Сессияда мемлекеттік тілге басымдық берілгені қуантты

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының ХХҮ сессиясын ашып, жүргізіп отырды. Онда «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі»күн тәртібімен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді жүзеге асыру бойынша қабылданатын іс-шаралар барысы талқыланды.

Сессияға Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының мүшелері толық қатысты. Аудандардың, Степногорск және Қосшы қалаларының әкімдері, Ассамблея мүшелері сессия жұмысына онлайн режимде қосылды. Күн тәртібіне сәйкес Ассамблея сессиясы әдеттігедей Әнұраннан басталып, одан соң Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен сессиядағы ауқымды жобалар талқыланды. Яғни, онда сайлау жүйесінің реформалары, «Ұлттық құрылтай», этносаясат, этномедиация, әлеуметтік желілер, бүкілхалықтық референдум, Жаңа Қазақстан сынды  бірқатар  ауқымды мәселелер бар. Осы ретте облыстық ассамблея төрағасы  осы бастаманың барлығы елдің жарқын болашағының басты кепілі екендігіне сенім білдірді.

–Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында тарихи өзгерістер орын алды. Еліміз саяси жаңару жолына түсті. Саяси реформалардың алғашқы күндерінен бастап, Ассамблея оларды алға жылжытудың маңызды әрі сенімді ресурстарының бірі болды. Қазақстан халқының бірлігі мерекесі қарсаңында дәстүрлі түрде өткізілген Ассамблеяның ХХХІ сессиясы тақырыптық алаңдарда кең және ашық талқылау форматында еліміздің тарихында алғашқы рет өткізілді, –деді Ермек Боранбайұлы.

Мемлекет басшысының осы үндеуінен кейін елде жаңа құбылыс пайда болды, яғни жалпы халықтық референдум ұйымдастырылды. Саяси науқанға өңір тұрғындарының 82 пайызы қатысып, қолдап дауыс берді. Президент көтерген тағы бір өзекті мәселе –этносаралық саладағы түйткілді жағдайлар. Бүгінде бұл бағытта ағартушылық жұмыстарын күшейту маңызды. Сол себепті әр аймақта ассамблея жанынан ғылыми-сараптама тобы құрылған. Ал, біздің аймақтағы осы топ мүшелері этносаралық саладағы проблемалық мәселелерді және өзекті үрдістерді терең зерделеу бойынша жұмыстарды бастап кеткен.

–Қазірден тобымыздың отырыстары кеңейтілген форматта өткізілуде. Айта кету керек, осындай кеңейтілген отырыс ағымдағы жылы 5 мамырда өтіп, оған этномәдени орталықтардың өкілдері шақырылып, бүгінгі күні қоғамда, оның ішінде нақты Ақмола облысында қордаланған әлеуметтік-экономикалық және мәдени-ағартушылық мәселелер талқыланып, ұсыныстар жасалды, –деді баяндама барысында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топтың төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов.

 Жаңа бастамаларға сәйкес тың деректер мен ақпарат көздері күн санап көбейіп келеді. Десе де, ақпараттарды мемлекеттік тілде кеңінен таратуға екпін түсірген абзал. Осы өткір мәселені Ел Президенті қадап тапсырған болатын. Айталық, бүгінде облыс бойынша мемлекеттік тілдің мәртебесі асқақтап, өрісі кеңейіп келеді. Бұған өзге ұлт өкілдері де жұмыла атсалысуда.

–Менің бала кездегі арманымның бірі – жоғары оқу орнына түскеннен кейін қазақ тілін оқытатын курс ашу болатын. Осы арманым орындалып, курс ашқаныма жарты жылдан артық уақыт болды. Курсқа қатысушылардың ұлты мен жасына қарамай, мемлекеттік тілді оқып үйренуге деген ниеттеріне орай жүргізіледі. Сабақ беріп жатқан уақытта оқушылардың сөз байлығының жетіспеуі, үй тапсырмасын түсінбеуі, қазақ тілінің көптеген заңдылықтарын жетік білмеуі сынды көп қиындықтар мен мәселелер кездеседі. Қазір менің 11 оқушым бар, әрбіреуімен мен жеке-жеке жұмыс істеймін.  Оқушыларым алғашқы нәтижесін 1-2 айдан кейін көрсете бастады, –дейді мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығының мүшесі Милана Тарасова.

Сондай-ақ, жиын барысында Ассамблея жанындағы Аналар кеңесінің жұмысы мен жоспары талқыланды. Одан бөлек, облыстық Ассамблея құрамына жаңадан 9 адам қабылданды.  Осылайша, олардың саны 109-ға жетті. Ассамблея мүшелеріне Ермек Маржықпаев осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нақты жобаларды жүзеге асыруды жүктеді.

Осы жолғы Ақмола ассамблеясының сессиясында баяндамашылардың басым бөлігі мемлекеттік тілде дайындалып келіпті, бұл да бір жақсылықтың нышаны деп білеміз.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

Суреттерді түсірген  ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар