Ақмола облысында жақын арада зығыр сабанынан жоғары энергетикалық, экологиялық таза био отынөндіретін Орта Азияда теңдесі жоқ завод ашылатын болды. Осы завод іргетасына капсул салу шарасына Зеренді ауданына келіп Германияның Қазақстандағы өкілі Моника Иверсен мен болашақ өндіріс орнын жабдықтармен қамтамасыз ететін «Amandus Kahl» холдингінің басшысы Йоахим Берманндар қатынасты.
Бұл жобаны «Armandas Star» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Завод экологиялық тиімді бағыттағы қатты отын пайдаланудан қол үзу жөнінен ақмолалық бизнестің бастауында тұрған кәсіпорын болмақ. Өйткені, жобаның мақсаты бүгінгі таңда қазақстандықтар керексіз қылып егістік алқаптарда жылына екі миллион тоннасын жағып жіберіп жатқанмайлы зығырдың сабанын пайдаға асыру. Себебі, зығыр сабаны ашық аспан астында шірімей ұзақ жылдар жата береді. Оны тыңайтқыш ретінде қолдану да мүмкін емес. Ұсақтап, туралғанның өзінде ол қатты қалпын сақтайды.
«Болашақ завод еш жерде пайдаланылмайтын шикізатты қалай өңдеп, пайдаға асыруға болатынын дәлелдейді. Ол өнім әртүрлі салада отын ретінде немесе мал астына төсеуге болатын қиыршықтар түрінде болады.
Пеллеттер – экологиялық таза энергия көзі. Ағаш пен көмірдің орнын басады. Тіпті, қызу беру жағынан олардан асып түседі. Аталмыш жоба қазір әлемде тиімді бағыттардың бірі болып саналады. Ал, Қазақстан өте көлемді алқапқа егін егетін ел. Басқаша айтқанда, сіздердің бұл бағытта қол жеткізер табыстарыңыз орасан» деп атап өтті холдинг жетекшісі Йоахим Берманн. Германиялық қонақ ашылатын кәсіпорын болашағына тоқталып, жаңа технологияның және жас мамандар даярлаудың көшбасшысы болатынына сенім артты. Заводтың біздің өңірде салынуының да мәні бар: зығырды ең көп егетін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Жоба жетекшісі Аягөз Әбдрахманованың айтуынша завод қысқа уақыт ішінде салынып,ағымдағы жылдың қараша айында іске қосылмақ. Жаңа завод 150 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, жылына 70 мың тонна дайын өнім шығаруды жоспарлап отыр.
«Бұл өнімге сұраныс та көп. Қазірдің өзінде Дания, Германия, Англия сияқты елдерге осы өнімді жеткізу туралы меморандумдарға қол қойылған. Жақында Жапоноядан да сұраныс түсті. Дегенмен, тек коммерциялық емес, экологиялық бағыт басымдыққа ие. Біз қоршаған ортаға зиянды қалдықтардың шығарылмағанын қалаймыз. Оның үстіне бұл жоба жасыл желекті орманды отамауға сеп болады. Біз келер ұрпақтың таза ауамен дем алғанын қалаймыз» деп ой бөлісті А.Әбдрахманова.
«Тек алдымызға табиғатты қорғау бағытында ірі жобаларды жүзеге асырғанда ғана біз оның өзгерісіне оң ықпал ете аламыз. Біз бұл бағыттағы жұмыстарымызды жалғастыра береміз»- деді елші Моника Иверсен.
Сөйтіп, жаңа қажетті құрылыстың басталуына жол ашылды. Ал, үлкен іске ұйтқы болған қонақтарға құрмет көрсетіліп, иықтарына қазақтың шапаны жабылды.
Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.