Менің ұстазым – Баян Жаңғалов!

Қазақ елінің абыз ақсақалы, Социалистік Еңбек Ері

Баян Жаңғалов жайлы көңіл сөзі

Жаратушының пендесіне сыйлайтын ең үлкен неғметі өмір жолында жақсы адамдарды жолықтыру деседі. Оны Алланың сыйы деп айтады ғой. Менің өмірімде де жақсы адамдар аз кездескен жоқ. Солардың бірі де бірегейі Баян Жаңғалов болды.

Зеренді аупарткомының аппаратында, ағаның қол астында, оның оң қолында, қамшылар жақ тұсында он жыл қызмет істедім. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жанына жақын жүріп, ағалы-інілі, аралас-құралас болыппын. Барлығы 41 жыл. Аз уақыт емес. Әйтеуір, бір адамды танып білуге емін-еркін жететін уақыт. Сондықтан да, ұстаз жайлы естелік жазу үшін қолға қалам алуға бекіндім.

Ойшыл, шешен, мемлекетшіл кісі туралы естелік айту оңай емес. Баян аға 1970 жылы ауданның бірінші басшысы болып туған жеріне келді. Оған дейін Көкшетау облысының төрт ауданын басқарған болатын. Ол кезде Зеренді аупарткомының аппаратында қазақ ұлтының өкілдері жоқтың қасы еді. Бәйекең келісімен ұлттық мүдделерге жаны ашитын жас кадрларды өз қасына жинады. Олардың қатарында Сайран Тұрсынбаев, Нұрымбек Жантасов, Жамбыл Кәкімжанов, Еңбек Қабданов, Иманғали Ақпаев, Елубай Темірғалиев, Мереке Шәйкенов, Мейрамбек Киіков, Өмірзақ Әбділманов, Майдан Әлібеков, Кенжебай Матжанов, Амангелді Ақынов және тағы басқалары болды. Солардың алғашқы легінде мен де болдым. Бұл Алланың маған берген сыйы еді.

Ұстазымыздан көп нәрсе үйрендік. Бәйекеңнің пайдалы коэффициенті, пассионарлық қасиеті көзге ұрып тұратын. Бойында жаратушыдан, ата-анадан берілетін асыл қасиеттердің басым көпшілігі дерлік бар еді. Алдымен оған кесек ақыл, ғажайып ес, үлкен жүрек пен таудай талант, азаматтық пен кенен пейіл, жүйрік тілді қоса берген-ді. Оның айтқан сөздерінің бәрі тұщы, жаныңның ақ жаңбыры секілді жүректің жарасын суландырып, көңілді нұрландырып тұратын. Елдің бәрін бауырына тартып, жан дүниеңе тазалық сыйлап, позитивтік энергия беріп, жомарт көңілді сездіріп, кездескен сайын өзіңді бір байытып жібергендей болушы еді. Біреудің сыртынан бықсық әңгіме айту, өсек-ғайбат сөйлеу онда болған емес. Туа бітті тұнық судай таза табиғатын лайламаған, пайдакүнемдікті ойламаған, билік пен халыққа екі жүзді қарамаған, кішілігі кісілігінен, парасатты адамды пайымнан таныған, қатарынан иығы асып туған, зерек ұйымдастырушы еді.

Жан  тазалығын сақтай алғандар қандай бақытты. Ондай жандар жүрген жерін шаттыққа бөлей жүреді. Аға сондай жан. Сондықтан, оны жұрт сүйетін, аялайтын, оған тартылатын. Сол тазалықтан мүлдем ажырап қалғандар қандай бақытсыз?! Халық ақыны Мұқағали Мақатаевтың «Сәби болғым келеді» деуі содан шығар бәлкім?!

«Ағаштан ағаш мәуе алады, адамнан адам тәлім алады» дейтін тәмсіл бар емес пе? Әрқашан да осы бір көшелі кісіден бір жақсы нәрсе үйренгім кеп тұратын. Өйткені, ақылы мен тәрбиесі, мінез-құлығына ел сүйсінерлік, қызығарлық. Оның өмір жолы – ізгіліктің, кісіліктің жолы еді ғой. Қазақтың қара сөзінің қаймағын қалқып сөйлегенде, тыңдаған жанды еріксіз ұйытып отыратын. Ағамыздың даңқына тұла бойындағы кісілік келбеті, адамгершілік ажары, кішіпейілділігі сай еді. Көшелігі-кісілігі де, шындықты сүйетіндігі де тұлғасын елден ерек биіктетуші еді. Ағада бір керемет магиялық күш-қуат бар екендігіне талай рет көзім жетті.

Аға көптеген ордендермен, медальдармен марапатталған. Сонда да кейбіреулер сияқты шіренбеген, мақтанбаған. Қарапайым кішіпейіл болды. Бұл кісінің қаншама жауапты жұмыстарда ұзақ жылдар жүргенде сүрінбей, жығылмай, намыс туын жықпай, тізесі бүгілмей, арына дақ түсірмеуінің сыры неде? Ол ағамыздың ақылдылығы, тазалығы, төзімділігі, қанағатшылдығы, шүкіршілігі, сергектігі, сезімталдығы, сақтығы, кеңдігі, кешірімділігі, көрегендігі деп бағалауымыз керек. Адам баласы өткенін тез ұмытып кетеді ғой. Ол ешқашан өткенін ұмытпайтын. Ұстаздың бір жақсы қасиеті бұрынғы Абыздардан көрген өнегесін көрсетті, бірақ соны көп ала алмай қалдық. Кішкентай ғана Жамантұз ауылының төл перзенті, кең байтақ Қазақстанның белгілі ұлына, атаның ұлынан халықтың ұлына айналды ғой. Жастарға ұстаз, саналы сөздің сәруары болды. Ол кісі біздерге: «Өмірде тек жақсылықты іздеңдер, жақсылық жасауға ұмтылыңдар» деуші еді.

Ұстазым асқан ақылды болуымен бізге, өмірде өте сирек болатын адамды еркінен тыс баурап алатын ерекше жаратылыс қасиеті бар еді. Мұғалімімнің бұл қасиетін ауданға жиі келетін республика, облыс басшылары, ақын-жазушылармен кездескен сәттерінің куәсі болғандықтан білемін. Өлең шығаратын, қоңыр дауыспен ән шырқайтын, шешен сөйлейтін, күнделік жазатын, шахматты жақсы ойнайтын, әзіл-қалжыңға әбжіл болатын. Осы және басқа қасиеттермен ол заман алдында да, қоғам алдында да Арқа абыздарының рейтингін көтерді, асқақтатты.

Елбасы Ұлы Дала академиясын бітірген Байекеңмен бірнеше рет кездескеннен кейін, оны бағалап он бір миллион қазақтардың арасынан таңдап, арнайы Астанаға шақырып, Тәуелсіздіктің жиырма жылдығында өткен үлкен басқосуда тоқсан жеті жастағы абызды сөйлетіп, батасын алды. Оның алдында ғана Бурабайда Абылай ханның алаңы ашылып, стелла қойылған шарада да кездескен. Ол кезде облыс басшылары Баян ағаны елемей қойған болатын. Президент бұл қателікті шұғыл түзетіп, трибунаға Байекеңді жұбайы Нағимамен бірге алып, уәлі сөзін тыңдаған. Сол жолы облыс атынан өзіне жапқан шапанын абыз ағаға байлаған еді. Дәл осы тарихи жәдігер қазіргі уақытта Досбол ұлының үйінде сақтаулы тұр.

1999 жылы Петропавл қаласында Абылай хан резиденциясын ашу салтанатында да көп ішінде тұрған Жаңғаловты көріп, арнайы бұрылып барып сәлем берген. Зеренді елінің рухани ұстазы дүниеден озғанда, көңіл айтып, телеграмма жолдаған.

Оның қол астында қызмет жасаған жылдары республика, облыс басшылары, жазушылар, өнер адамдарымен кездесіп, айтылған әңгімелеріне құлақ түріп, қолдарына су құю бақытына да ие болдым. Бәйкен Әшімовпен аға үйінде кездесіп әңгімесін тыңдадым. Шәмші Қалдаяқовпен аға-дос болып, ұзақ жылдар қарым-қатынаста болуым да ағаның арқасы. Ақан сері ән арнаған Балқадишаның аудан тарихына қайта оралып, қабірін тауып, құлпытас қою да аға аманаты еді.

Байекең тоқсанында да тозбаған, барлық ортада толғатып сөз қозғаған, кәрілік заңына бағынбай, егемен еліміздің бүгіні мен ертеңі жөнінде дәмді сөздерімен халықты имандай ұйыта білетін еді. Тоқсаннан асқандардың ең алдымен есте сақтау қабілетін жоғалтатынын геротолог мамандар айтып жүр. Ал, Баян аға тарихи-танымдық деректерді тереңінен тартып жатқа соққанда, адам аттарын, шым-шытырық сандарды соқырға таяқ ұстатқандай көз алдына жайып салғанда таң қалмайтын жан жоқ. Нағыз тірі шежіре дерсің. Бұл пікірдің әсіре сөз еместігіне, Б.Жаңғаловтың «Үш кезең» атты кітабын оқысаңыз көзіңіз әбден жетеді.

«Жақсы адамның өзі де, өмірі де, өлімі де жақсы» дегендей, Әз ағамыз ғасыр жасына біржарым адым жетпеген ғұмырында шаршап-шалдықпай, алқынып-аптықпай, сүрініп-сүрлікпей, белі бүгілмей, тіп-тік жүрген қалпында Нағима жеңгей екеуі әңгімелесіп отырып, бақиға аттанып кетті. «Ақыл-есі бүтінде жөнелу кез-келгенге бұйыра бермейтін бақ» деген халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың айтқаны құдды Баян ағаның рухына арналған сияқты. Біз, шәкірттері, ұстазымыздың «Парызын, қарызын, борышын орындаған соң Алла аманатын (жанымды) қинамай, жан-жағыма салмақ салмай ала көрсе жарар еді» деп айтқанын талай естігенбіз. Ұстазымыздың бұл өтінішін Алла тағала сыйлады. Баян ағаның мәйітін үйінен шығарғанда Зеренді аспанында екі бүркіт айналып ұшып жүрді де, көрінбей кетті. Жиналған халық бұл ғажап көріністі Байекең рухы қыран бүркітке айналып, Арқа көгіне шарықтап шыққаны деп жорыды.

Зеренді халқы өзінің топырағында ел ағаларының эталоны Баян ағаны өмірге әкеліп, тіршілік еткізгені үшін, оның рухы алдында әрдайым қарыздар. Аға көзден кетсе де көңілден кетпейді. Біздің алдағы міндетіміз – оның жарқын бейнесін тұғырынан түсірмей асқақтата беру. Осы ұрпақтың шет пұшпағын көріп қалған мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Өзгелерді қайдам, ал, өзімді әлі күнге Баян Жаңғаловтың күпісінен шыққандай сезінемін.

Баян аға ауданға бірінші басшы болып сайланғанда Зерендіде жаңа заман талабына сай аурухана, Мәдениет үйі, ескерткіш, көпқабатты үйлер, қазақ мектебінің ғимараты болмаған еді. Аға өзінің қолжазбасында: «Мен әуелі Көкшетау облысының бірінші басшысы Еркін Әуелбековтың алдына осы мәселелерді қойғанымда: «Бұл мәселені үкімет шешеді, Сіз үкімет төрағасы Б.Әшімовке шығыңыз», – деді. Мен Бәйкен Әшімовке «Зеренді Сіздің қызмет істеген жеріңіз, ол жерде де белгілі ғимарат салыну керек, бізге мәдениет сарайы, аурухана, қазақ мектебінің кешенді ғимараты қажет»,– дедім. Б.Әшімов: «Сен алдымен аурухана сал, оның құны 5 миллион сом. Менің құқығым 3,5 миллион қаржы көлеміндегі құрылысты қаржыландыру, осыған қоса 0,5 миллион сом қосып бере аламын, аурухананың қалған бөліктерін кейін жата-жастана саласың»,–деді. Осы қаржымен 1975 жылы 30 қыркүйекте аурухана пайдалануға берілді…»

Кейін қиын кезде емхананы аудан әкімі Досбол Жаңғалов салдырды. Ол ғимарат қазірде Гумилев атындағы Евразия университетінің демалыс аймағы болып тұр. Баян Жаңғалов ауданды басқарған кезде мектептердің 70 пайызы, Мәдениет үйі, Отан қорғаушылар монументі, грейдер жолдар, кеңшарлардың орталығындағы МТМ, қырмандар, кеңселер, шағын клубтар бой көтерген еді. Ағамыз өзінің халықпен кездесулерінде сол кездегі тындырылған алуан-алуан істер мен халықтың игілігіне айналған барша жетістіктерді еш уақытта айтқан жоқ, бұл ұстазымның барлық істелгендерді бір өзі иемденуден, мақтанудан аулақ болғанының дәлелі.

Сарыарқаның сары алтынындай саф асылы ағадан айырылып, оқпанға құлап кеткендей ойсырап қалғанымызға 2022 жылдың 30 қаңтарында 9 жыл болды. Ортаның сәнін, отырыстың мәнін келтіріп, төрге шықса төбедей, төбеге шықса төредей ағаның төрдегі орны күні бүгінге дейін бос тұр. Өлім түгілі бір қатты сөзге қимайтын Әз ағамыз енді арамызда жоқ қой дегенге сену де қиынның қиыны.

Ағаның көзі тірісінде оның осынау ізгі қасиеттерін өзіне айта алмадық. Айтудың ретін тапсақ та, мақтаннан ада, мадаққа сараң ағадан тартындық. Енді оның бақилық болғанына біраз жыл толған шақта толғанып айтқан сөзіміз оның рухына жасаған інілік ізет, кішілік, шәкірттік тағзым болса деген ниеттеміз. Бұл сөзге Көкшенің зиялы азаматы, ұлтына өмір бойы адал қызмет жасаған Жаңғаловты білетіндер, көзін көргендер толық қосылады деген сенімдеміз.

Сіз рухыңызбен бәрін сезіп, біліп жатырсыз! Осыған риза бол, қайран Ағатайым! Бақидағы жолың оң, рухың шат болсын! Бізге Сіздің рухыңыз қиналғанда сүйеніш, тарыққанда қолдаушы болуын тілейік!

Мұхит ҚАБДЕШЕВ,

 партия, кеңес, мемлекет қызметінің ардагері.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар