Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар мүгедектер мүддесінқорғайды

Халықтың әл-ауқатының артуы – мемлекеттік саясаттың басты мақсаты болып саналады. Мүгедектіктері бар адамдардың құқықтарын қорғау және оларды әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету кез-келген мемлекеттің өз дамуындағы басты бір бағытына жатады.

Біздің еліміз тәуелсіздік алған жылдары әлеуметтік сала ойдағыдай дамып келеді. Сонымен бірге, медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) құрылымы да жетілдіріле түсті. Ол мүгедектік тобын, еңбекке қабілеттілікті жоғалту жағдайын анықтауда және әлеуметтік қорғау шараларын іске асыруда айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Бұрын бұл жұмыспен дәрігерлік-еңбек сараптамасы (ВТЭК) айналысатын. Оның барысында жұмыс қағаз түрінде жүргізіліп, науқастар емханалар мен ВТЭК-тің өзіне бірнеше рет барудан әбден шаршайтын.

2005 жылы «Халықты әлеуметтік қорғау туралы» Заңның күшіне енуімен әлеуметтік саланы одан әрі жетілдіру мүмкіндігі туды. Сол жылы мүгедектіктері бар адамдардың мәліметтері орталықтандырылған деректер базасына көшірілді. Бұл мүгедектікті тағайындау, еңбекке қабілеттілікті жоғалтудың деңгейін анықтау жөніндегі мемлекеттік қызмет түрлерін цифрландыру және бір жүйеге келтіру жолындағы алғашқы қадам болды.

Тәуелсіздік жылдары мүгедектіктері бар адамдарға қатысты әлеуметтік қызмет түрлерін анықтау мақсатында құқықтық база және тиісті заңдылық актілері қарастырылды. 2015 жылдан бастап медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесіне «бір терезе» принципі бойынша композиттік қызмет енгізілді. Ол мүгедектікті куәландырып, реабилитациялаудың өтемақысы мен техникалық құралдарын алуға дейінгі бүкіл жұмыс процесін жеңілдетіп, қарапайымдандыра түсті. Егер бұған дейін мүгедектікті алу үшін ең алдымен медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдерімен хабарласу қажет болса, ендігі арада мүгедектік белгіленгенде зейнетақыны төлеу жөніндегі орталыққа жүгінілетін болды. Мұнда мемлекеттік әлеуметтік өтемақыларды, одан әрі оңалтудың жекелеген бағдарламасына байланысты әлеуметтік жеңілдіктерді белгілеу барысында оңалтудың техникалық құралдарын немесе арнайы әлеуметтік қызметтерді алу жағы қарастырылады. Мүгедектік тобы анықталған науқасқа композиттік қызметтерді енгізгеннен кейін куәлендірілген соң ол үйіне қайтады да, өтемақыға барлық құжаттар және басқа ұйымдарға электрондық нұсқада жөнелтіледі.

Бүгінгі таңда медициналық әлеуметтік сараптама қызметін модернизациялау қажеттілігі туындауда. Бұл ең алдымен мүгедектікті және жұмысқа қабілеттілікті жоғалтудың деңгейін анықтауда белгілі бір жаңа өзгерістерді қажет етеді. Медициналық әлеуметтік сараптаманы жүргізудің реабилитациялық бағытын да жетілдіру қажет. Бұған қоса, бизнес процестерін автоматтандыруды дамыту барысында мемлекеттік қызмет көрсетудің ашықтығы, қолжетімділігі және мүгедектік тобын анықтаудағы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапалылығы да ескерілуі керек.

Негізгі мақсат медициналық-әлеуметтік сараптама қызметін жетілдіру, нақты айтқанда аталған мемлекеттік қызметтің сапасын, объективтілігін және қолжетімділігін арттыру, сол сияқты, жемқорлық тәуекелділігін төмендету болып табылады. 2021 жылдың қазанында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»Заң өз күшіне енді. Осының арқасында медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде мынандай оң өзгерістер болды.

  • Баланың денсаулығындағы ауытқушылықтар мен өмір сүру дағдысындағы шектелулер есепке алына отырып, 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу жүргізілді. Бұл шара көрсетілетін реабилитациялық және әлеуметтік көмекте тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. І және ІІ топтағы мүгедек балалардың аурудың зардаптарына байланысты жәрдемақылары 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін өсті. Бұл шара Ақмола облысында мүгедектіктері бар 2000 баланы қамтыды. Мұндай шешім дамыған елдердің прогрессивті озық тәжірибесіне сай келеді.
  • Жұмыс жағдайында мүгедектік алған адамдарды, егер жұмыс берушінің өз міндеттерін орындайтындай мүмкіндігі болмаса, мемлекет есебінен сауықтырудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз ету жөнінде жұмыс жүргізілді. Осы заң қабылданбай тұрып, жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның қызметі тоқтатылса, онда бұл міндеттемелер мемлекетке өтеді. Мұның ішінде кәсіпорын жұмысы тоқтап қалған кезеңде ТСР алу мүмкіндігінен айырылған адамдар мен банкроттылық процедураларын өткізу кезеңіндегі адамдар да бар. Іс жүзінде банкроттылық процедурасы бір жарым жыл жүргізілуі мүмкін. Аталған кезеңде өндірісте мүгедектік алған адам реабилитациялық техникалық құралдардан тыс қалады.
  • «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес бүгінгі таңда сырттай куәландыруға көшу жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттілікті жоғалту деңгейін немесе қажетті әлеуметтік қорғау шараларын анықтау» жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Аталған пилоттық жобаның тізіліміне сырттай куәлендіру жүргізілетін 12 нозологиялық бірлік (ауру түрлері) енгізілген. Мұндайда шешім пациенттің қатысуынсыз электрондық форматта келіп түскен медициналық құжаттардың негізінде  эксаумақтық принцип бойынша қабылданады. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін интеграциялау арқылы шешіліп отырады. Аталған модернизациялауды енгізу мынандай мүмкіндіктерге қол жеткізеді:

-медициналық әлеуметтік сараптама жүргізуді жетілдіру, адамның өмірлік тыныс-тіршілігіндегі шектеуліліктерді анықтау барысында субъективизмді болдырмау, мүгедектің өмірлік тыныс-тіршілігіне кедергі келтіретін ауруларды автоматтандырылған есеп арқылы анықтау принциптерін енгізу.

-денсаулық сақтау мекемелерінің ақпараттық жүйелерінен объективті мәліметтерді алу есебінен мүгедектікті белгілеу барысында субъективизм мен жемқорлыққа бейімділікті болдырмауға күш салу.

-техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы қозғалыс құралдарын таңдауды автоматтандырған режимде іске асыру.

Міне, заңдағы осы өзгерістер алдағы уақытта мүгедектердің күнделікті жүріп тұру және басқа да қажетті сұраныстарына белгілі бір жеңілдіктер әкеледі деген сенім бар.

Нұрлан ШЕРИЯЗДАНОВ,

Еңбек, әлеуметтік  қорғау және көші-қон комитетінің

Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары.   

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар