Түркі тілдес мемлекеттердің әдебиетін кеңінен дамытып, насихаттаудағы орасан зор еңбегі үшін белгілі ақын-жырау, жазушы, манасшы Баянғали Әлімжанов Түркі мәдениетін және өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйым «ТҮРКСОЙ»-дың Низами медалімен марапатталды.
Бұл беделді марапатпен атап өтілу барысында әсіресе, жерлесіміздің қырғыздың әлемге әйгілі «Манас» жырын насихаттауға және оны қазақ тіліне аударып, кітап етіп шығаруға сіңірген еңбегі ерекше ескерілді. Сонымен бірге, Баянғали Әлімжанов қырғыздың осы жырын жатқа айтатын Қазақстандағы жалғыз манасшы.
Ақын-жырау, манасшының екі мемлекет арасындағы мәдени байланысты нығайтуға сіңірген еңбегі қырғыз елі тарапынан лайықты бағаланып, 2021 жылдың наурыз айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров өз қолымен Баянғали Әлімжановқа мемлекеттік «Достық» орденін тапсырған болатын.
Бұған қоса, ол Қырғызстанның Композиторлар Одағы мен Мәдениет министрлігінің А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлығының, Халықаралық С.Қаралаев қоры тағайындаған «Саяқбай манасшы» медалінің иегері. Биыл оған халықаралық Түркі академиясының «Түркі әлемінің манасшысы» атағы да берілді. Енді міне, осыған «ТҮРКСОЙ»-дың Низами медалі қосылып отыр. Құрметті Баянғали Тақанұлы, Түркі әлеміндегі осы абырой-атағыңыз құтты болсын! «Арқа ажары» газеті сізге жаңа шығармашылық табыстар тілейді!