмен салыстырғанда көп емес екенін атап өтті.
«Жалақының аз және тұрақсыз болуы осы саладағы кадрлық әлеуеттің күрт төмендеуіне әкеп соқты. Іргелі ғылымдармен айналысатын институттардың жағдайы өте ауыр болды. Біз алдымызға ғалымдардың санын көбейту, ғылыми экожүйені нығайту сияқты мақсаттар қойып отырмыз. Сондай-ақ, ғылыми жаңалықтардың коммерциялық тиімділігін арттыру және ғылымды басқару жүйесін жетілдіру басты назарда болады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев осы проблеманы ғалымдар жылдар бойы көтеріп келгеніне назар аударып, аталған мәселе «Ғылым туралы» заңға енгізілген өзгерістердің негізінде шешілгенін атап өтті. Нақты айтқанда, заңға іргелі зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми-зерттеу институттарын қаржыландырудың жаңа түрі енгізілді. Бұл қадам бірқатар ғылыми институттардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Базалық қаржыландыруға жетекші ғалымдардың еңбекақысы кіреді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ғылыми қызметкерлердің орташа жалақысы 70 пайызға өскен. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мерзімі үш жылдан бес жылға дейін ұлғайтылып, соңғы үш жылда ғылымның мемлекет тарапынан қаржыландырылуы 70 пайызға артқан.
«Ғалымдардың біліктілігін арттыру үшін әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуге гранттар бөлінеді. Ғылыми және ғылыми-техникалық жұмыстардың нәтижелерін коммерцияландыру бойынша сұранысқа ие жобалар жүзеге асырылып жатыр», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымда түйткілді мәселелер әлі де жеткілікті екеніне тоқталып, оларды кезең-кезеңімен шешу үшін Академияның мәртебесін өзгерту, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейту, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіру, ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлау сияқты басымдықтарға назар аудару қажет екенін атап өтті.
Президент Академияның мәртебесін өзгерту мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Бұл құрылымның 20 жыл бойы ғылымды басқару ісінен тыс қалғанын атап өтіп, оның қызметі әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керек екенін айтты.
«Бұл құрылым ғылыми ой-тұжырым орталығына айналуға тиіс. Сондай-ақ, сараптама жасайтын беделді мекеме болуы керек. Қара шаңырақтың рөлін арттыру аса маңызды. Сондықтан оған мемлекеттік мәртебе береміз және бюджет есебінен қаржыландырамыз. Оның қазір атқарып отырған қызметінен басқа да міндеттерін нақты белгілеу қажет. Атап айтқанда, ғылыми басымдықтарды дәл осы құрылым айқындауы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент арнаулы гранттар, стипендиялар және сыйлықтар тағайындау құзыреті де Академияға берілгені жөн деп санайды. Сондай-ақ ғылымға адалдық мәселесіне баса назар аударды.
«Қазір қоғамда құр атақ үшін ғылыми дәреже алғысы келетіндердің бар екені жасырын емес. Бұл жағымсыз үрдіске айналып барады. Олар, шын мәнінде, ғылыми атаққа ие болғанымен, ғылым жолын жалғастырмайды. Соның кесірінен мемлекеттің қаншама қаражаты босқа кетеді. Бұған біржола тосқауыл қоятын кез келді. Біз ғылымға шынайы берілген азаматтарды ғана қолдауымыз қажет. Оның жолдарын жан-жақты ойластырған жөн», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Академияға лайықты тұлғалар ғана ашық әрі әділ сайлануы қажет екеніне тоқталып, бұл мекеменің қызметін қазіргі заманғы талаптарға сәйкестендіріп, түбегейлі өзгерту керектігін жеткізді.
«Академиктер барынша ашық әрі әділ сайлануы қажет. Жұрт ұйымға мүше болу рәсімдерін және оған үміткерлерді толығымен біліп отыруға тиіс. Ғылыми қызметпен тікелей айналысатын академиктерге өмір бойы ай сайын стипендия беру мәселесі шешіледі. Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Мұның бәрі Академияның жұмысына тың серпін беріп, беделін арттырады», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев университеттердің ғылыми әлеуетін нығайтуды екінші басымдық ретінде атады.
«Батыс елдерінде университеттерде технопарктердің аясында әртүрлі инновациялық стартаптар мен технологиялық компаниялар жұмыс істейді. Білім беру жүйесін жеке ғылыми орталықтармен және олардың әлеуетіне қарай технопарктермен біріктіру мықты зерттеу университеттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы осыған байланысты ғылыми зертханалар мен эксперименттік инфрақұрылымды дамытуға мақсатты гранттар бөлу арқылы ЖОО жанындағы ғылыми-технологиялық парктерді қолдау бағдарламасын іске қосуды Үкімет пен салалық министрлікке тапсырды. Президент зерттеу университеттерін білім берудегі сән үрдісі емес, Жаңа Қазақстанның инновациялық экономикасын құрудың негізі деп атап өтті. Бұған дейін еліміздің батысында техникалық университеттер құру қажеттігін айтқанын еске салған Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қадамның дұрыстығына толық сенімді екенін жеткізді.
«Satbayev University – Қазақстандағы техникалық білімнің флагманы, жалғыз ұлттық ғылыми-техникалық университет. Сондықтан ол жаңа техникалық университеттер үшін ғылыми-өндірістік базаға айналуға тиіс. Еліміздің бас техникалық университетінің даму бағдарламасын бекітіп, оның негізінде инженерлік білім мен ғылымдағы жаңа технологиялардың ғылыми-зерттеу хабын құру қажет», – деді Мемлекет басшысы.
Президент үшінші басымдық ретінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде айтты.
«Ғылымды қаржыландырудың негізгі көзі ретінде мемлекеттік бюджетпен қатар жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қаражаттары, ірі жеке сектор – өнеркәсіптік корпорациялар және басқа да ұйымдар тартылуы керек. «Самұрық-Қазына» қоры жанынан Ғылыми-технологиялық бастамалар орталығы құрылды. Оның міндеті – ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу үшін ғылыми қоғамдастықпен жүйелі ынтымақтастық орнату. Жер қойнауын пайдаланушылардың пайдалы қазбаларды өндіруге кететін қаржысының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға аудару және аударымдар мен қаражатты бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен жаңа ғылыми орталықтарды құруға жеке инвестициялар үшін салықтық және инвестициялық жеңілдіктерді арттыратын кез келді деп есептеймін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті атқарушы органдарды тарту қажет. Олар да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыра алуы керек. Жергілікті жерлерде ғылым, бірінші кезекте, облыс экономикасының назарында тұрған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс.
Мемлекет басшысы ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуды тиімді жоспарлау мәселесін төртінші басымдық ретінде атады.
«Бұрынғы Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығын қайта ашу керек деп санаймын. Ғылыми қызметті тиімді басқару және сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу – маңыздың міндеттің бірі. Сол себепті, осы саладағы барлық үдерісті тезірек цифрландыру керек. IT саласындағы соңғы жетістіктерді пайдаланып, Қазақстан ғылымының бірыңғай экожүйесін қалыптастыруға тиіспіз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның ұлттық экономикаға қосатын үлесін көбейтіп қана қоймай, оның әлемдік ғылыми кеңістікпен ықпалдастығын күшейткен жөн деп есептейді. Сондай-ақ ғалымдар еліміздің рухани дамуына да баса мән бергені дұрыс.
«Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан, байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені, көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. «Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте, Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым. Қазір еліміз түбегейлі және жан-жақты өзгеру жолына түсті», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бірнеше күннен кейін Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өтетініне тоқталып, бұл болашағымызды айқындайтын жауапты сәт екеніне назар аударды.
«Бұл қоғамдық-саяси өзгерістерге қоғамның сұранысын және халықтың алдағы өзгерістердің шынайылығына деген сенімін көрсетеді. Өйткені, осы реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұсынылып отырған саяси жаңғырту бағдарламасының мазмұны – ауқымды. Бірақ басты назар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
«Дамыған демократиялық қоғам құру дегеніміз айқайлап ұрандату, бірден нәтижеге қол жеткізу емес, дәйекті және жүйелі жұмыс жүргізу екенін түсінуіміз керек. Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет. Бүкілхалықтық референдум жаңа әділетті Қазақстанды құрудың маңызды бастамасы болмақ», – деді Мемлекет басшысы.
Президент қолға алған реформалардың табысты болуы оларды жүзеге асыруға барлық азаматтың қалай атсалысатынына тікелей байланысты екеніне назар аударды. Бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарғанда ғана елдің нақты жаңғыруын және прогрессивті дамуын қамтамасыз ете аламыз.
«Алдағы референдум елдің саяси трансформациясының соңғы кезеңі емес, шын мәнінде оның бастамасы екенін атап өткім келеді. Жұмыс енді ғана басталып жатыр, өйткені өмірдің өзі және азаматтардың қажеттіліктері бізге жаңа міндеттер жүктейді. Саясатта шалт қимылға жол берілмейтінін, ең күрделі геосаяси жағдайларда ол жойқын зардаптарға, деградацияға, тіпті мемлекеттіліктің жоғалуына әкеп соқтыруы мүмкін екенін қаперде ұстау керек. Біз осындай тар жол, тайғақ кешуде әр қадамымызға байыппен қарауымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл үдерісте ғалымдар мен академиялық қоғамдастықтың рөлі өте маңызды деп есептейді. Сондай-ақ қай уақытта да ой-пікір алыптары мен көрнекті зерттеушілер қоғамдық дамудың алдыңғы шебінде болғанын айтты.
«Олар сыни ойлау жүйесін дәйекті түрде қалыптастырды. Надандық пен архаикаға қарсы тұрды және алаяқтар мен популистерге қатаң, дәлелді тойтарыс берді. Өкінішке қарай, елімізде әлі күнге дейін түрлі ырымдарға, ескірген стереотиптерге және жалған ғылыми идеяларға байланысты құбылыстар бар. Дамудың шынайы заңдылықтарын ғылыми тұрғыдан түсінетін қоғамда деструктивті көзқарастарға орын жоқ. Бұл жерде білім мен даму үстемдік етуі керек. Жаңа идеяларды тудыратын еркіндік пен шығармашылық атмосферасы – қазіргі әлемдегі негізгі табысты фактордың бірі», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, ғалымдар Жаңа Қазақстанды, яғни Екінші Республиканы құру ісіне белсене атсалысып, осы маңызды әрі тарихи сәтте зор жауапкершілік танытатынына сенім білдірді.
Жиын соңында Президент бірқатар ғалымды мемлекеттік наградалармен марапаттады.
Дереккөз: informburo.kz