Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына келіп, Степногорск қаласындағы, Біржан сал, Бурабай аудандарындағы агроөнеркәсіптік кешендердің қызметімен танысып, облыс орталығында бірнеше кездесулер өткізді. Мәртебелі мейманмен өңір басшысы Ермек Маржықпаев бірге болды.
Мемлекет басшысы Қ.Ж.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықтың табысын арттыру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама индустрияландырумен және экономиканы әртараптандырумен, кәсіпкерлікті дамытумен ұштасатын өнімді жұмыспен қамтуды іске асыруға бағытталған.
– Қазір біз ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін арттырып, тұрақты жұмыс орындарын құруымыз керек. Біз жұмыстың басталғанын көріп отырмыз, – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов өз сөзінде.
Соңғы бес жыл ішінде аграрлық-өнеркәсіп кешені саласында 2,2 триллион тенге көлемінде 500-ден астам инвестициялық жоба іске асырылмақ, жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен 500 мыңнан астам адам қамтыды деген сөз.
Өз кезегінде өңір басшысы Ермек Маржықпаев облыста осы бағытта нақты жұмыстар жүргізіліп жатқанына тоқталды. 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, оның ішінде 5 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орны болса, жалақы 22 пайызға артқан. Мәселен, кооператив басшысы Баймақова «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы грант алып, 2020 жылы Ақмола облысының Қарабұлақ ауылында «Ауылдың дәмі қалада – Балкондағы сиыр» жобасын іске қосты.
Жалпы, жоба бойынша табиғи өнімдерді тұтынғысы келетін қала тұрғыны өз ақысына сиыр сатып алып, оны бағу үшін ауыл тұрғынына береді, ал ол сиырды күтуге – тамақтандыруға, суаруға, саууға және жаңа сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Сондай-ақ, Премьер-Министрдің орынбасары Степногорск қаласындағы «Ар-ай» өндіріс кооперативінің жұмысымен танысты. Бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына жұмыс орындары мен волонтерлік көмек ұсынылады. Мысалы, «Ар-ай» кооперативінде бірінші кезекте көп балалы отбасыларға жұмыс орындары ұсынылады. Бүгінгі күні көкөніс өсірумен көп балалы аналар айналысады: олардың қатарында бес баласы бар ана, ерекше қажеттіліктері бар бала тәрбиелеп отырған ана және екі баланы асырап отырған жалғызбасты ана бар.
– Бізге азық-түлік қажет, оларды әдетте дүкендерден сатып аламыз. Қала тұрғындарының аз бөлігі ғана жаңа піскен көкөністерді тікелей бақшадан, ал сүтті тікелей «сиырды сауу» арқылы алады. «Балкондағы сиыр» жобасы – бұл дүкендер мен көптеген делдалдарды айналып өтіп, жаңа, экологиялық таза сүт өнімдерін алуға мүмкіндік беретін жоба. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде біздің өнімдерді Степногорск қаласының тұрғындары сатып алса, елордалықтар да өнімнің сапалығына сенімді, – дейді тәжірибесі мол мал дәрігері, жоғарыда аталған жобалардың және «Ар-ай» ӘКК жетекшісі Гүлмайра Баймақова.
Жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Степногорск қаласында көкөністерді өсіруге мамандандырылған «Жылыжай технологиялары» ЖШС, тірі балықтарды көбейту мен жануарларға, құстарға, балықтарға арналған витаминді және минералды қоспаларды өсірумен айналысатын «Прогресс-Агро» ЖШС, сондай-ақ, Біржан Сал ауданында құлпынай және көкөніс отырғызатын кәсіпорындардың қызметімен танысты. Одан әрі Бурабай ауданында орналасқан «Абдрахманов» жеке кәсіпкерлігі құрама жем зауытының сүт-тауар фермасына барды. Заманауи сүт-тауар фермасы 2015 жылы жеке кәсіпкер Болат Әбдірахмановтың бастамасымен іске қосылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл сайын ірі қара мал саны артып келеді. Олар үшін табиғи көкөніс қоспалары бар арнайы тамақтану режимі бекітілген. Фермердің айтуынша, симментал және монбельяр тұқымды ірі қара мал әкелінген.
– Қазіргі таңда фермада 500 бас ірі қара және 109 бас жылқы өсірілуде. Бастапқыда 200 болды, кейінірек олардың санын ұлғайту керек екенін түсіндім. «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша Агрокредит корпорациясы арқылы 88 миллион теңге несие алып, оған Чехиядан 96 бас ірі қара малын сатып алдым. Биыл «Ырыс» бағдарламасы бойынша тағы 53 бас әкелуді жоспарлап отырмыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Одан кейін Ералы Тоғжанов Көкшетау қаласындағы сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорында да болды. Баршамызға белгілі «Гормолзавод» елдегі ең дәмді балмұздақтың бірін өндірумен ғана емес, сонымен қатар, басқа да сапалы сүт өнімдерімен де танымал екені даусыз. Өткен жылы зауытта сүт қышқылды және тұтас сүт өнімдерін шығаратын жаңа цех іске қосылды. Сонымен қатар, Ақмола облысындағы денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен де танысты. Мәселен, Степногорск қаласындағы «Viamedis» ЖШС филиалы 2020 жылы Степногорск қалалық емханасымен сенімгерлік басқаруға беру жөніндегі МЖӘ шартын жасасқан. Оның жобалық қуаты бір ауысымда 1020 келушіге арналған. Емхана жалпы тәжірибелік жеті учаскеден, 20 терапевтік және 15 педиатриялық учаскеден тұрады. Степногорск қаласының, сондай-ақ, жақын маңда орналасқан Ақсу, Заводской, Бестөбе кенттерінің, Қарабұлақ, Степногорское, Қырық құдық, Изобильное, Бөгенбай ауылдарының тіркелген тұрғындарына алғашқы медициналық–санитарлық көмек көрсетеді. Жалпы, онда 470 қызметкер жұмыс істейді.
Филиал директоры Нұрлан Ахильбековтың айтуынша, қалалық емхана 1980 жылы ашылған. 40 жылда бірде-бір рет күрделі жөндеу жүргізілмеген. «Viamedis» ЖШС-на өтіп, шамамен 1 143 732 062 миллион теңге инвестиция тартылған соң, емхана жаңғыртылды. Бірқатар аурулар бойынша сапалы және жедел диагностика жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа жабдықтармен жарақтандырылды. Халыққа компьютерлік томограф, цифрлық рентген және цифрлық маммограф қызметтері ұсынылады. Жоғары сапалы сәулелік диагностика бөлімшесі ұйымдастырылды. Электрондық кезек енгізіліп және жайлы күту аймақтары жасалған. Әрбір пациентке жеке медициналық көмек көрсететін инновациялық медициналық оңалту бөлімі құрылды. Емханаға тіркелген халыққа қызметтер МӘМС пакеттері аясында тегін көрсетіледі.
«Бүгінгі таңда емханамызда заманауи компьютерлік томография аппараты, екі рентген-аппарат, екі флюорограф, үш УДЗ-аппарат, екі маммографиялық қондырғы, екі видеоэндокопиялық қондырғы, фиброгастроколоноскоптар, кольпоскоп, гистероскоп, BOWA фирмасының екі электрохирургиялық аппараты, екі «Холтер» ЭКГ және АҚ тәуліктік мониторингтеу кешені және тағы басқалары бар», – деді Нұрлан Ақылбеков.
Емхана қызметінде онкологиялық аурулардың алдын алуға, оларды ерте анықтауға және емдеуге ерекше көңіл бөлінеді. Себебі, Степногорск қаласы қауіпті аймақта орналасқан. Жүргізілген жұмыстардың арқасында халық арасында ауруларды ерте анықтау жағдайлары көрініс тапқан.
Айта кету керек, Қазақстанда алғаш рет «Ауыл Аманаты» бағытында «AMANAT» партиясының жетекшілігімен, оқытуды жүзеге асыру үшін бағдарламаны жүзеге асыру аясында Ақмола, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының ауылдық округтерінің әкімдері бастады. Көшпелі семинарлардың негізгі тақырыбы – «Халықтың табысын арттыру мақсатында халықтың экономикалық белсенділігін жоғарылату саласындағы басшының құзыреттілігін арттыру». Облыс орталығында өтіп жатқан семинар сабақтарға қатысқан Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа, ауыл әкімдері өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жан-жақты жауаптар алды.
Премьер-Министрдің орынбасары өңірімізге жұмыс сапарының соңында, медициналық ұйымның жұмысына оң баға бере келе, барлық қабылданып жатқан шаралар мен бастамалар бірінші кезекте халықтың табысын арттыруға және жұмыс орындарын құруға бағытталуы тиіс, деп атап өтті.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.