Мешіт іргесіндегі үй

Үйінің іргесінен жаңа мешіт салынатын болып, қазығы қағылғаннан бастап ақ Ермұраттың көңіліне бір қобалжу енген-ді. Үй арасында үй жоқ. Темекі тартқалы балконға шықса болды, жүріп жатқан қызу жұмыс алақандағыдай көрінеді. Тіпті, құрылысшылардың «ананы әпер, мынаны беріп жібер» деген дауыстарына дейін ап-анық естіледі. Сенбі-жексенбі сырттан келіп, «сауап үшін» деп ақысыз-пұлсыз көмектесіп кететіндер қаншама. Балаларын, немерелерін ертіп әкеліп, құлшына қимылдап, күн ұясына қона бір-ақ қайтады. Балаларының қолтықтауымен келіп, үйілген тақтай, әлдебір қораптың шетіне отырып, Құран оқып, бет сипап, қол ұшын бере алмаса да Жаратқан Иеден мешіттің тез салынуын  тілейтіндер көп. Облыс әкімі, қала әкімі он сан адам нөкерлерін ертіп , ақыл-кеңес айтысып, қайта-қайта келгіштейді. «Ашылуына Елбасының өзі келетін көрінеді» деген де әңгіме естіліп жүр. Қысқасы, жаңа мешіттің ашылуына Көкшенің үлкенді-кішісі, басшы-қосшысы түгел жұмылған. Демек, бітпей қоймайды, бітеді бұл ғибадат орны. Көп кешікпей алтынды мұнараларын күн сүйген зәулім мешіт үй іргесінен есігін айқара ашпақ. Сонда бұл қайтпек? Осылай темекісін шегіп, балконнан қарап тұрмақ па? Бұл да мұсылман баласы емес пе? Жасы болса алпысты иектеді… «Мешіт- Алланың жердегі үйі» дейді екен, Алланың үйінен аттап жүре бермек пе? «Жақсыдан-шапағат» демекші, тозығы жетпесе де, күтім болмағасын сұп-сұр қалпы күйі кетіңкіреген бұл тұратын көп қабатты үйдің сыртын жаңғыртып әктеп, айнала асфальттап, гүл егіп, көлік тұрақтарын кеңейтіп, әп-сәтте құлпыртып жіберді. Керемет ғимараттың сиқына нұсқан келтіріп, сәнін бұзбасын, келімді-кетімді қонақтардан ұят деген шығар.

Кеңес заманында тәрбиеленді, сол кезеңнің оқуын оқыды, білімін алды. Өзгелер секілді бұл да атеист болды, шылымды үйреніп, ащы судан ұрттады. Коммунисте қандай арман болмақ? Берілген тапсырманы, жүктелген міндетті атқарып, коммунистік партия идеяларына адал болса болды –дағы. Сонда коммунизмге жетпек. Ал коммунизмге жетсе… Ол партия өмірі мызғымастай, ешқандай жау алмастай мығым, нық көрінетін. Анау жылдары күн астында қалған қардай жылымси еріп, жоқ болды. Адам сенбестей…Басында бұл кімге сенерін, нені мақсұт тұтарын білмей, іштей дағдарған. Іле көппен бірге өзге мақсұт-мұраттың бәрін жиып қойып сауда-саттықпен айналысып, дүниенің соңына түсті. Күн-түн қатып жүріп, біраз қаражатты басып та үлгерді. Жұрт қалталыны ғана сыйлайтындай көрінген. Ара-арасында өзі сияқты алып-сатарлар жиылып, той-томалақ өткізетін, байлық айтысып, бөсетін. Кімді қалай алдап, кімді қалай сан соқтырып, зар қақсатып кеткендерін мәлімдеп, ішек-сілелері қатысатын. Осы мешіт салына бастағалы қатарлары сирей берді. Әуелі біреуі, сосын екіншісі тәубасына келіп, намазға жығылуға дайындала бастады. Жинала қалғанда бұрынғыдай рөмкені төңкере көтеріп, сілтей ішу ретсіз болып, дарақы күлкі де келіспей барады. Көбі осы маңайдың жігіттері еді: «Ертең мешіт ашылып, үйімізге азан дауысы естілгенде, қалай ұйқы соғып жатамыз?» деп мұсылмандық жолға үй-ішімен түгел түсуге бет бұрды. Қонақтықтарын да арақсыз өткізбек. «Онда мен несіне барамын?» дер еді, ол әзілі бәтуасіздік болар деп, тартынып қалды.

…Ермұраттың балконға шығып, темекісін тістегені сол еді, азан басталып кетті. Өн-бойыңды шымырлатар, тау бұлағындай тап-таза үн. Жас адамның дауысы. «Менің дауысымды естіп тұрсың ба, қандай тамаша!» деп әртістерше өз дауысына өзі масаттанып, мақтанып тұрған жоқ. Әдемі де қарапайым үн. «Мына күйбең тірлікті қойып, бір сәт Аллаңа сыйынып, амандығыңды сұрасаңшы» дегенді еске салып, намаз уақытын хабарлап қана тұр. Бұл шырпысын не жағарын, не жақпасын білмей тосылып қалған. Жан-жақтан машиналар ағылып келіп жатыр, жүгіре басқан жандар…Оларға бажайлай қарап, ойға бөкті. Келмейтін адам жоқ екен. Анау бір жас жігіт облыстағы әлдебір тексеру мекемесінің бастығы, не орынбасары. Мына біреу белгілі актер, ана жігіт те бір басқарманың бастығы ғой… Соңғы уақытта бұрын өзі мүлдем хабарсыз діни тақырыптарға жазылған мақала, кітаптарды оқи бастаған. Ғажап!..Түк білмейді екен-ау!…Бір мезетте бүкіл дүиенің мұсылманы бір бағытқа, Құбылаға қарап намаз оқып, Алладан тілек тілейді екен. Мұсылмандықтан бейхабар айдаладағы бір физик ғалымдар сол адал ниет, ізгі тілек, ақ пейілді толқынның бір нүктеде тоғысып,  кері  иесіне үлкен киелі қуат болып оралатынын жазыпты. Өз мекенінде дәл уақтында шақырылатындықтан Жер бетінде азан мүлдем үзілмей жалғасып отыратын көрінеді.Орыстан Пушкиннен бастап, Толстой, Бунин, немістен Гете мен Бисмарк, тағы басқалар мұсылман дінінің, Құран қағидаларының ешбір кемшіліксіз, мұсылмандықтың дүниенің ұйтқысы екендігін айтыпты. Ғасырлар бойы ешбір өзгеріске түспеген мәтін осы Құран ғана екен. Бүгінгі ғалымдардың ондаған жылдар бойы зерттеп ашқан жаңалықтары Құраннан табылып жатады. Сандар сиқырын зерттейтін ғалымдар жариялаған жаңалық та ерекше. Басқа бір батыстық сарапшылар әлемдегі ең танымал адамның компьютер тетігін қалай басса да Мұхаммед пайғамбар болып шыға бергеніне қайран қалыпты. Мұхит пен теңіздің түбіне сүңгіп, жаңалық іздеген Кусто да онысының бәрі Құранда жазылып тұрғанын біліп, жағасын ұстапты. Сондай оқиғаға тап болған Жапонияның бір топ ғалымы мұсылмандық қабылдапты . Германия бағындағы құбылаға қарап сәжде қалпында өскен қайыңдар ше? Теңіз түбіндегі балық құйрығындағы «Алла» деген жазу. Айта берсе, хикмет толып жатыр. Ұлы Жаратқан өзінің барлық әр тұста білдіріп тұрады екен ғой. Тек соны су қараңғы, тас кереңдей тапыраңдап жүріп өзі сияқтылар ескермейді екен…Коммунистік қоғам мұның бірде-бірін айтпай, қайта дін ұстанғандарды «ескіліктің сарқыншағы» деп мазақ ететін. Екіленіп бұлар да күлді-ау!..Ұят-ай! Обал-ай!..«Ол кітап аспаннан қалай жерге түсе қалады?» деп білгірситін. Ермұрат қолындағы сигаретті  сығып қап, қашан езіп жібергенін де байқамады. Бетінен оты шыққандай.

Ауыр ойдан мешіттен сыртқа беттеген көпшілік оятты. Бұл табаны еденге желімделіп қалғандай қозғалыссыз әлі тұр. Көптен бөлініп, оқшауланған  үш-төрт жігітке көзі түскенде тіксініп қалды.  Мына біреулердің жүріс-тұрысы тым өрескел. Әбден толысқан сары қарын бәйбішелер. Намаздан шыққандарды қаға-соға ішке ұмтылды. Жолға шығар алдында садақа тастамақ-ау.Ақ, сарыға боялған, дудыраған шаштарын орамал астына жасыра алмай әлек.. Орысша шүлдірлесіп, жұлқынып барады.

«Машинаңды неге көлденең қоясың? Не, сенен басқа кісі кісі емес пе, братан?» деген бір жігіт, екіншісіне жеп қоярдай кіжініп жетіп барды. Жаңа ғана мешіттен шықты дей алмайсың. Жанжал мен төбелеске дайын тұр. Анау да жығыла қояр жуас емес. Үлкендер, жә қойыңдар деген соң ғана басылды. Бұлар да әлі ата діннің қадір-қасиетін терең ұғына қоймағандар. Бұл сырттай қарап тұрып: «Осылар мешітке сән үшін, жұрт көрсін деп қана келе ме немене?» деп ойлайтын. Бір топ болып келеді, шыға бере айтатын әңгімелерінің ауаны басқа. Неге мешітке бірыңғай иманды, кішіпейіл, қанағатшыл, әдепті адамдар ғана келмейді екен? Анау бір шоғыр жігіттің неге жүздері суық, неге олардан өзгелер аулағырақ жүруге тырысады?..Неге жаңағы жастар мешіттен шыға бере ашуға алдырады, менмендік, тәкәппарлыққа жеңдіреді?..Мемлекет зайырлы. Бірақ, азаматтарына қандай  дінді болсын ұстануға еркіндік беріп отыр. Соны пайдаланып, ата дініне бас иіп, Алласына сыйынып, қоғамының қызметін істеп, емін-еркін жүре бермей ме? Неге кейбірі арғы пиғылдары беймәлім, жат ағымдардың жетегіне ереді екен? Оны білікті ғалымдар діни сауатсыздықтың, надандықтың салдары дейді. Солай болса, солай шығар. Әй, бұл адам шіркінді қойсайшы!..Коммунистердің қыл бұрауы қалтыратып тұрған кезде өз дініне зар болып еді, енді өзінікін қойып, жарыққа ұмтылған ессіз көбелектей өзгенің түсініксіз әлеміне жүгіреді. Сосын, адаспай қайтсін?..Үй бұрышындағы дүкен жанында үш қаңғыбас керілдесе бастады. Араққа жиған тиындары жетпей бірінен-бірі көруде. Айналадағы адамдардың бары- жоғынан хабарсыз. Таяқ тастам жерде мешіт. Оны қайтсін?.. Шақырымнан шалынар сасық иістері мүңкіп, бірін-бірі балағаттап, зірк-зірк етеді.

Ойы әрілеп, сан-саққа тартқан Ермұрат үйі іргесіндегі мешітке барып, намазға  тұрған өзін елестетті. Тақуа, бөтен ойы жоқ, қарапайым бір пенденің жанына тұрар еді. Дәретін қатесіз алып, намазын мүлтіксіз оқып, оразасын ұстап, ешкімге міндетсімей, соған қол жеткізгеніне риза боп жүрер еді-ау!..Қаншама жеңілдік!…Бәрі ниетте емес пе? Ниеттенсе –үйренер. Осылай ойлағаны мұң екен, жүрегіне әлдебір жылылық тарағандай, кеудесін қуаныш кернегендей болды. Әзір ешкімге айтпай-ақ, аяттарды өз бетімен оқып, көңілге тоқи берсін, одан арғысын көрер. Уысында мыж-мыжы шыққан сигаретін күлсалғышқа тастап, қолын қаққан ол, балкон есігін ашып, ішке аттаған. Манағы, темекі тартуға шыққан Ермұрат емес, үйге басқа бір адам кіріп келе жатқандай еді. Әйелі мен немересі оған таңырқай қарап қалыпты. Өзгерісті өзі де сезіп келеді. Бұл не хикмет?…

                                                                           Серік Жетпісқалиев

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар