Қазақстан тарихында ел тұрғындары дауыс беруге қатысқан референдум күні Көкшетау қаласындағы №36-37 сайлау учаскелеріне барып, ондағы жағдайды байқадық.
Жалпы, қала тұрғындарының белсенділігі олардың азаматтық ұстанымдарын айқындайды. Аталған учаскелерде 18-ге енді толған жастар мен жасы 80 мен 90-ды алқымдаған қарттарға дейін барып, ел болашағы үшін, жаңашыл реформаларды қолдап дауыс берді.
–Мен де өз таңдауымды жасадым. Бұл референдумда халықтың бірлігі аса маңызды. Бюллетеньді жәшікке балаларыммен бірге тастау арқылы еліміздің саяси құрылымына өз үлесімізді қосып жатырмын деп ойлаймын, әрі қуаныштымын. Ел аман, жұрт тыныш болсын, – деді бізбен пікір алмасқан № 36 сайлау учаскесінің дауыс берушісі, Камаз инжиниринг АҚ-ның қызметкері, жас инженер Талғат Құсайынов.
–Бұл учаскеге 2847 адам тіркелген. Учаске өз жұмысын бастаған таңертеңгі 07.00-де алғашқы болып 90 жастағы бір атамыз келіп, ақ батасын айтып, дауыс беріп кетті. Біз де комиссия мүшелері дәстүр бойынша алғашқы келген дауыс берушіге сыйлығымызды сыйлап, шығарып салдық. Біздің учаскеде бірінші рет дауыс бергелі отырған азаматтар саны 21. Оның ішінде түске дейін олардың 7-еуі дауыс берді. Сағат 13.00-дегі ақпарат бойынша учаскеде 564 адам дауыс беріп үлгерді, бұл жалпы санның 20 пайызын құрайды –деді түс кезінде референдумның №36 учаскелік комиссиясының төрайымы Сайран Азнабайқызы.
Жалпы, қорытынды бойынша аталған учаскеге келген дауыс берушілер саны 1988-ге жетті. Бұл жалпы санның 69,8 пайызын құрайды.
Келесі №37 референдум учаскесіне күндіз дауыс берушілер көптеп барып жатты. Біздер мұндағы абыр-сабырды байқап, кешкі 19.00 шамасында бас сұққан едік, айтарлықтай дауыс берушілер көп те емес екен. Учаскеде дауыс беруге құқылы 2777 адам тіркеліпті, олардың 1180-і ғана төбе көрсетіп, сайси науқанға қатысқан екен. Бірінші рет дауыс бергендер саны мұнда 7 азамат екен. Барлығы да өз таңдауларын жасап, сыйлықтарын алып кетіпті.
–Біздің учаскедегі ең үлкен дауыс беруші әжей – 93 жастағы Валентина Изланкина. Ол өзінің денсаулығы сыр беріп жатса да, мемлекетіміздің жаңа реформалар алдындағы саяси науқанға қатысуыцн өзінің парызы санап келіпті. Түске дейін учаскеге 662 адам келіп, дауыс берді. Үйден дауыс бергендер саны –6 адам. Учаскеге келіп дауыс берушілердің қазіргі уақытта 1180 адам, бұл жалпы санның 45 пайызын құрайды, –деді №37 қалалық аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Марал Әлжапарова.
Суретте: № 36 сайлау учаскесінің дауыс берушілері – Камаз инжиниринг АҚ-ның қызметкері, жас инженер Талғат Құсайынов және 90 жастағы ақсақал Байкен Мұқышев.