Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сыны мен сыры бөлек бапкер - АРҚА АЖАРЫ

Сыны мен сыры бөлек бапкер

Бапкер – спорт пен тәрбиені,  ұстаздық пен біліктілікті ұштастырып жүрген маман иесі. Тек күш пен ғана сыналмай, артынан ерген ізбасарларына үлгі болар тұлға. Сыны мен сыры жоғалмаған мамандықтың қашанда болсын орны бөлек. Еліміздің мақтан тұтып, биікке көтерер, рухы биік  ер-азаматтары қаншама. Сондай тұлғалардың бірі – Қазақстанның спорт қайраткері, самбодан КСРО спорт шебері, тәжірибелі жаттықтырушы – Мәулет Амантаев. Өз дәуірінде, боз кілемнің шаңын шығарып, талай жарыстарда суырылып көзге түскен спортшы. Қазіргі уақытта шәкірттері талай жарыста оза шауып, жеңімпаз атанған бапкер-жаттықтырушы.

1950 жылы 17 тамызда қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы,  Уәлиханов ауданы, Қаратал ауылында дүниеге келген. Арғынның Қанжығалы руынан шыққан азамат. Бөгенбай бабасының ерлігін бүгінгі  күнгі насихаттаушысы. 1967 жылы орта мектепті аяқтаған соң, Семей педагогикалық институты  тарих факультетінің студенті атанды. Мектепте күреске әуестенген жасөспірім институт қабырғасында жүріп, талай биік шыңдарды бағындырған. 1968 жылы Қазақстанның жастар арасындағы чемпионы атанған. Омбы қаласында өткен Бүкілодақтық турнирде 4 орыннан көрінсе, Душанбе қаласында өткен турнирдің қола жүлдегері. Қарағанды қаласында  1977 жылы өткен ел чемпионатында 2 орынға ие болып, «КСРО спорт шебері» атағын алған. Еңбек жолын Қарағанды облысының Егіндібұлақ елді мекенінде  бастап,  1971 жылдан Көкшетау қаласының  «Динамо» ерікті спорт қоғамында жаттықтыру қызметімен айналысты. Кейін осы еңбек жолын Көкшетау қаласының «Әулет» балалар орталығында жаттықтырушы қызметімен жалғастырған.

Бөгенбай батырдың ұрпағы – бүгінгі күннің мақтаны. Сонау заманнан бабамыздан мұра болған, ерлік пен батырлықтың символы, төл өнердің қаймағын бұзбай, күні бүгінге дейін насихаттап жүрген білікті спорт қайраткері.  Спортты жанына серік етіп, жас балаларды спортқа баулу жаттықтырушының 51 жылдан бері өзімен бірге келе жатқан сүйікті ісі.  Жауырыны жерге тимеген спортшы сонау 1970 жылдың өзінде өресі биік,  болашағынан зор үміт күткен спорт тарланы болса, қазір еліміздегі спорттың дамуына үлесін қосып жүрген спорт майталманы. Сілеті өзенінің бойында, тай-құлындай бірге тебісіп өскен қатарластарымен күрестің барлық түріне машықтанған. Қазақ күресінен бөлек, самбо, дзюдо сынды спорт түрлерімен айналысты. Мәулен аға:

–Еліміздегі спорттың болашағы мені толғандырады. Дәстүрлі спортты кейінгі ұрпаққа насихаттап, шымыр да, белсенді ұрпақ тәрбиелеп, күреске баулуымыз қажет. Қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеріп, өзге мемлекеттерге танытуымыз керек. Ер жігіттің бойынан табылуы керек қасиеттер мен өнегелі істер – спортшының басты қаруы. Сүйіспеншілік пен мейірімділік балалармен қарым-қатынас жасаудағы жаттықтырушының ең жақсы қасиеттері, –  дейді.

Төлеухан Әміржанов, Қанат Ахметов сынды бапкерлерден тәлім алған Мәулен Нүрпейісұлының жеке жетістіктерінен бөлек, шәкірттерінің де жетістіктері аз емес. Ғабит Мүсірепов айтқандай: «Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойыңды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе» Бала кезінде қызығушылығы оянып, кейін сол істің нағыз шебері атану – кім-кімге болсын зор бақыт.

Жүгі ауыр жауапкершілікпен ел сенімін ақтап, талай жарыстарда жеңіске жеткен Мәулен Амантаев Көкшетау қаласының мақтан етіп, үлгі тұтар азаматы. Көп жылғы еселі еңбегінің жемісі бүгінгі таңда «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағын иеленуінен де жақсы байқалады. Кәсіби шеберлігін шыңдап, ұстаздық жолында аянбай еңбек етіп, елінің қалаулысы болған бапкер артынан ерген шәкірттерінің жетістіктері бүтін бір елдің  мерейін өсіруіне тілектеспіз.

                                                                     Жұлдыз АҒЫБАЙҚЫЗЫ,

                                    Л.Н Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің

                                                                         2 курс студенті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар