Біздің генерал

Ел тәуелсіздігінің алғашқы қалыптасуы туралы ой толғағанда ең әуелі өзім ат салысқан іргелі тарихи оқиғалар, жадымызда сақталып қалған соны соқпақтар еске оралары заңдылық қой.

Өткен отыз жылда қазақ елінің мемлекет ретінде қалыптасу кезеңі толықтай аяқталып, осы аралықта мемлекеттік деңгейдегі ел мүддесін көздеген кейбір күрделі мәселелер оңынан шешілді деуге әбден болады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жалпы жұртпен бірдей ел мүддесін  қолдап, әлеуметтік салада аянбай еңбек ете білдік.

Кешегі Кеңес Одағынан қалған зейнетақы жүйесі кәсіпорындардың қорға аударған жарнамаларының есебінен құрылатынын ескерсек, зейнетақы төлейтін қаржы бір кезде құрдымға кетті. Сөйтіп, бұл жүйеде үлкен дағдарыс басталды. Жергілікті жерлерде зейнетақы төлеу берешегі біртіндеп молынан қордалана бастады, алдағы берешектің өзі жылға дейін созыла түсті. Зейнетақы есебінен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар тарату уақытша ғана сәл тыныс беретін амалсыздың күні еді.

Ал, 1997 жылдың 20 маусымында ҚР Жоғарғы Кеңесі елімізде зейнетақымен қамсыздандыру заңын қабылдады. Бұл заңға сәйкес бұрынғы жүйе түбегейлі өзгертіліп, жинақтаушы жүйеге ауысып, көп деңгейлі бағыт межеленді. Осы заңға сәйкес 1997 жылдың 4 шілдесінде Мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы (МЗТО) ашылып, облыстарда филиалдары, облыс аудандары мен қалаларында бөлімшелері құрылды. Осылайша жергілікті жерлерде тәуелсіз мемлекеттің төл жаңа мекемелері уақытпен үндесе жұмыс істей бастады. Көкшетауда да сол 1997 жылдың қараша айында қалалық бөлімше ашылғаны ресми түрде жарияланды. Жаңа мекеме өз жұмысын қажетті кадрлармен жабдықтаудан бастады. Он екі маман, бар-жоғы жалға алған үш компьютермен 1998 жылдың қаңтарынан бастап қаланың 19 мыңнан астам зейнеткеріне республикалық бюджеттен зейнетақы төлеуді бастадық. Сол жылы зейнетақы мен жәрдемақыны және арнайы жәрдемақыны төлеуге және тағайындауға барлық құжаттарды қабылдап, есеп-қисабын жүргізу міндеттері жүктелді. Көкшетау қалалық бөлімшесінің елге қиын кезеңде қызмет еткен мамандары алғашқы күннен бастап, жаңа жүйені қалыптастырып, оның нығаюына бар біліктілігін, күш-жігерін жұмсады. 1999 жылы Ақмола облыстық филиалы Көкшетауға ауысқанда осы мамандар облыстық филиалдың негізін қалаушылар қатарына қосылды. Жергілікті мекемелерден ауысқан жас мамандар да бұл іске өз үлестерін қосты. Қазір олардың көпшілігі қатардағы зейнеткерлер.

Сол кездегі күнделікті жұмыстан бір мысал: 2001 жылы қабылдауға кішірек, бір аяғының кемдігі бар ма, таяққа сүйенген Жантукин деген зейнеткер келді. Есімін ұмыттым. Зейнетақысы мардымсыз, ең аз деңгейдегі зейнетақы екен.

–Мына қолмен 43 жыл трактор, комбайн айдадым ғой, неге менің зейнетақым ең төмен? – дейді.  1995 жылдары совхоздар ыдырап, трактор, комбайндар қаңтарылып, Жантукиндер күзет-мүзетте жүрген кез. Жаңа заң бойынша сол жылдан (1995) бастап, зейнетақы тағайындауға еңбекақы есепке алынды. Оны түсінгісі де келмейді, ең сорақысы, үйдегі жеңгең «Ошақ басында отырған менімен бірдей сенің пенсияң» деп күнде құлаққа жағымсыз әзілін айтады дейді. Әйтеуір, 2003 жылы қайта есептеуде ол кісінің зейнетақысы әжептәуір өсті. Алайда, талайлары сол төменгі деңгеймен қалды. Жұмысымыз осындай бір қарағанда, қарапайым, бірақ, өмірдің ерекше күрделі күнкөріс мәселелері жиі кездесіп жатты. Соларды мемлекет биігіндегі саясаттармен сабақтастырып, тамырын басып түсіндіре білу біздердің, бөлімше мамандарының іскерлігі мен жауапкершілігінде еді.

Тәуелсіздікпен тетелес дамып, туған еліне қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан менің әріптестерім, МЗТО-ның мамандары өздерінің адал да абыройлы еңбектері арқылы жаңа бір төл мекеменің жұмысын жандандырып, мыңдаған ардагерлерге, мүгедектерге, аналарға, тағы сол сияқты мұқтаж жандарға қызмет етумен болды. Көп жағдайда көзге байқала бермейтін іс-әрекеттері арқылы тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктетуге үлес қосты,  әлі де қосуда. Олардың қажырлы еңбектерін осындай тарихи кезең, 25 жылдық мерейтойларында өзгеге үлгі етсек, несі айып?! Сол мамандардың ішінен осы мекемеде Майгүл Жақанова мен Жанар Ержанованы ерекше бөле-жара айтар едім. Әрбір күресте жеңіске жеткенде әлбетте, бірінші алғыс қолбасшыға ғой. Бізде де облыстық филиалда К.Әмірин, С.Жақыпова білікті басшылар болды.

Ал, орталықта жадымызда қалған білікті басшы Алмас Құрманов нағыз генерал. Әскерлік иерархияда ең жауапты, кең тараған атақтар, осы генерал мен старшина ғой. Біреуі стратегиялық, болашақ міндеттерді арқаласа, екіншісі, күнделікті тұрмыс-тіршілікке жауапты. Орталықтың басшысын орысша «генеральный директор» деп атайды. Бұл тектен-тек емес. Бізде бастапқы кезеңде олар жиі ауысып, аттары есте қалмапты. Сол кездері қысылтаяң жағдайдағы біздерге орталықтан қамқорлық мардымсыз еді.

Алмас Құрманов келгеннен кейін жағдай түзеле бастады. Жаңадан соңғы модельді компьютерлер мен кеңселік керек-жарақтар молайды. Ең бастысы, алға қойылған міндет – орталықтандырылған бірыңғай электрондық базаны құру ісіне жұмылдық. Бұл жөнінде Қарағанды облыстық, қалалық, филиалдары озық шығып, үлгі көрсете бастаған. Солардан тәжірибе алуға бірнеше рет барғанмен, өзгеріс мардымсыздау болатын. Орталық аппарат басшылары озық тәжірибені тарату мақсатында барынша қолдау көрсетіп, аудан, қала бөлімшелеріне мол әдістемелік көмек көрсетті. Осылайша 2003-2005 жылдары әр бөлімше, филиал ортақ іске өз үлестерін қосып, мақсат орындалды. Алымшылардың бірыңғай орталық электронды базасы құрылды. Қазіргі тілмен айтқанда, цифровизацияланды. Содан бері дами келе, бұл жаңа мекеме ғасырға тең тарихы бар мекемелермен иық түйістіріп, алға да шыға бастады. 2012 жылы МЗТО-ның 15 жылдығы аталып, сол мерекелік жиында ардагерлер тобы Құрманов генерал деп овация жасады. Бұл кенеттен туған құбылыс емес, көкейде көптен жүрген алғыс, ризашылық еді. Қазір де «генерал» деген қызмет атағы көп, бірақ,  нағыз генералдар санаулы. Қабілеті «старшина» деңгейіндегілер де баршылық.

Бүгінгі күні МЗТО «Электрондық үкімет» корпорациясы құрамындағы беделді мекеме. Корпорация басшылығы, жергілікті әкімдер МЗТО-ның 25 жылдық межесіне ықыласпен көңіл бөлсе, құба-құп. Бірге істеген ардагер әріптестерімді, бүгінде осы істі алға жалғастырып жатқандары үшін шын жүректен құрметтеп, құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, істеріңізге сәттілік тілеп, көк туымыз тұғырында желбірей берсін деймін.

Қадіржан ӘУБӘКІРОВ,

Көкшетау қалалық

МЗТО бөлімшесінің

1997-2007 жылдар аралығындағы басшысы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар