Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаны аяулы жан еді - АРҚА АЖАРЫ

Жаны аяулы жан еді

Қанат Тастемірұлы Базаров ғылымның өріне шығып, енді жемісін бере бастаған мәуелі бәйтеректей, өзінің ерекше жолы қалыптасып, өзіндік зерттеу бағытын айқындаған тарихшы, өлкетанушы, зерттеуші әріптесіміз, аға тұтар аяулы азаматымыз еді. Бүгінде арамыздан мәңгілікке кеткеніне бір жылдан асыпты. Қайран уақыт…

Әлбетте тарихшылардың өз әлемі, көзқарастар ортасы, сыни ахуалы болады.  Шынайы тарихшыны танып-білу және оның қалыптасуы үшін ғылыми орта, ізденістері мен еңбектері, кәсіби танылым, өскен шәкірттері қажет. Кез-келген тарихи құбылысқа біржақты көзқараспен қарау арқылы оның басқа қырын байқамай қалуымыз мүмкін. Тарих пен тарихшының мақсаты – сол тарихта қалған шындықтың жалпы күрделілігін ашып, қарама-қайшылықтарға толы екенін көрсету.

Әр зерттеуші бір тарихи оқиғаның жаңа бір сипатын, жаңа бір тамырын табады. Осы арқылы тарих туралы біліміміз байи түседі. Ол шексіз де таусылмайтын үрдіс. Ізденіске бой ұрған маман неғұрлым зерттеу тақырыбының әр қырын қарастырған сайын, тарихи шындыққа жақындай берері сөзсіз. Әрине, оның жолдары мен бұрмалаңдары шексіз болуы мүмкін. Қандай тақырыпқа болсын, адам терең бойлаған сайын, соны табудың нәтижесі де жақындай түседі.

Тарихи тапсырыс пен даңғазаның құлы болып қалмау және шыншыл тарихшы болу әрі өз еңбегінің алдында адал болу үшін тарихшы ғалым барынша, көбірек тұжырымдаманы талқылауы қажет. Белгілікті бір ақтаңдаққа не бір оқиғаға әртүрлі көзқарастың бар екені, түрлі түсініктер мен пайымдар болуы заңды емес пе? Ондай дүниені өзіңнің ішкі дүниең мен санаңнан өткізесің. Сонымен ғана ғалым тарихтың шындығына жақындай түседі.

Ғылым сүйер қауымның бір пайымдағаны, тарих идеологиясыз болмайды. Бәріміз білетіндей, патша үкіметі ме, Кеңес дәуірі ме, оның ішінде Сталин, Хрущев, Брежнев басқарған тұстағы тарихтың, әсіресе, біздің ұлттың өткені қандай тұрғыда тұғырланды, жазылды, жаздырды, қазір де көпшілікке мәлім. Қандайда бір тақырыпты не өзекті мәселені тарихи тұрғыдан жазамын десеңіз де, зейініңізде орныққан бір тұжырымдамаға сәйкестендіріп жазамыз.

Алайда, бір тарихи оқиғаны бұрмалап, әртүрлі жазуға болады. Сондай болмау үшін, яғни, шынайылылықты сақтау үшін түрлі тұжырымдамамен таныса отырып, соларды салыстыру қажет. Сол тұрғыдан өз көзқарасыңызды дамытасыз. Мыңдаған тарихшы болса, соншама әдістеме болады. Себебі, тарих – өте күрделі нәрсе. Неғұрлым көп көзқарастың болуы тарих үшін жақсы. Сонда тарих объективті тұрғыдан қарастырылады және тек идеологияға беріліп кету қаупі азаяды.

Міне, осындай күрделі кезең туғызған тарихшылар легінің Көкше жеріндегі бір өкілі Қанат бауырымыз еді. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, 50-ден астам ғылыми еңбектердің, бірнеше ғылыми-оқу құралдарының авторы, отыз бес жылдам астам өмірін білім саласында, оның жиырма үш жылын жоғары оқу орнында оқытушылық қызметке арнаған екен.

Сонау өткен ғасырдың елуінші жылдарынан өзінің тарихын алатын Гурьев педагогикалық институтының, қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындарында біраз жыл істеп, 2013 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін  Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі лауазымын атқарды.

Білім ордасының оқу-тәрбие, ғылыми жұмыстарына біте қайнасты. Негізінен, ғылыми зерттеу бағыты Қазақстандағы Кеңес үкіметі орнауы кезіндегі әкімшілік-территориялық өзгерістер мен реформалар төңірегі болатын. Осы тақырып бойынша қомақты монографиясы да жарық көрген-ді. Болашақ тарихшыларға дінтану, археология, этнография, отан тарихының өзекті салалары бойынша дәріс оқып, бірқатар қала, облыстық қоғамдық ұйымдардың жұмысына да белсене ат салысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасына байланысты өңірдің біраз жерлерінде болып, тарихи- танымдық мәселелер бойынша ғылыми конференцияларға қатысып, құнды еңбектерін жариялады. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясындағы ғылыми-сараптамалық кеңесте аянбай қызмет істеді. Әлі есімде, ана бір жылдары көрші елдің кейбір тарихшылары панфиловшылардың ерлігіне күмән келтіріп, мақалалар жариялап, жоққа шығара бастаған-ды.

Соған байланысты екінші дүние жүзілік соғыс мәселелеріне арналған «Победа – одна на всех» атты үлкен халықаралық дөңгелек үстел өткен болатын. Оның жұмысына «Евразия саясаты институты» ақпараттық-зерттеу орталығы, «Урал-Евразия» сараптамалық орталығы, ғалымдар, әскери мамандар, шолушылар қатысып еді. Міне, осы форумда Қанат Тастемірұлы көптеген деректерге негізделген мазмұнды баяндамамен жалған тарихшыларға жауап беріп еді. Ақпарат құралдары кейін былай деп жазды:

«Одна из проблем развернулась в прошлом году «благодаря» заявлению бывшего директора госархива РФ, доктора исторических наук Сергея Мироненко о том, что якобы не было подвига 28 гвардейцев-панфиловцев под Дубосеково, не произносил политрук Клочков фразы, ставшей девизом обороны столицы СССР: «Велика Россия, а отступать некуда: позади – Москва». Все это будто бы «выдумка советской пропаганды».

Канат Тастемирович приводил неопровержимые свидетельства бессмертного подвига. Одним из них может служить и такой факт. Увидев, что молодые бойцы очень боятся танков, генерал Панфилов, помогал преодолеть страх при помощи… тракторов: «Посмотрите, это тот же танк, только без пушек».

А наши земляки-казахстанцы в разговорах, сохранившихся письмах называли его аксакалом. – Героем был каждый, кто не боялся смотреть в лицо врагам, кто в декабре 1941 года в окопах насмерть стоял за свою страну. Неделили друг друга по национальности, вероисповеданию, происхождению, – говорил Канат Базаров. – Несомненно, впоследствии подвиг панфиловцев был отчасти мифологизирован. Но это естественная оболочка любого героического поступка».

Тарихты фальсификацияға ұшыратудың идеялық тұрғыдан қаншалықты қауіпті екендігін барлық қатысушылар мойындаған еді. Шын мәнінде шынайы  тарих білімі, тағылымы патриотизм мен азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы өте бір құнды да қажетті құрал екенін біз естен шығармауымыз керек. Бұл енді идеологиялық тарих майданындағы Қанекең сияқты күрескерлер ұстанымының бір сәттік қана көрінісі.

Менің ойымша, тарих таразысына анау-мынау адам бел шешіп түсе бермейді, ар жағында не бір тектілік, не бір қанына біткен мінез, рух болуы керек сияқты. Осы тұрғыдан қарасақ, Қанаттың түп тамыры сонау Есіл бойындағы қалың Атығай іші, әйгілі Бәйімбет, Құдайберді тармағындағы Бағанаты ауылына барып тіреледі. Сарыарқаның қиыр солтүстігіндегі Есілдің сан тармағын таратқан, аққайыңдар аралы атанатын Солтүстік Қазақстан облысының кезіндегі Сергеев, бертін Шал ақын ауданы атанған жер – құнарлы топырақты, құт дарыған, құйқалы да, қайырлы мекен.

Бұл өңірден ежелден дүйім қазаққа әйгілі адамдар көп шыққан. Абылай заманында ұлы ханның ақылшысы, сенімді серігі болған Құлеке мен Құлсары батырлар, қазаққа қара сөзде дес бермеген ақындар мен жазушылар Шал Құлекеұлы, Соқыр Тоғжан, Герольд Бельгер, Ғалым Малдыбаев, ғылымның әр саласында жетістікке жеткен ғалымдар Евней Бөкетов, Аманжол Қошанов, Мырзатай Серғалиев, тағы басқа еліне елеулі тұлғалардың атакүлдік мекені.

Осындай ортада өсіп, білім алған Қанат анадан он үш жасында қалып, атасының қарындасы Дәметкеннің тәрбие қолында өседі. Тастемір атамыздың кіндігінен ұлдан да, қыздан да тараған жалғыз ұрпағы Қанат екенін айтуымыз керек. Сондықтан да, жақын-жұрағаттың да өбектеп, асты-үстіне түсіп, көздерінің қарашығындай қарауы, қаймана шаңырақтың түтіні сөнбесе деген тілеуің бергір жалбарынудан туған-ау!

Сол кездегі солақай саясаттың ызғары әсерінен, қазақ ауылдарындағы мектептер орыс тіліне ауысу науқаны Бағанаты ауылына да лебін   тигізбей қойған жоқ. Қанат та әуелгі бетте ауылда, кейін көрші Городецкое селосында орысша орта мектепті бітіріп, әскери борышын өтеп,кейін Атырауда жоғары білім алады.

Саналы өмірінің айтулы үлесі Көкше жерінде өтті деуге болады. Балалары оқыды, құдандалы болды, дос-жаран тапты, ғылыми дәрежелерін алды, алпыс жылдық торқалы тойын өткізді, тамырын жайды. Өзімен бала кезден бірге оқып, бірге өскен ауылдасы, «көршінің қызы» Сәулемен көңіл қосып, отау көтереді,екеуі үш бала сүйеді.

Тұңғышы Руслан қаржыгер, қазір жеке кәсіпкер, одан кейінгі Розасы журналист, кенжесі Әсел Нұрсұлтанда «Евразия групп» компаниясында қызметте, бәрі үйлі-баранды, аналарына немерелерін сүйгізіп отыр, тәуба. Халықта «жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген айтулы нақыл сөз бар, осы бір бәрімізге белгілі қағидат Қақаңа арнап айтылғандай. Әттең, кешегі өткен індет дауылы оны да жанай бере, арамыздан жұлып әкетті. Амал нешік… аһ ұрамыз, еске аламыз. Артында ұрпағы, ғылыми мұрасы қалды. Студенттеріміз ұстаздарының оқу құралдарын, ғылыми мақалаларын оқиды, пайдаланады, тарихшылар қауымы жадында ұстайды.

Ендігі айтарымыз, Есіл-Көкше жерін тел құлындай еміп, өскен Қанат Тастемірұлының есімі, өзі білім нәрін сепкен шәкірттері мен қатар жүріп, қызметтес болған әріптестерінің, жақын-туыстарының мәңгі есінде қалып, ізгі жолын балалары жалғастырса дейміз.

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,

тарихшы, Шоқан Уәлиханов атындағы

Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар