Барлық жерде шешімін тілеген мәселелер бірдей

2022 жылдың мамыр-маусым айларында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жұмыс сапарымен болып, халықпен есеп-беру кездесулерін өткізді. Кездесулер барысында ол алдымен облыстың өткен жылды, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айын  қалай қорытындылағаны, мемлекеттік  бағдарламалардың орындалу барысы туралы баяндады. Одан әрі сол үлкен жиын үстінде көпшілік сұрақтарына жауап беріп, одан соң тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Әкімге кіріп, арыз-шағым, ұсыныс-пікірлерін айтушылардың ұзын санын санап, дәп басып айтудың өзі қиын шығар.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру-бәрімізге ортақ міндет» деген болатын. Міне, әкім іссапарлары Президенттің осы тапсырмасын орындаудың шын үлгісіндей көрінді бізге.

Әрине, облыс әкімінің халықпен өткен кездесулері дер кезінде облыстық телеарналардан көрсетіліп,газеттерге жазылды. Хабардың кешікпеуі, кездесу мазмұнын тезірек жеткізу үшін кей сәттерде мәтіндер қысқаша,асығыс та жарияланған  шығар. Ауқымды жиынды, әкімге келіп, кіріп жатқан жүздеген адамның сұрақ-сауалдарының бәрін сол кез тізбектеу мүмкін емес еді. Тіпті, бұл жолы да олай ете алмаспыз. Дегенмен, бұл өңір басшысының халық үніне құлақ асуының, айтамын деген әр азаматтың сөзін тыңдауының  көрінісі еді. Аудандарға барлық облыстық басқармалар басшылары да шақырылып, қатыстырылған болатын. Өңір басшысы тұрғындар қойған бірқатар сұрақтар бойынша осы басқармалар басшыларын орындарынан тұрғызып, сол бойы жауап бергізіп, аяқ астынан шешіліп жатқан мәселелер де көп болды. Енді бірде басқарма басшыларына өз саласы бойынша арызданушыны залдан басқа кабинетке ерітіп барып, сөзін аяғына дейін тыңдап, мәселенің анық-қанығын әбден анықтап, сосын оңға шешуді жүктеді. Тұрғындар билік өкілдеріне талап-тілектеріне еш тосқауылсыз жете алатындықтарына риза көңілде болды.

Көптеген ауыл тұрғындарын ауыз су, жол, жарықтандыру, жайылым және шабындық жерлердің жетіспеуі, өзен-көлдердің қорғалуы, пайдаланылған карьерлердің ашық қалуы, мәдениет ошақтарының жұмысы, медпункттердің жоқтығы мазалайды. Осыған орай, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының,облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық мәдениет басқармасының, облыстық денсаулық сақтау департаментінің басшыларына бағытталған сұрақтар көп болды. Кейбір шырғалаңы көп даулы мәселелерді шешуге арнайы комиссиялардың келетін күні кесілді. Мысалы, жер мәселесі бойынша облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдіхалықов төрағасы болып табылатын, құрамында құқық қорғау орындарының жауапты қызметкерлері, арнайы мамандар бар салиқалы комиссия құрылған. Шешуі күрделі жер мәселесі жөнінде аудан, ауылдарға осы комиссия келіп, тексеру, анықтау жүргізбек.

Әкім есебі Қосшы қаласынан басталған-ды. Енді ғана құрылған бұл шағын қаланың өзіне тән проблемалары шаш-етектен болып шықты. Бұрын үйлер қожайыны жөн көрген кез-келген жерден салына берген. Сол кезде рұқсаты берілген, заңды болып есептелген. Енді бұл қаланың астанаға таяу, жолға жарты-ақ сағат уақыт шығындап,  барып-келіп жұмыс жасауға қолайлы екендігі алдыңғы кезекке шығып, тұрғындар саны күрт көбейіп, соңғы 10 жылда 11 есе өскен. Қазір 60 мың халық тұрады. Тұрғындардың аса шұғыл көбеюі қала дамуын үлгертпей, істелген істерді ойлағандай көрсетпеуде. Көшелері түзу, жолдары төселіп, жарықтандырылған қалаға қол жеткізу үшін көптеген үйлердің құжаттарын қайта рәсімдеп, жер телімдерін зерттеп, көп мәселені сот арқылы шешуге тура келеді. Әзірге, шет қалған, шоғыр-шоғыр үйлерге жол да, басқа коммуникация желілерін де жеткізу оңай болмай тұр. Шет үйлерге қысқы уақытта жедел жәрдем көлігі де жете алмайды. 40-тан астам үй бір бүйірде оқшау қалып, қиындық көруде. Ондай қағыс көшелерде жол да, жарық та жоқ. Жолсыз көшелерге автобустар қатынамайды. Целиноград ауданы мен Қосшы қаласының жерлерін бөліп, анықтау да созылып барады. Бұл даулы үйлердің мәселесін шешуге кері ықпал етіп тұр. Көктемде қаланың кей бөлігі суда қалады. Қалдық тастайтын жәшіктермен де қала толық қамтылмай отыр. Дем алып отырар саябақ, скверлер жоқ. Көшеде қараусыз мал, қаңғыбас ит көп. Негізі астанаға барып-келіп жұмыс жасаушылар өздерінің Қосшының тұрғыны екенін түйсініп, оның тазалығы мен көркіне, күнделікті тыныс-тіршілігіне жанашыр болуы керек-ақ.

Міне, бір Қосшының өзінде қысқартып айтқанда  осыншама проблема бар. Алайда, тұрғындар қаланы дамыту бойынша жасалып, қолға алынып жатқан жұмыстарды жоққа шығармайды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 2 мектеп, 1 балабақша  салынбақшы. Емхана да жақында ашылмақ. Бұл мемлекет бюджетіне салынатын ғимараттар болса, бір кәсіпкер өз қаражатына 1 мектеп салып бермекші. Шетте қалған үйлер, көшелер рәсімделіп, бас жоспарға кіргізіледі, жер телімдері бойынша келіссөздер жүргізілуде. Қосшыға «Сергек» бейнекамералары да қажет.

Целиноград ауданының тұрғындары Нұра өзенінің, оның аңғарының экологиялық жағдайына алаңдаулы. Жиырмаға тарта ауылдың берекесін келтіріп, іргесінен ағатын өзен суы  таязданып, лайланып барады. Оған себеп сол маңайдағы карьерлер. Жолдарды да сол карьерлерден тас тасыған ауыр көліктер бұзуда. Су жинайтын мұнараның тозығы жеткендіктен, су қысымы төмен.

Есілдіктер өздеріне тосыннан тап келген  «ұйқы ауруының» әлі түпкілікті зерттеліп бітпегеніне елегізулі. Залалды жерде тұрып, зардап шеккендер өтемақы төленгенін, Есіл қаласынан тұрғын үйлер берілуін қалайды. Жарқайың ауданындағы Державинск қаласы ауыз судан тапшылық көргендіктен, үлкен жоба қолға алынған. Жаңа бу қазандығын орнату қолға алынды, инженерлік желілер де жөнделмек.Мұндағы ауылдарға көмектің бәрін тізбелемегенде су жүйелері мен жолдарын  жөндеуге қоса, Уәлиханов ауылында 20 миллион теңгелік спорт алаңын салу жоспарланған. Мұнда тек инвестиция тарту жөнінен олқылық бар. Медицина саласында маман тапшы. Дәлірек айтсақ, 11 дәрігер жетіспейді.

Сандықтау ауданындағы Балкашин кентіндегі орталық қазандықтың  қазандықтары мен  жабдықтары тозған, қаңғыбас иттер балаға да, үлкенге де қауіп төндіріп тұр. Атбасарда қала көшелері жөндеуді қажет етеді. Ауданның егістік алқаптарына қырдың құба жонында жосылған киіктер залал келтірейін деп тұр. Жақсы ауданының тұрғындары да жолдарының жақсара түскенін қалайды. Қорғалжындықтар қорыққа келіп, қоқиқаздарды тамашалап, көл-суларынан балық аулап, жерін қопарып, байлығын әкетушілердің өлкенің тазалығына, экологиясына зиян келтіріп кетуіне өкпелі. Пайдаланылып болған соң, карьерлер ашық күйінде қалады. Бала-шағаға да, малға да қауіп. Дәл осындай ахуал Аршалы ауданында да орын алған. Кәсіпкерлер карьерлерін ашық-шашық күйінде тастап кетуде. Өзге аудандардағы сияқты, Ерейментау ауданы ауылдарының тұрғындары да мал жаятын жер қалмағанына қиналыс білдірді. Жол салуды жоспарлаушылардың табиғи су көздері, бұлақ көздерінің қиылып, бітеліп қалмауын, жоспарды жер жағдайын ескере отырып жасауларын ескертті. Бардан айырылу жөн емес. Керісінше, дала сулары көздің қарашығындай сақталуы керек. Біржан сал ауданында да сол –мал жайылымы тарылған, ауыр жүк көліктері салынған жолдарды бүлдіруде…

Сонымен, өңір басшысының халыққа есеп беру кездесулері, жеке қабылдауларының бәріне дерлік қатыса жүріп, не естідік, не білдік? Алдымен, облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы соңғы жылдары едәуір жақсарған. Үлкен қалаларды былай қойғанда, ауыл көшелеріндегі жолдар жөнделіп, жарықтандырылуда. Ескі мәдениет үйлері жөнделіп, мектептер салынып, балабақшалар ашылуда. Тіпті, кейбір ауылдарға керемет денешынықтыру және сауықтыру кешендері, спорт алаңдары салынуда, тұрғын үйлер тұрғызылуда. Егістік алқаптарда көпқызметті күрделі техникалар атқарып жүр. Әр ауданда  тауарлы-сүт фермаларын ашу қызу қолға алынған. Қаншама бу қазандықтары жөнделген. Өңірде жаңа зауыттар, кәсіпорындар ашылуда. Тағысын-тағы өскендікті көрсетер өрелі істер толып жатыр.

Соған қарамастан, барлық аудандарға ортақ, шешімін табуы тиіс олқылықтар да бар. Кейбір аудандар мамандары атқарылар істің сметалық құжаттарын дайындауда орашолақтық танытып, кешіктіруде. Сөйтіп, бөлініп тұрған қаржыдан қағылып, жұртын күттіріп қойып жүргендер бар. Ауыл іргесіне дейін жерлері кәсіпкердің қолында кетіп, қорадан малын шығара алмай, аңтарылған ағайын көп. Ұлан-ғайыр жерді иеленген қазақтың мал жаяр жерге зәру болып қалуы – үлкен мәселе. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жерді оңды-солды таратып, рәсімдеудің, тәжірибесіздіктің немесе заңды белден басудан, білмегендерді бос уәдемен тойдырып, қол қойғызып алудан туындаған қиындық. Енді бұл мәселемен  облыста құрылған арнайы  комиссия айналыспақ.

Карьер мәселесі де күйіп тұр. Кәсіпкерлердің өнім өндіруі, жұртты жұмыспен қамтамасыз етуі дұрыс. Бірақ, олар неге келісім-шарттарындағы уәделерін орындамайды? Неге тас-топырақтарын өзен-көлге түсіреді, неге үңірейтіп орындарын тастап кетеді? Одан алып жатқан кварц сияқты кендерінің адам денсаулығына зиянын ойлап, залалсыздандыру жұмыстарын неге жүргізбейді? Сол кен алушылар ауыр көліктерімен тұрғындар үшін жаңа салынған тас жолдарды бүлдіріп, жарамсыз етуде. Мемлекеттің мол қаржысына салынған ол жолдарды сақтаудың мәселесін неге ешкім ойламайды? Оларды қайта жөндеп, тағы шығын шығару жөн бола ма?

Қолайлы баспаналардың жоқтығынан кейбір аудандардан жас дәрігерлер, мұғалімдер кетіп қалуда. Ауылдардан жастардың кетуі мектептерде балалардың азаюына әкеп соқтырып, ауылдың тарап кетуіне себеп болуда. Осы үрдісті тоқтату жедел қолға алынғаны жөн. Бұралқы иттерді ату уақытша тоқтатылғандықтан, елді мекендер, қалалар көшелерінде босып жүрген қаңғыбас иттер тұрғындарға қауіп әкелуде. Қызыл кітапқа енген киік көбейіп, енді ел ырысы – астықты алқапқа қауіп төндіруде.

Міне, осындай-осындай барлық аудандарға ортақ мәселелерді құлақ естіп, көз көрді. Әрине, тұрғындар  ол мәселелердің шұғыл шешілуін күтеді.

                                           Серік Жетпісқалиев,

                                 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар