Киелі Көкшетау – қазақтың көне тарихында

Қазақтың тарихы мен мәдениетінде Көкшетау елі мен жерінің алатын орны ерекше. Табиғаты өзгеше осынау аймақ айналасына сонау ерте кезден-ақ белгілі. «Киелі Көкше жері», «Жер шоқтығы Көкшетау», «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»  –  таңғажайып өңіріміздің қосарлы атаулары. Аймақ орталығында атақты Көкшетау тауы орналасқан. Ертеден келе жатқан тарихи өлкенің «Көкше» атауы  Қазақ даласының керемет әсемдігінің белгісі болып келген.

Қазақтың ұсақ шоқысы – Сарыарқаның орталығында орналасқан Көкшетау тарихи-географиялық аймағы қазіргі Қазақстан аумағының оннан бір бөлігін алып жатыр. Аумақтық тұрғыдан оған, бұрын Көкшетау облысының құрамына кірген, еліміздің екі облысының аудандары жатады. Бұл Ақмола облысының солтүстік бөлігі, қазіргі Бурабай, Зеренді, Біржан сал аудандары және Солтүстік Қазақстан облысының бес ірі ауданы: Айыртау, Ақжар, Уәлиханов, Мүсірепов, Тайынша. Жоғарыда аталған «Жер шоқтығы Көкшетау», «Киелі Көкше жері» қосарлы атауының астарында Қазақстанның солтүстік өңірі жатыр.        

Қасиетті Көкшетау – бүгінгі Қазақстанның табиғи бренді. Көкшетау таулары: аты аңызға айналған Оқжетпес пен Жұмбақтас, Жетісудағы Алатау, солтүстік Тян-Шан мен Көлсай, Керекудегі берекелі Баянауыл, Сарыарқа-дағы киелі Ұлытау, оңтүстігіндегі айбынды Түркістан, батысындағы айбынды Маңғыстау және шығысындағы биік таулы Қазақ Алтайымен қатар еліміздің ірі туристік кластерлерінің бірі болып табылады. Көп қырлы «Көкшетау» ұғымы ұлттық топоним, гид-роним, оронимдер, фитонимдер, тіпті жеке есімдерді де біріктіреді.

Көкшетау таулары Қазақстандағы ең көне таулардың бірі екені белгілі. 1 мың метрге жуық жоғарыға ұмтылған Көкшенің ең биік шоқысының құрметіне тарихи өлкеге осы атау берілді. Көкшетау қаласының маңынан, яғни, аймақ аумағынан табылған ежелгі жыныстардың ең үлкен блогы «Көкшетау антиклинорийі» деген атау алды. Олардың жасы халықаралық сарап-шылардың пікірінше  2,5 миллиард жылға жуық!

Бірнеше жыл бұрын Ұлытауда болған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының басқа мүшелері сияқты, осы жолдардың авторына Кетбұға жырау туралы кітап сыйға тартылған болатын. Кітаптың кіріспесінде және «Бабадан қалған асыл сөз» алғысөзінде ортағасырлық Еуразияның орасан зор кеңістігінде мекен еткен Ұлы Дала өркениетінің түркі ұрпақтарына арналған «Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын!» шығармасы ұсынылған. Кейінірек мұнда шыңғыс – әлем патшасы үстемдік ете бастады. Кетбұға жырау (1185-1260) шығарманың ерекшелігі «Көкшетау» сөзінен басталуында! Онда:

«Көкшетауды селдер жуса, көркі кетер, сақ болғын,

Көсемдерің елді алдаса, көш бұзылар, сақ болғын…

Ынтымақсыз болған елден ырыс кетер, сақ болғын.

Бірлігі жоқ Алашымнан Қыдыр кетер, сақ болғын…» деген керемет сөздер бар.

Бұл шығармада ортағасырлық автор Ұлы Дала Елінің болашағын өзінше түсіндіреді және ұрпақтарын адамзат тарихының ағымында сақ болуға шақырады. Ол өз шығармасын таңғажайып, қайталанбас Көкшетаудың сұлулығын сақтап қалу қажеттілігінен бастайды. Болашақ көшбасшыларды әділ болуға, бірігуге шақырады, оның негізгі ойының өзегі Тәуелсіздікке қол жеткізу еді және ол ғасырлар өткен соң жүзеге асырылады. Ежелгі қазақ жерінде Қазақ мемлекеттілігі қайта жанданды.

Осылайша, XVIII ғасырда тарихи Көкшетау Абылайдың хан ордасына айналады (1711-1781). Хан ордасы – Көкшетау! Дәл осы жерде ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беретін қазақтың басын қосып, ешкімге бодан қылмай, азат етті. Кейін Тәуелсіздікке қол жеткізеді. Жас болғанымен аты шығып үлгерген Абылай сұлтан Қазақ хандығының солтүстік өңірін басқару үшін Көкшетауға келеді.

Қалыптасқан жаңа геосаяси жағдайда Кіші жүз ресейлік бодандық шарттына қол қойғаннан кейін солтүстік және шығыс шекараларды нығайту өткір мәселелердің бірі болды. Белгілі ғалым Зарқын Тайшыбайдың пікірінше, әкімшілік-аумақтық реформалар жүргізу және Қазақ мемлекетінің шекарасын нығайту мақсатында Сәмеке хан Тәуке ханның саясатын жалғастыра отырып, 1733 жылы жаңа әкімшілік аймақтар құрады. Көкшетау өңірін басқаруға Абылай сұлтан тағайындалады, оның немере ағасы Сұлтанмұхаммед Керекуге жіберіледі, ал Абылайдың шөбере ағасы Құдай-менді Қостанай-Тобыл бағытына жіберіледі. Осылайша, тағайындалған жас сұлтандар, қазіргі тілмен айтқанда, әкімдер өңірлерді басқаруға кіріседі. Көп ұзамай Абылай Орта жүздің, кейін бүкіл Қазақ хандығының билеушісіне айналады.

Ханның шын есімі – Абылай Мұхаммед Баһадүр сұлтан. Әбілмансұр есімі жазба деректерде кездеспейді. Бұл Абылайдың соғысы кезінде қарсыластары тарапынан берген лақап аты. «Әбіл-әл-Мансұр!» араб тілінен қазақ тіліне  аударғанда «Жеңімпаз!» дегенді білдіреді. Бұл Абылайдың қазақ әскерлерінің жоңғарларға және Қытай Цин империясына қарсы әскери жорықтардағы жеңістерімен расталады. Ханға жас кезінде бекітілген тағы бір лақап аты «Сабалаққа» келетін болсақ, моңғол тілінде «Сабалах» жауынгер, батыр дегенді білдіреді. Жас сұлтан бұл құрметті есімді өз кезегінде батыс моңғолдары болған жоңғар қарсыластарынан алған болатын.  /З. Тайшыбай. «Абылай атын ардақтап». Оқу құралы. П., 2014 ж./ «Батыр» әскери атағы ұрыстағы жеке ерлігі үшін және әскери іс-қимылдарды шебер басқарғаны үшін берілгені белгілі. Абылайдың күрделі балалық шағы туралы қалыптасқан пікірге қарамастан, құрметті Зарқын Тайшыбаймен кездескенімде, ол болашақ билеушінің ақсүйектер ортасында, туыстарының қолында тәрбиеленгенін, жақсы білім алғанын, әскери өнерді және болашақ көшбасшыға қажетті басқа да дағдыларды жетік меңгергенін айтты.

Профессор Қадыржан Әбуевтің «Абылай хан. Замандастары мен мұрагерлері» монографиясында хан туралы өте дәл жазылған: «Абылай хан Қазақ тарихының айтулы тұлғасы, сондықтан, тарихшылардың әрбір жаңа ұрпағы оның тұлғасына жүгініп, қайта-қайта өмірдің жаңа сын-тегеуріндеріне жауап іздейтін болады және нәтижесінде табады. Абылай ханның мемлекеттік қызметі және оның дәуіріне қатысты Қазақстан тарихының бірқатар мәселелері жеткілікті зерттелмеген».

2012 жылдан бастап біз «Хан ордасы – Көкшетау» тақырыбын ғылыми зерттеумен айналысудамыз. Хан ордасының тарихи Көкшетауда орналас-қандығын XVIII-ХІХ ғасырлардағы мұрағаттық деректер дәлелдейді. 2013 жылы осы жолдардың авторы зерттеу барысында Абылайдың хан ордасы кешенінің орналасқан жерін, бүгінгі күнге дейін сақталған тас іргетасын анықтады. Екі жыл өткен соң, 2015 жылы мен тапқан деректе белгілі ғалым Ә.Марғұланның Көкшетау облысының басшысы Е.Әуелбековке сырымбеттегі кешен жайында ресми хатында, Абылайдың бас ордасы «Ханның Қызыл үйі» атауымен кездескен болатын. Бұл мұрағаттық құжат зерттеудің дұрыстығын тағы да растай түсті.  2017 жылғы «Рухани қазына» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты республикалық конференцияда осы жолдар авторының баяндамасын К.Ақышев атындағы Археология институтының директоры М.Хабдулина қолдады. Ол болашақ ғылыми жаңалықтың маңыздылығын атап өтті.  Ендеше,  «Хан ордасы – Көкшетау» жобасын іске асыру үшін мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да қаржылық қолдау қажет. Өлкенің және өз елінің тарихына бейжай қарамайтын барша жаннан дер едім.

ХVІІІ ғасыр деректерінде «Абылай ханның қара жолы», «Хан жолы» ұғымы кездеседі, бұл дегеніміз, солтүстік өңірді Қазақстанның оңтүстігімен байланыстыратын сауда, керуен жолы: «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан».  Егер семантика туралы айтатын болсақ, ғалымдардың пікірінше, қазақтарда қара түс көптеген мағыналарға ие, оның ішінде қасиетті, киелі деген ұғымдарды да қамтиды. Бейнелеп айтқанда, бұл жол Көкшетаудан Түркістанға дейінгі «Абылайдың киелі жолын» білдіреді. Елді жарты ғасыр бойы басқаруы барысында негізгі ғұмырын Абылай хан Көкшетауда өткізген немесе оның атақты шөбересі, ғалым Шоқан Уәлихан жазғандай: «Сүйікті Көкшетауда!». Мұнда Абылай хан құрылтайлар, халықаралық кездесулер, Қазақ мемлекетін, шекарасын сақтау үшін әскери жиындар өткізген. Көптеген оның ұрпақтары Көкшеде өмір сүрген және өмір сүреді. Ұлы ханның халықаралық саяси сахнадан кетуіне байланысты Қазақстан мен Орталық Азия тарихында «Абылайдың алтын ғасыры» деген атпен белгілі дәуір де аяқталды.

ХІХ ғасырдағы әлемдік тарихтағы ең ірі отаршылдыққа қарсы соғыстардың бірі, атақты хан ұрпағы – Кенесарының есімімен байланысты.  Қазақтың тұңғыш «Алаш» саяси партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, қазақтың соңғы ханына мынадай жолдар арнады: «Жылдар өте ұмыт боп көне сарын, Даңқымды жұтты бүгін неге сағым?! Даланың еркін жортқан көк бөрісі, мерт болды Кенесарым… Алайда оның рухы тірі мәңгі, Елім деп еңіреген мұңы қалды. Еркіндік сүйіп өскен қазағымның, Темірқызығы болып ол тұрып алды…» /орысшадан қазақ тіліне аударған – Мерген Тоқсанбай, Көкшетау, 2022 жыл/. Көкше-Бурабайда аты аңызға айналған, халық арасында «Кенесары үңгірі»  атауына ие орын бар. Бұл үңгірдің ежелгі атауы «Көкшетау үңгірі».

ХІХ ғасырдан қазіргі ғасырға қайта оралсақ, ХХ ғасыр ішінде әкімшілік-аумақтық реформалар бірнеше рет жүргізілді, Көкшетау өңірінің жерлері Қазақстанның басқа облыстары сияқты ондаған рет қайта құрылды, атаулары ғана емес, шекаралары да өзгерді. Жалпы, Көкшетау тарихи-географиялық аймағы өз шекарасы шегінде қалды, оның аумағында Көкшетау облысы құрылды. Тарихта бұл жарты ғасырлық кезең. 1868-1928 жылдары Көкшетау уезі деп аталатын әкімшілік-аумақтық бірлік болған, 1824-1868 жылдары Көкшетау дуаны, бұрын Қазақ хандығы, Ұлы Түркі өркениеті дәуірінде – Көкшетау болды.

Осылайша, қисынды сұрақ туындайды: неге Көкшетау облысын қалпына келтірмеске? Көкшетаудың тарихи-географиялық аймағы ежелден бері белгілі. Бірнеше жыл бұрын бағы жанған ежелгі Түркістандағыдай әділеттілікті қалпына келтірсек жеткілікті. Бұл аймақ облыс мәртебесіне ие болды. Енді тарихи Көкшетау үшін кезек келді! Шынында да, ХХ ғасырда елу бес жыл бойы бір аттас облыс болды. Сонымен, Ұлытау және Жетісу өңірлеріне жаңа мәртебе беру бойынша әкімшілік реформаларға байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы аясында менің айтқым келетіні: дәл қазір ежелгі Көкшетау өңірін жаңғырту мәселесі өзекті болып табылады.

Көкшетау облысын өзінің тарихи аймағының шекарасы шегінде қалпына келтіруге барлық күш-жігерді жұмсайтын уақыт келді.

                                                                           Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар