Әдебиет әлеміндегі демалыс

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын ұйымдастыру – бұл кітапханалық қызметтің де дәстүрлі бағыты. Жазда барлық кітапханалардың басты міндеті – мүмкіндігінше мектеп оқушыларын кітап оқу сияқты мағыналы демалыспен қамту, олардың ой-өрісін кеңейту, шығармашылыққа, қарым-қатынасқа, табиғатты құрметтеуге үйрету, кітапқа деген сүйіспеншілікті арттыру.

8 маусым күні «Қазақстандағы балалар жылы» аясында Көкшетау орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасы қалалық саябақта «Әдебиет әлеміндегі демалыс» атты ашық аспан астындағы кітапхана акциясын  ұйымдастырды.

Шараға  Көкшетау қаласының  №10 жалпы орта  білім беретін мектебі мен  №5 көппрофильді «Таңдау» гимназиясының бастауыш сынып оқушылары қатысты. Кітап мерекесіне жиналған сүйкімді қонақтарымызды Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы, ақын-журналист Қайырбай Төреғожа құттықтады. Қаламгер балаларды  ақылына ақыл қосып, адамгершілікке тәрбиелейтін өмірдің рухани байлығы – балалар әдебиетімен дос болуға шақырды.

Әдебиет әлеміндегі демалыс күні  балдырғандарға өте ерекше көңіл-күй сыйлады. Оқушылар ертегі кейіпкерлері қойған викториналық сұрақтарға жауап беріп, ойлау қабілеттерін шыңдады. Жұмбақтар шешіп, қызықты ойындар ойнады. «Сүйікті кітабымның кейіпкері» атты асфальтта сурет салу сайысына қатысты. Кішкентай оқырмандарымызды «Кітапты сүйіп оқы, көңілге түйіп оқы!» тақырыбындағы кітаптар көрмесі күтіп тұрды.   Көрмеде заманауи техникалық мүмкіндіктермен жабдықталған  CD, 3D кітаптар, ұлы адамдардың даналық сөздері,  балаларға арналған әдебиеттердің озық үлгілері ұсынылды.

Қалалық ақпараттық кітапхана жүйесі директорының міндетін атқарушы Әсел Смағұлова балаларды мерекемен құттықтап, белсенділер мен  сайыс жеңімпаздарын мадақтамалармен марапаттады. Әр балдырғанға «Балапан»  журналы сыйға тартылды.  Сурет сайысының бірінші орын иегері, №10 жалпы орта білім беретін мектебінің 2 «б» сынып оқушысы  Томирис  Темірбаева салған суретін сипаттап тұрып, бірден сүйікті қаласы Көкшетау туралы өлең шығарып барша қауымды таң қалдырды. Іс-шарада ерекше көзге түскен Томирисқа «болашағың зор болсын!» деген тілекпен Қайырбай Төреғожа ағамыз өз кітабын сыйлап, жылы лебізін білдірді.

Балдырғандар бұл күні бос уақыттарын тиімді өткізіп қана қоймай, әр түрлі тақырыптарда жаңа мағлұмат алып үлгерді. Осы шараға демеушілік көрсеткен «DODO PІZZA» сауда мекемесіне, басқа да қолдау танытқан әріптестеріміз бен әдіскерлерімізге алғысымызды білдіреміз.

Бақытжан Айдосова,

Көкшетау орталық қалалық балалар

 және жасөспірімдер үлгілі

 кітапханасының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар